,Астана қаласы әкімдігінің Байқоңыр ауданы бойынша «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында» тағылымы мол, мазмұны терең шеберлік сабағы өтті. Ардагер ұстаз, қаламгер Маржан Бектұрсынқызы ұйымдастырған сабақтың тақырыбы «Тіл. Кітап. Тарих» деп аталды.
Шараның негізгі мақсаты – тіл, кітап және тарих ұғымдарының өзара тығыз байланысын түсіндіру, аға буын өкілдерінің тарихи танымын кеңейтіп, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, ана тілінің қадір-қасиетін тереңірек ұғындыру.
Тіл – халықтың рухани болмысы мен ұлттық жадын сақтайтын ұлы құндылық. Ұлттың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесі, салт-дәстүрі, дүниетанымы мен ойлау жүйесі ең алдымен тіл арқылы ұрпақтан ұрпаққа жетеді. Ал сол рухани мұраны жинақтап, кейінгі буынға жеткізетін маңызды құралдың бірі – кітап.
Кітап – адамзаттың сан ғасырлық ой-тәжірибесін сақтаған рухани қазына. Кітап оқыған адам өткенді танып, бүгінді бағамдап, болашаққа байыппен көз жүгірте алады. Әсіресе тарихи шығармаларды оқу арқылы халықтың басынан өткен кезеңдерді терең түсінуге, ел мен жердің қадірін бағалауға мүмкіндік мол.
Шеберлік сабағында осы үш ұғымның сабақтастығына ерекше мән берілді. Қатысушылар тілдің тарихпен байланысы, кітаптың адам танымын кеңейтудегі рөлі туралы ой бөлісті. Сонымен қатар кітап оқу арқылы тарихи сананы қалыптастыру, алған білімді ана тілінде сауатты әрі әсерлі жеткізу мәселелері қозғалды.
Шара барысында атадан балаға жеткен қасиетті сөздің мәні мен маңызына да назар аударылды. Қазақ халқы ежелден сөз өнерін ерекше бағалаған. «Сөздің құдіреті», «бір ауыз сөзге тоқтау» сияқты ұғымдардың өзі халқымыздың тілге деген құрметін аңғартады. Сондықтан ана тілінің байлығын сақтап, сөздің мәнін түсіну және оны орнымен қолдану – әр ұрпақтың ортақ міндеті.
Сабаққа қатысқан аға буын өкілдері кітап оқудың адам өміріндегі маңызы жөнінде пікірлерін ортаға салып, өзара тәжірибе алмасты. Әр кезеңнің өзіндік тарихы мен тағылымы бар екенін айта отырып, кейінгі ұрпаққа рухани мұраны жеткізудің маңыздылығына тоқталды.