Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір топ қоғам қайраткерін мемлекеттік наградамен марапаттады. Марапатталғандардың арасында Астана қаласы «Жастар» театрының негізін қалаушы, көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай да бар. Ол «Қазақстанның халық әртісі» атағын иеленді. Президент театр және кино саласында жарты ғасырдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан белгілі режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың төл мәдениетімізді өркендету жолындағы еңбегі зор екенін жеткізді.
Мен осы мақаланы жазбас бұрын көп ойландым. Тұтас ғұмырды өнерге, театрға арнай салу үшін қандай күш керек? Қандай жүрек керек? Өнер адамының болмысы бір ғана қырдан тұрмайды екен. Оның жан дүниесінде барлық күй бар: мейірім де, қаталдық та, сағыныш та, жауапкершілік те. Жүрегі тым сезімтал болғанымен, қажет кезінде талап қоя білетін қайсарлығы тағы бар.
Жұмысқа кіргеніме үш-төрт айдың жүзі болды. Алғашында Нұрқанат ағайдың алдына кіруге жүрексінетінмін. Себебі театр ішіндегі әңгімелердің бәрі оның қаталдығына келіп тірелетін. «Тәртіпті жақсы көреді», «Талабы жоғары», «Жұмысқа салғырттықты кешірмейді» деген сөздерді жиі еститінбіз. Бірақ уақыт өте келе түсіндім: бұл қаталдықтың астарында өнерге деген адалдық, шәкірттеріне деген үлкен жауапкершілік жатыр екен. Өйткені театр мінез қалыптасатын орта, өмір мектебі. Ал сол мектептің ұстазы болу екінің біріне бұйыра бермейтін қасиет.
Нұрқанат ағай ұзақ жылдар бойы өнер академиясында дәріс берді. Оның алдынан қаншама шәкірт қанат қағып шықты. Бүгінде сол жеті буын шәкірттері бір театрдың қабырғасында еңбек етіп жүр. Бұл кез келген ұстазға бұйыра бермейтін бақыт әрі үлкен абырой. Қазіргі сахнада жүрген көптеген актерлер оның тәлімін алған, оның мектебінен өткен өнер иелері. Ұстаздың шын бақыты шәкіртінің жетістігі дейді. Ал шәкірттері өзімен бір сахнада қатар еңбек етіп, өнерге адал қызмет етіп жүрсе, одан асқан қуаныш бар ма?!
Нұрқанат ағайдың бойындағы тағы бір ерекшелік – театрға деген шексіз махаббат. Ол үшін театр – тағдыр. Сондықтан ол өнерге де, адамға да үлкен жауапкершілікпен қарайды. Кейде қатал көрінетін мінезінің түбінде де осы жауапкершілік жатыр. Уақыт өткен сайын біз кей адамдарды басқаша тани бастайды екенбіз. Алғашында қатал болып көрінген адам кейін қамқор жанға айналады. Өйткені оның әр ескертуінің, әр талабының артында сенің өсуіңе деген ниет жатады. Өнер жолы – ауыр жол. Ол үздіксіз ізденісті, сабырды, төзімділікті талап етеді. Осындай жолда өз ғұмырын сарп етіп, бірнеше буынға бағыт-бағдар берген жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.
«Жастар театрының алғашқы жылдары өте ауыр өтті, – деді ағай бір сәт үнсіз қалып. – Біз әртүрлі театрларды, мәдениет үйлерін жағалап, декорация таситынбыз. Өз сахнамыз, өз мүмкіндігіміз жоқ болатын. Бірақ ешқашан арманнан бас тартпадым».
«2007 жылы қыс өте қатты болды. Ол жылы «Жастар» сарайындағы 18 шаршы метр бөлмеде жұмыс жасаймыз. Терезесі көшеге қарап тұратын екен. Мен күнде бірінші болып келемін. Терезеден сыртқа қарап отырамын. Бір кезде қыздар көрінеді. Қақаған аяз, боран. Бір-біріне сүйеніп, тоңып келеді. Қатты қиналып кеткендерінен жылағандары байқалып тұратын. Томсырайып, маған реніштерін айта алмай өкпелерін эмоцияларынан байқайтынмын. Сондай кезде менің де көңілім босайтын», – деді ағай. Осы сөздерді естігенде, театрдың шымылдығы ашылғанға дейін қанша көз жасы, қанша үміт, қанша төзім жатқанын сезіндім.
«Артынша ұлдар келеді. Олар да мені аса ұната қоймайтын. Өйткені талап қоятынмын. Бірақ мен оларды жинап алып: «Мынадай пьеса таптым, былай қоямыз» деп жәй сөз бастайтынмын. Одан армандарымды айта бастаймын. «Біз әлі үлкен театр боламыз, біздің спектакльдер аншлагпен өтетін болады. Бәріңнің үйлерің болады, жұлдыздарың жанады» деп армандарға сендіретінмін. Бір-екі сағаттан соң бәріміз жұмысқа қызу кірісіп кетеміз» – деп күлімсіреді.
Ол кездері ақша да жетпеген. «Труппадағылардың айлығы – 17 мың теңге. Мен 25 мың теңге алатынмын. Бірақ ешкімнің үміті үзілген жоқ. Қыздар сүйектен сорпа жасайды. Бәріміз бөліп ішеміз. Сол сорпаның дәмін әлі күнге дейін сағынамын» – деді ағай.
Бұл жоқшылықтың емес, бірліктің дәмі еді. Үлкен актерлер кішілерге қамқор болды. Бірі үйіне апарса, бірі тамақ әперетін. Өйткені олардың бәрін бір ғана арман біріктірді – Жастар театрын аяққа тұрғызу.
Қақаған қыста декорация тасып жүріп, Нұрқанат ағайдың көзі қатып қалғанын естігенде жаным ауырды. Бірақ ол бұл туралы еш өкінішпен айтқан жоқ. Керісінше, сол күндерді сағынышпен еске алды. Себебі ол қиындықтар театрды ғана емес, адамдарды да шыңдады.
Бір жылдары әрең дегенде театрға автобус алған. Оның өз тарихы бар. Әр гастроль бөлек әңгіме. Ұзақ жол, жетіспеушілік, шаршау… Бірақ олардың ешқайсысы өнерге деген сенімді жеңе алмады. Мені таңғалдырғаны жасы сексенге таяса да, Нұрқанат ағай әлі күнге дейін труппамен бірге гастрольге шығады. Автобустың алдыңғы орындығына отырып алып, барлығын бақылап отырады. Ұзақ жолдан жалықпайды. Өйткені бұл театр – оның жай ғана жұмысы емес. Бұл – оның тағдыры.
Сондықтан да оның қаталдығының түбінде мейірім жатыр. Талабының түбінде шәкірттеріне деген сенім жатыр. Ал ғұмырының түбінде өнерге деген өлшеусіз махаббат жатыр. Міне, мен Нұрқанат ағайды осылай таныдым. Сахнаның сыртында жүріп, тұтас бір театрдың тағдырын арқалаған, қаншама буынды тәрбиелеген, қиындыққа мойымаған қайсар адам ретінде таныдым. Өнерге ғұмыр арнау – мамандық таңдау емес екен.
Таңшолпан Ертайқызы