Жошы хан туралы қазақ жадында жаңғырған аңыздың ғұмыры мың жылға жақындады. «Ақсақ құланды» бебеулеткен әрі Шыңғыс қағанмен жыр тілінде жауаптасқан ұлы жырау – Кетбұғаның дауысы қазақтың жадында әлі де жаңғыра берер...
Соның бір дәлел-айғағындай «Теңізді бастан тұндыратын, теректі түптен тұрғызатын» Жошы хан тарих сахнасынан өнер сахнасына алшаңдап шықты. Аңыздың финалы емес, кіріспесі бұл туындының тамыры болып бүлкілдеген екен. Ұлы дала оғланының өнердегі бірегей тұлғасын тірілткен авторлар – драматург Думан Рамазан мен режиссер Болат Ұзақов. Сондай-ақ Жошы рөлін сомдаған актер драматург пен режиссер тұлғалаған қаһарманның болмысын көрерменнің көз алдына әкелуге бар күшін салған. Қалибек Қуанышбаев атындағы Ұлттық академиялық музыкалық театрда сахналанған «Жошы хан» қойылымы көрермен жүрегіне жол тапқанын баса айтқан ләзім.
Жошы ұлысы – Ұлық Ұлыс – Алтын Орда... Ұлы даладағы ұлы істерді орындау үшін туған әмірші, батыр, би бар, бір бойында бірнеше қасиет тоғысқан талайлы тағдыр иелері бар. Солардың бірегейі Жошы еді...
Біздің мемлекеттігіміздің бастауы, алтын шынжырымыздың қазығы болған Ұлы дала мемлекетінің іргетасын қалап, қабырғасын бекітіп, шаңырағын көтерген Жошы тағдыры – қазақтың тағдыры.
Сөз өнері мен күй өнеріне тағдыры арқау болып тартылған қаһарманның болмысы енді жаңа кеңістікте – екі өнердің басын қосқан драматургияда көрініс тапқан екен.
Шымылдық ашылған сәттен сол заманның тынысын аңғартатын бағзы бір сан қабатты сазы бар әуен болар оқиғаны, белең алар тартысты сәттерді алдын ала аңғартқандай. Ұлттық болмыстың рухани қалпын жеткізетін әуезбен қойылымды айшықтаған Еділ Құсайынов пен Қайрат Тоқымбектовтың сол заманның психологиясын терең сезінгеніне ризашылық оянады.
Драма оқиғасы Үргеніш қаласынан бастау алады. Жошы мен Шағатайдың арасындағы тартыс әр қаһарманның мінез-болмысын бірден аңғартады. Жошының адамгершілік тұлғасы әр сөз, әр әрекетінен көрінеді. Жошы рөліндегі жас актер Қайыржан Садықовтың ізденісі айтарлықтай. Көзсіз батырлық, тайсалмас жаужүректік пен парасатты ой, салқын ақылды өз бойында тоғыстыра білген бас қаһарманның ел тағдырына алаң болған әміршілік қалпы автор мен режиссердің бір-бірін қапысыз түсінген үндестігінен һәм актердің шеберлігінен тұтаса сомдалғанын түйсінеміз. Шағатай рөліндегі актер Жасұлан Ерболаттың да өз кейіпкері – Шағатайды сомдауы айрықша.
Драмадағы кейіпкерлердің әрқайсысы арқалаған жүк бар. Шыңғыс хан рөліндегі актер Асылбек Қапаев та бұл даңқты тұлғаны жаңа қырынан көрсетеді. Күркіреген даңқы, асқақтаған айбарымен әлем билеушісі атанған Шыңғыс бұл қойылымда аласапыранға толы заманның қым-қиғаш қақтығысынан шегініп, салқын сабыр мен терең ақыл кеңістігіне ойысқан болмысымен көрінеді.
Сахналық қойылымдағы Төле, Бектомыш, Кетбұға жырау, Бату бала, Құлан қатын, Көкеші көріпкел – әрқайсысының өзіндік мақсат-мүддесі, атқарар қызметі бар кейіпкерлер. Ешқайсысы тартыстан тыс, оқиғадан шет қалмайды.
Екі бөлімнен тұратын қойылымның ішкі желісі, психологиялық иірімдері, тартыс жүйесі шашау шықпай бір құрылымға шебер қиюластырыла бағынған. «Шыңғыс ордасы» атты бірінші бөлімде тартыс кейіпкерлер арасында сыртқы қақтығыс түрінде өрбісе, «Қазақ ордасы» атты екінші бөлімде ішкі коллизия ауанында беріледі.
Жошы мен Шыңғыс арасындағы нәзік конфликт екеуінің көзқарасынан туындайды. Бұл жерде ешқандай билікке талас жоқ. Тыңдайықшы:
«Жошы: Осыншама қырғын соғыстың шегі болуы керек қой. Артыңыздан ерген жұртыңыз да үздіксіз қанды жорықтан әбден титықтады. Ұлықтар абыройлы жеңісті ойласа, қара халық бейбіт тыныш өмірді аңсайды.
Шыңғыс хан: Тыныштық деймісің?! Бүкіл әлем бір билікке, бір тәртіпке бағынғанда ғана жер бетінде тыныштық орнайды.
Жошы: Қаған-әке, бәрін бір қалыпқа салам деп жүргенде, түркі баласы өзі жұтылып, өзегінен айырылып қалмай ма?! Көп қорқытады, терең батырады. Сонда түркі баласының қара шаңырағы қайда қалады? Кім ие болады?! Заманнан заман өтер, лек-легімен ұрпақ келер. Сонда олардың бізге айтары алғыс бола ма, жоқ әлде қарғыс бола ма? Менің пайымымда, қаған-әке, егер жер бетінде тіршілік тоқтамайтыны рас болса, соғыс та ешуақытта тоқтамайды. Себебі әр заманның өз Шыңғыс ханы болады.
Шыңғыс хан: Қателесесің, Жошы! Дүниеде Шыңғыс хан жалғыз. Ол енді қайта тумайды. Адамдар тығырыққа тірелгенде оны іздейтін болады, аңсайтын болады, бірақ ол кезде Шыңғыс хан қол жетпейтін алыста болады. Естеріңде болсын, сендер Көк-Тəңірінің қалауымен құдіретті сəуледен жаралып, ұлы істерді атқаруға, билік жүргізуге жіберілген Алтын ұрықсыңдар. Алтын ұрықты кінəлауға, жазалауға өздеріңнен басқа ешкімнің хақысы жоқ».
Жошы адам баласын тоқтаусыз қанға бөктіретін соғысқа наразы. Қаһарлы әкесіне осы қарсылығын ашық жеткізеді. Ал шексіз билікке, үстемдікке қол жеткізген Шыңғыс ханның көзқарасы басқаша. Оның ойынша, өзіне бағынбағанның бәрінің көзін жою керек. Әке мен баланың келіспейтін тұсы осы. Тыныштық – темірдей әрі аяусыз тәртіп болса ғана болады деген әке сөзінің де өз қисыны бар. Дәлелі жеткілікті. Жошының да сөзі дәлелді, шындық. Енді осы екі пікір соқтығысы әрі қарай қалай өрбиді, қай бағытқа жол тартады? Пікір қайшылығын өз мақсаттарына ұтымды пайдалануға жан-тәнімен кіріскен Құлан қатын мен Көкеш бақсының мақсаттары мүлде басқа. Елдік, тыныштық дейтін ұғымдар бұл екеуіне мүлде жат. Шыңғыс пен Жошының, Жошы мен өзге ханзадалардың арасына от тастап, шағыстыру, араздастыру ниетіндегі Көкеш бақсының пасық пиғылынан Шыңғыс ханның бүкіл болмысы биікте тұр. Оны қағанның сөзі мен ісі айғақтай түседі:
«Шыңғыс хан: Тоқтатыңдар! (ұрыс-керіс сап тиылып, бəрі Шыңғысқа тағзым етеді): Көкеш, өткенді ұмыттым деп ант ішкенің қайда? Баяғы һарам пиғылыңнан əлі арылмаған екенсің! Әйел затының асылы Бөртеге тіл тигізіп, ар-намысын қорлағаның үшін өлім жазасына кесілесің!
Көкеш бақсы: Қаған, мені жазықсыз жазғырмаңыз! Естіген құлақта не жазық бар?
Шыңғыс хан: Саған мұны біреу әдейі айтқызып отыр ғой! Жаның барында сол айдап салушыңның атын ата.
Көкеш бақсы: Желдей ескен жел сөздің кімнің аузынан шыққанын мен қайдан білейін?!
Шыңғыс хан: Көкеш, жазылмайтын дертке душар болған екенсің, мен сені құтқарайын.
Көкеш бақсы: (кенет бойын тіктеп, дауысы өзгеріп, қаһарланып кетеді): Ей, Темужин! Сен мені өлтіре алмайсың! Мен Көк Тəңірдің жердегі көлеңкесімін. Астыңдағы алтын тақ маған тиесілі. Мен сенен де биік, сенен де құдіреттімін. Мені өлтірсең, Көктің қаһарына ұшырайсың!
Шыңғыс хан: Солай ма? Онда Көк Тəңірдің кімді қолдайтынын көрейік. Отшығын баһадүр, мынаның жанын құрметпен Көкке ұшырып жіберіңдер!».
Қаңқу сөзді тірілтіп, Жошының жанын жараламақ болған арам ниетті Көкеш бақсыны осылай жазалаған Шыңғыстың мұрагерлеріне қарата айтқан сөзінің мәні тереңде: «Оғландарым!.. Ешкім де мəңгі өмір сүрмейді. Ажалдан құтылған жұмыр басты пенде жоқ. Заңғар таулардан астым, терең теңіздер кештім, таралғы созылғанша, үзеңгі қажалғанша тыным таппадым, қаншама халықты ғұзырыма қараттым, бір ұлысқа ұйыстырдым. Ұлдарым, енді сендердің кезектерің. Мына байтақ даладан әрқайсыңа енші бөліп бермекпін! Талай жұртты аларсыңдар, тəнін емес, жанын өздеріңе қаратыңдар».
Әкенің бұл өсиетін орындай алар Жошы-дүр. «Әділдік пен адамдықтың жолынан тайып кетсем, Көк Тәңірі жазамды берсін, қаған-әке!» дейді ол.
Қатыгездігімен дүниені қанға бояған әмірші әкенің сөзіне қарайық:
«Шыңғыс хан: О, Тəңірім, ұлдарыма, қыр көдеде су, асуларда жол көрсет! Асыл таста қабық жоқ, тірі жанда өлмес жоқ. Алған жолдан қайтпаңдар, қайғырып мұңға батпаңдар! Игілікті іс атқарған адамның қадамы нық. Батырмын деп бас-көз жоқ жалғыз жарым шаппаңдар, көппен бірге болыңдар! Адал боп өтсеңдер өмірден – адамдықтың жөні сол!».
Бұл – қойылымдағы Шыңғыстың болмысын жаңа қырынан танытатын лебіз. Автор мен режиссер шешімі жалпыадамзаттық гуманистік идеяны осылай танытады. Қылышынан қан тамған әмірші де түптің түбінде өзін жүрегінде адамдықтың ұшқыны бар жан ретінде мойындайды.
«Жошы хан» – қазіргі қазақ сахнасының құнды, тарихи, гуманистік мәні терең қойылымы. Ер тағдыры мен ел тағдырын бір тінде астастырған туындының қазақ драматургиясынан алар орны ерекше демекпіз. Ендеше, қандай мақтау-марапатқа болсын әбден лайық.
Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері