Қоғамдық кеңестер институтының қалыптасқанына 10 жыл толды. Осы кезеңде қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа тәжірибесі жинақталды. Оның нәтижелері, шешілмеген мәселелері мен алдағы міндеттері туралы мемлекет және қоғам қайраткері, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің III және IV шақырылымдарының төрағасы Зұлфухар Сұлтанұлы Ғайыповпен әңгімелестік.
– Қоғамдық кеңестердің 10 жылдық қызметіне қандай баға берер едіңіз?
– Бұл 10 жылды қоғамдық қатысудың жаңа институты қалыптасқан кезең деп бағалаймын. Қоғамдық кеңестер мемлекеттік органдардың жұмысын ашық талқылауға, азаматтардың пікірін ескеруге және қоғамдық бақылауды дамытуға арналған тұрақты алаңға айналды.
Мәдениет министрлігінен алынған мәліметке сәйкес, елімізде 264 Қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Оның 36-сы – республикалық, 228-і – жергілікті деңгейде. Кеңестер құрамына 4 мыңға жуық азамат тартылған, олардың 74 пайызы – азаматтық қоғам өкілдері. Бұл көрсеткіштер қоғамдық қатысудың орнықты институты қалыптасқанын аңғартады. Алайда басты өлшем – тек статистика емес, қоғамдық ұсыныстың нақты шешімге ықпалы.
Әрине, барлық өңірдегі нәтиже бірдей емес. Бір жерде Қоғамдық кеңестің ұсынысы нақты өзгеріске әкелсе, басқа жерде жұмыс ресми талқылаумен шектелуі мүмкін. Сондықтан алдағы кезеңде негізгі өлшем отырыстар мен ұсынымдардың саны емес, олардың нақты нәтижеге ықпалы болуы қажет.
– Сіз Астана қалалық Қоғамдық кеңесіне екі мәрте төрағалық еттіңіз. Сол тәжірибеден қандай қорытынды шығардыңыз?
– Елордадағы жұмыс маған бір маңызды қағиданы көрсетті: Қоғамдық кеңестің беделі атауымен емес, мәселені жан-жақты зерделеуімен, тәуелсіз ұстанымымен және нақты нәтижеге ықпал етуімен қалыптасады. Қандай мәселе қаралса да, қабылданатын шешім Астана тұрғындарының әлеуметтік жағдайына, қоғамдық көңіл күйіне, мемлекеттік институттарға деген сеніміне қалай әсер ететінін бағалауға тырыстым. Өйткені Астана – елорда. Мұндағы әлеуметтік маңызды шешімдердің қоғамдық мәні қала шеңберінен де асып түседі. Мақсат – көпшілікке ұнау емес, барынша әділ шешімге ықпал ету.
Мысалы, 2026 жылы қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару тарифін 250 теңгеден бірден 1250 теңгеге көтеру мәселесі талқыланды. Қызмет көрсетуші ұйымдардың экономикалық қажеттілігін ескермеуге болмайды. Алайда тарифті бірден бес есеге өсіру тұрғындарға ауыр салмақ түсіретін еді. Бірқатар қатысушы тарифтің көтерілуіне тұтастай қарсы болды. Мен оны кезең-кезеңімен өзгертуді, бастапқы өсімді 35 пайызбен шектеуді ұсындым. Кейін мәселе мәслихатта қайта қаралып, тариф 650 теңге болып бекітілді. Демек, бастапқы ұсынылған 1250 теңгелік деңгей қабылданған жоқ. Әрине, түпкілікті шешім мен ұсынған мөлшер бірдей болмады. Бірақ осы талқылау қоғамдық пікір мен әлеуметтік салдарды ескерудің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Бұл тәжірибеден түйгенім: Қоғамдық кеңестің міндеті кез келген бастамаға қарсы шығу да, оны сөзсіз қолдау да емес. Экономикалық қажеттілік пен тұрғындардың мүддесін таразылап, негізді шешім ұсыну. Мен үшін басты өлшем – шешімнің танымалдығы емес, оның әділдігі мен қоғам алдындағы жауапкершілігі.
– Қоғамдық кеңестердің бүгінгі негізгі проблемалары қандай?
– Мен үш жүйелі мәселені бөліп айтар едім.
Бірінші мәселе – ұсынымдардың орындалуын соңына дейін бақылау тетігінің әлсіздігі. Кейде мемлекеттік органның жауап хаты мәселенің шешімі ретінде қабылданады. Ал жауап беру мен нақты нәтиже – екі бөлек нәрсе.
Екінші мәселе – кеңестердің институционалдық дербестігі мен сараптамалық әлеуетін нығайту. Қоғамдық бақылау үшін тек белсенділік жеткіліксіз; кәсіби талдау, ақпаратқа қол жеткізу және тәуелсіз пікір қажет.
Үшінші мәселе – өзгерген қоғамдық-саяси жағдайда қоғамдық кеңестердің басқа өкілді және консультативтік институттармен өзара іс-қимылын айқындау. Мұнда әр құрылымның заңды мәртебесі мен өкілетін сақтау маңызды. Осы үш бағытты заңнама және ұйымдастыру тұрғысынан жүйелі қарастырған жөн.
– Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы қоғамдық кеңестердің қызметіне қалай әсер етуі мүмкін?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында қоғамдық кеңестердің жаңа саяси жағдайдағы орны мен қызметін жетілдіру мәселесіне назар аударды. Бұл бағытты мен қоғамдық қатысу институттарының жинақтаған тәжірибесін жаңа деңгейде пайдалануға мүмкіндік деп түсінемін. Мен Қазақстан Халық Кеңесіндегі қызметімде де қоғамдық кеңестердің дербестігін қолдадым. Бұл – жағдайға қарай өзгеретін пікір емес, тұрақты ұстанымым. Қоғамдық кеңестердің күші – олардың азаматтық қоғам атынан тәуелсіз әрі негізді пікір білдіре алуында. Сондықтан жаңа институтпен ықпалдастық олардың автономиясын шектеуге немесе бір құрылымды екіншісіне бағындыруға әкелмеуі қажет.
Қоғамдық кеңестер жергілікті деңгейде мәселені зерделеп, ұсыным әзірлейді; мәслихаттар оны өз өкілеті шегінде қарастырып, тиісті бақылау тетіктерін пайдалана алады. Ал өңірлерге ортақ жүйелі мәселелер Қазақстан Халық Кеңесінің алаңында талқылануы мүмкін. Мұндай байланыс әр институттың мәртебесін сақтап, ақпарат пен сараптама сапалы алмасуға негізделгенде ғана нәтижелі болады. Мен үшін маңыздысы – қандай да бір институттың беделін көтеру емес, қоғамдық мүддені қорғаудың тиімді әрі әділ тетігін қалыптастыру. Өзара іс-қимылдың тәртібі де осы қағидаға сүйеніп, құқықтық жағынан айқындалғаны жөн.
– Алдағы 10 жылдықта қоғамдық кеңестер қандай бағытта дамуы қажет?
– Президент Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында қоғамдық кеңестердің жаңа кезеңдегі қызметіне қатысты міндеттерді көтерді. Осы тұрғыдан мен екі бағытты ерекше атар едім: «Қоғамдық кеңестер туралы» заңнаманы жетілдіру және олардың жұмысының бірыңғай сапа стандартын қалыптастыру.
Заңнамалық өзгерістер қоғамдық кеңестердің дербестігін, ақпаратқа қол жеткізуін, ұсынымдардың қаралуы мен орындалу нәтижесін бақылау мүмкіндігін нығайтуға бағытталғаны орынды. Ал бірыңғай стандарт кеңес құрамын ашық қалыптастыру, мәселені зерделеу, қоғамдық сараптама жүргізу, негізді ұсыным әзірлеу және мемлекеттік органдармен кері байланыс орнату үшін ортақ сапа өлшемдерін белгілей алады. Сонымен бірге стандарт кеңестердің дербестігін шектейтін немесе өңір ерекшеліктерін елемейтін қатаң нұсқаулыққа айналмауы қажет. Оның мақсаты – жұмыс сапасын көтеру, ашықтықты қамтамасыз ету және озық тәжірибені тарату.
Жаңа саяси жағдайда қоғамдық кеңестер мен мәслихаттардың Қазақстан Халық Кеңесімен өзара іс-қимылы да осы қағидаларға негізделгені маңызды. Қоғамдық кеңес мәселені анықтап қана қоймай, оның себебін талдап, шешу жолын ұсынып, нәтижесін бақылауға ұмтылғанда қоғам сенімі нығаяды. Қоғамдық кеңестердің алғашқы 10 жылы олардың қоғамдық өмірдегі орнын айқындады. Алдағы онжылдық олардың дербестігін сақтай отырып, нақты ықпалын күшейтуімен, ұсынымдарының нәтижесімен және қоғам сенімінің деңгейімен бағаланатын болады деп сенемін.