Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде түркітанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы атындағы аудиторияның ашылу салтанаты өтті.
Оған университет ректоры, академик Ерлан Сыдықов, ғалым-ұстаздар, ғалымның әріптестері, жақын достары, жары Жәлей Әлғалиқызы, шәкірттері, ұрпағы қатысты. Ректор өз сөзінде Қаржаубай Сартқожаұлының өмір жолы мен еңбектеріне қысқаша тоқталып, университеттің ғылыми кеңесінің шешімімен Қаржаубай Сартқожаұлы басқарған Түркология және алтайтану орталығына оның есімі беріліп, ғалымның атында арнайы аудитория ашу туралы шешім қабылданғанын атап өтті.
Жазушы, тарих ғылымдарының докторы Тұрсынхан Зәкенұлының айтуынша, Қаржаубай Сартқожаұлының ғылыми ізденістері негізінде Орхон ескерткіштері толықтай жиналып, реттеліп, оларға жан-жақты ғылыми түсініктемелер жасалып, бұрынғы өткен шетелдік ғалымдар тарапынан кеткен қателер түзетілді.
– Бұрынғы ғалымдар Білге қаған, Күлтегін және Тоныкөк ескерткіштерінің тілдік ерекшеліктерін зерттеуге көбірек тоқталса, ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы ұстазы Сергей Кляшторный салған жолмен оның тарихи аспектілеріне де маңыз берді. Ең бастысы, ол ескерткіштерді тілдік, тарихи тұрғыдан зерттеп қана қоймай, оларды еліміздің мемлекеттік идеологиясының түп негізі ретінде көтерді және насихаттады. Өйткені көне түркі ескерткіштерінде біздің бүгінгі мемлекеттілігіміздің түпкі идеологиялық негізін айқындайтын тағдырлы жазулар жазылған еді. Қаржаубай Сартқожаұлы зерделеген бұл ескерткіштерде бұдан мың жыл бұрынғы ата-бабаларымыздың Түркі елін, мемлекетін баянды ету, оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру, «аз халықты көп қылу, кедей халықты бай қылу», мемлекетті құдіретті ету, сыртқы күштердің бүлдіруінен, арандатуынан сақ болу, ұлттың бірегейлігін, тарихи жадысын сақтау, әрі қарай дамыту, елге қызмет ету, т. б. мәселелер бойынша ең түйінді ойлары көрініс тапқан. Тек мемлекетшілдік туралы сөз қозғаған мұндай ескерткіш ешбір халықтың тарихында жоқ. Қаржаубай Сартқожаұлының көне түркі ескерткіштерін толықтай іргелі зерттеуі, оларды жинап, атлас түрінде жарыққа шығаруы – отандық түркология ғылымына қосылған аса бағалы, қайталанбас еңбек. Сонымен бірге ғалымның бұл еңбегі елімізде тарихи сананы қалыптастыруға, ұлттық идеологияны орнықтыруға, мемлекетшілдік сананы бекітуге бірден-бір қызмет етеді, – дейді Тұрсынхан Зәкенұлы.
Аудитория шағын мұражай іспетті. Онда ғалымның экспедиция кезінде және ғылыми-зерттеуде қолданған заттары, жазған ғылыми еңбектері, қолжазба материалдары, қойын дәптерлері, алған марапаттары, өз атына келген хаттары, фотосуреттері, т. б. заттары, сонымен қатар Орхон ескерткіштерінің көшірмелері, көне түркі жазуының магнитті таңбалары, заманауи оқыту құралдары қойылған.