Қазақстан зейнетақы жүйесінің даму деңгейі бойынша әлемнің үздік 30 елінің қатарына енді

Қазақстан зейнетақы жүйесінің даму деңгейі бойынша әлемнің үздік 30 елінің қатарына енді
фото: Астана қаласының әкімдігі

Қазақстан Marsh CFA Institute Global Pension Index 2026 халықаралық зейнетақы жүйелері рейтингінде 55 ел мен аумақтың арасында 29-орынға ие болды. Ел 100 балдың ішінен 64,8 балл жинап, АҚШ, Испания, Қытай, Жапония, Италия және Оңтүстік Кореяны басып озды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz. 

Рейтингті әзірлеу барысында сарапшылар зейнетақы төлемдерінің деңгейін, жүйенің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын, сондай-ақ зейнетақы қорларын басқару сапасын бағалады.

Қазақстан зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығы көрсеткіші бойынша жоғары нәтиже көрсетті. Бұл бағытта еліміз 74,4 балл жинап, әлемде 8-орынға тұрақтады. Аталған көрсеткіш зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді перспективада азаматтарға зейнетақы төлемдерін қамтамасыз ету мүмкіндігін сипаттайды.

Сонымен қатар Қазақстан зейнетақы жүйесін реттеу және басқару сапасы бойынша да жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Бұл санатта еліміз 100 балдың ішінен 83 балл жинап, 19-орынға ие болды.

«Қазақстанның зейнетақы жүйесі әртүрлі табыс деңгейіндегі азаматтар үшін салықтар шегерілгеннен кейін жоғалтқан еңбек табысын зейнетақымен алмастырудың жеткілікті жоғары коэффициентін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ жүйе қызметкерлерді кәсіптік зейнетақы бағдарламаларымен кеңінен қамтуымен ерекшеленеді. Бұдан бөлек, зейнетақы жүйесін реттеу мен басқару тиімді жолға қойылған, оған қатысушылардың құқықтары жоғары деңгейде қорғалған және азаматтарды ақпараттандыру жүйесі жақсы ұйымдастырылған», – делінген сарапшылар қорытындысында.

Marsh CFA Institute Global Pension Index 2026 – әлемнің 55 еліндегі зейнетақы жүйелерін жеткіліктілік, тұрақтылық және тұтастық көрсеткіштері бойынша салыстыратын жыл сайынғы халықаралық рейтинг.