«Абай-Тоғжанмен» – жаңа маусым

«Абай-Тоғжанмен» –  жаңа маусым

Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 181 жылдығына орай VII маусымын Мұхтар Әуезовтің «Абай-Тоғжан» (инсценировка авторы – Мирас Әбіл) музыкалық драмасымен ашты. Қойылым режиссері – театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Мае­миров. Музыкалық кеңесші – Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген, қоюшы суретші – Алма Сырбаева, композитор – Бауыржан Ақтаев, балетмейстер – Шырын Мұстафина, хормейстр – Ғалымжан Берекешев.

«Бүгінде театрымыздың ре­пертуарында 30-дан астам қойылым бар. Қазақ халқы жеті санын киелі санап, оған ерекше мән берген. Жеті қазына, жеті ата, жеті шелпек секілді халқымыздың дүниетанымында жеті санының орны айрықша. Сондықтан жетінші театр маусымы да театрымыз үшін мазмұны мен сипаты бөлек, қазынасы мол, шығармашылық жетістіктерге толы ерекше болсын деп тілеймін. Көрермендеріміздің ықыласы артып, театр мен көрермен арасындағы рухани байланыс одан әрі нығая берсін!» – дейді Асхат Маемиров.

 «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы бүгінге дейінгі ұлы ақын жайлы қойылған шығармалардан болмысы бөлек, бейнесі ерек жаңа туынды. Балалар мен жасөспірімдердің дүниетанымына, талғамына, рухани болмысының қалыптасуына әсер ететін бұл қойылым Абай ғұмырының бозбала кезеңінен көрініс береді.

 Жас Абайдың жүрегінде оянған алғашқы махаббаты, көкірегінде туған тұңғыш жыры әуезді әнге айналып, ішкі сезім тебіреністерін аласапыран күйге салады. Тоғжанға деген іңкәр сезім өмірге деген құш­тарлыққа ұласып, Абайдың адамзатқа деген асқақ махаббатының темірқазығына айналды. Құнанбайдай әкенің өнегесі, Ұлжандай ананың тәрбиесі, қоршаған ортаның тылсым сыры, ғашықтықтың ғаламаты, дос пен бауырдың қадірі жас көрерменнің жанына рухани ләззат сыйлап, санасына көркем көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді. Абай поэзиясындағы ойлы жырлар мен есті әндер орындалатын қойылымда ұлтымыздың құндылықтары сахна биігіне көтеріледі. Халықтық сана, ұлттық тәрбие, бабалар дәстүрі, ұлы дала ұлағаты ғашық Абайдың жан сүзгісінен өтіп, жас суреткерді «Сүйесің жүрек, күйесің» деген ұғымдарына қарай жетелей береді. Жас Абайдың әлемі – көрерменге «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» екендігін ұқтырады.

«Абай – Тоғжан» музыкалық драмасында суреттелетін қазақ елінің ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлының бозаң қырда өткен балалық шағымен кіршіксіз махаббаты, сезімге толы өлең жырлары көрерменді бей-жай қалдырмайды.

Жаңа маусымда театр ұжымы сүйікті көрермендеріне дайындаған тың туындылары жетерлік. Атап айтқанда, 25-27 тамыз күндері өнер ошағы әйгілі қырғыз қаламгері Шыңғыс Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары» драмасының премьерасын ұсынады. Бұл спектакль – адам мен табиғаттың, адам мен жануардың арасындағы терең рухани байланысты, уақыттың өткіншілігін және қоғам өзгерістерінің адам тағдырына әсерін баяндайтын сахналық туынды. Қойылымның негізгі өзегі – Танабайдың өмір жолы мен оның жан серігіне айналған тұлпар Гүлсарының тағдыры. Гүлсарының ғұмыры арқылы адамның жастық шағы, үміті, сенімі мен өмірлік күресі астасып, бір дәуірдің келбеті ашылады. Қойылым көрерменді уақыт пен тағдыр туралы ойлануға, адам өмірінің мәнін, табиғатпен үйлесімнің қадірін сезінуге жетелейді. Бұл спектакль Шыңғыс Айтматов шығармасының рухын сақтай отырып, оның көркемдік-идея­лық мазмұнын заманауи театр тілімен жеткізуді мақсат етеді.