Архив қорын толықтырған тұлғалар

Архив қорын толықтырған тұлғалар

Биыл тарих пен тағдыр тоғысқан мекен – «Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві» республикалық мемлекеттік мекемесінің құрылғанына 20 жыл толып отыр. 2002 жылғы 12 желтоқсан – Ұлттық архив ғимаратын Астанада салу туралы тарихи шешім қабылданды. 2006 жылғы 19 шілде – Қазақстан Республикасы Үкіметінің №692 қаулысымен «Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві» мемлекеттік мекемесі құрылды. 2006 жылғы 14 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 15 жылдығы қарсаңында салтанатты түрде ашылу рәсімі өткен болатын. Міне, осылайша, көзді ашып-жұмғанша 20 жыл өте шықты.

әуелсіздігіміздің 35 жылында елі­­міздің саяси, экономикалық, ғылыми және мәдени дамуына, өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар мен өнер адамдары, яғни ұлт тұлғаларының Ұлттық архивте жеке қорлары ашылды. Бұл тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен даму кезеңдерін айғақтайтын баға жетпес тарихи мұра екені даусыз. Қорларда тұлғалардың өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар, қолжазбалар, хаттар, фотосуреттер, марапаттары, шығармашылық және қызметтік материалдары жинақталған.

20 жылда архивте 300-ден аса қор жинақталса, соның 70-тен астамы жеке тектік тұлғаларға тиесілі екен. Мұндағы әрбір құжат – тәуелсіз Қазақстанның шежіресін толықтыратын асыл мұра, ал оны жасаған тұлғалар – ел дамуының жарқын беттерін жазған азаматтар. Сондықтан әрбір жеке қор иесінен келген құнды мұралардың бағасы өлшеусіз.

Әрбір қордың архивке келу жолының өзіндік тағылымды тарихы бар. Кейбір көрнекті тұлғалар өздерінің тарихи маңызы зор құжаттарын көзі тірісінде-ақ Ұлттық архивке аманаттаса, ал енді кейбір тұлғалардың өмірден өткеннен кейін артында қалған ұрпақтары, ізбасарлары архив қорына табыстап, мұраларын ел игілігіне айналдырып жатыр. Бұлардың қатарында мемлекет және қоғам қайраткері, түрколог-ғалым, дипломат, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мырзатай Жолдасбеков, мемлекет және қоғам қайраткері, архив саласының ардагері Рысты Сариева, әдебиеттанушы, өнертанушы, шығыстанушы, Ұлттық археология мектебiнiң негiзiн қалаушы, академик Әлкей Марғұлан, ғалым, шығыстанушы Насролла Мубашшир ат-Тарази, жазушы Табыл Құлыяс, жазушы Сара Мыңжасарова, композитор, жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақанов, жазушы, әдебиет зерттеуші, этнограф ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақселеу Сейдімбек, шығыстанушы, дінтанушы Әбсаттар қажы Дербісәлі, қоғам қайраткері, заңгер Мақсұт Нәрікбаев, ақын, прозашы Нұрғожа Ораз, соғыс ардагері Кәри Әбитов, мемлекет қайраткері Фазыл Кәрібжанов, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Кәкімбек Салықов, жазушы-ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қойшығара Салғараұлы, жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Тарази, тележурналист, ақын Бейбіт Құсанбек, көрнекті кеңестік және қазақстандық ғалым Жағыпар Аханов, соғыс ардагері, жазушы, драматург Тәңірберген Қалилаханов, сәулетші, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков, Мемлекеттік сыйлықтың ­лауреаты, ақын Фариза Оңғарсынова, Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртаза, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, әскери қайраткер, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев, журналист, жазушы Сұлтан Оразалы, металлург Әнуарбек Үсенов, ғалым, биология ғылымдарының докторы Назира Ахматуллина, медицина ғылымдарының докторы Нұрлан Батпенов, медицина ғылымдарының докторы Әлихан Досаханов, құ­­жаттанушы, «Құрмет» орде­нінің иегері, архив саласының үздігі Сағила Нұрланова, мемлекет қайраткері, құжаттанушы Мирболат Жақыпов, мемлекет қайраткері, белгілі қаламгер Бауыржан Омаров, әдебиеттанушы Амантай Шәріп, жазушы Әкім Ысқақ және ел дамуына зор үлес қосқан тағы да басқа тұлғалардың қорлары бар.

Аталған тұлғалардың іші­нен екі тұлғаға біршама тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын. Атап айтқанда, Ұлттық архив­тің ең алғашқы жеке қор иесі мен тұңғыш басшысы болған тұлғалар.

Ұлттық архивтің жеке тектік қорына келіп түскен алғашқы аманат мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдас­бековке тиесілі. Мырзатай аға 2007 жылғы 23 мамырда өзінің бірқатар маңызды құжаттары мен қолжазбаларын Ұлтттық архивке қабылдау туралы келісімшартқа қол қойды. Осылайша Мырзатай Жолдасбеков Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде жеке тектік қорын қалыптастыру жөнінде келісімшарт жасаған алғашқы тұлғаға айналды. Қор құрамына ғалымның өмірі мен қызметін жан-жақты сипаттайтын ғылыми еңбектері, қолжазбалары, соның ішінде Түріктілдес мемлекеттердің ынтымақтастық ке­ңесінің құрылу барысындағы және Түріктілдес мемлекеттердің ақсақалдар кеңесі отырысының құжаттары, «Орхон ескерткішін зерттеудің кейбір мәселелері» бойынша мақалалар, «Күлтегін ескерткішінің қытай мәтіні» сынды құжаттар, «Жамбыл Жабаев – Ұлы дала ақыны» атты кітабының әртүрлі тілдегі (ағылшын, араб, қытай, испан) нұсқалары, А.Сейдімбек, Ш.Мұртаза, т. б. тұлғалардың қолтаңбасымен сыйға берген кітаптары, Ә.Тәжібаев, Т.Молдағалиев, т. б. ақын-жазушылардан келген хаттары, «Көне түрік әдеби ескерткіштері және олардың қазақ әдебиетіне қатысы» кандидаттық диссертациясы, «Жамбыл және оның ақындық дәстүрі» докторлық диссертациясы, К.Әзірбаев, Т.Молдағалиев, І.Жансүгіров, т. б. белгілі ақын-жазушылар жайында мақалаларының қолжазбалары, Жамбыл облысы Талас ауданындағы өзінің бастамасымен салынған «Ақтөбе» мешітінің баспа нұсқасындағы сызбасы (авторы – Ж.Мәлібеков) сынды өте құнды құжаттарымен қоры құрылды. Бұл тәуелсіз Қазақстанның ғылымы, білімі, мәдениеті және мемлекеттік қызметінің қалыптасу кезеңдерін зерделеуге үлкен мүмкіндік беретін тарихи құжаттар деп айтуға болады. Алғаш ашылған жеке тектік қор ретінде ерекше орын алған үлкен бастама болды.

Келесі қабылданған жеке қор иесі ҚР Ұлттық архивінің тұңғыш бас директоры Рысты Халесқызы Сариева – Қазақстандағы архив ісінің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан белгілі архивші, тарих ғылымдарының кандидаты. Рысты Сариева алдымен 1997 жылы Қазақстан Республика­сы Орталық мемлекеттік ар­хивінің директоры болып та­ғайындалды. Ол 1998 жылғы 22 желтоқсанда қабылданған «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» Қазақстан Республикасы заңының әзірленуі мен қабылдануына елеулі үлес қосты. Бұл заң еліміздегі архив ісінің құқықтық негізін қалыптастырған маңызды құжаттардың бірі болды. Аталған заңның негізінде 1999 жылғы

7 мамырда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №543 қаулысымен Мұрағаттар мен құжаттаманы басқару жөніндегі комитет құрылды. Рысты Халесқызы осы республикалық мемлекеттік уәкілетті органды оның 2004 жылғы қарашада қайта ұйым­дастырылуына дейін басқарды. Сонымен қатар архив саласын жетілдіруге бағытталған 70-тен астам нормативтік-құқықтық актінің әзірленуіне жетекшілік еткен. Ал 2006 жылғы 14 тамыз­да Рысты Сариева Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің бас директоры болып тағайындалды. Оның басшылығымен Ұлттық архивтің қалыптасуы мен дамуына, халықаралық ынтымақтастықтың нығаюына және архив қорларын толықтыруға зор жұмыс атқарған. Рысты Сариеваның жеке құжаттарының 1970-2000 жылдарды қамтитын бір бөлігі Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік ар­хивінде сақтаулы. Ал 2010 жыл­ғы 22 қазанда оның жеке қоры Қазақстан Республикасы Ұлттық архивіне қабылданды. Ұлттық архивтегі жеке қорында 1967-2000 жылдарды қамтитын құжаттар жинақталған. Қор құрамына Ұлттық архивте өткен түрлі іс-шаралардың материалдары, басшылық қызметтерге тағайындау туралы министрдің ұсыныс хаттары мен шешімдері, «тарих ғылымдарының кандидаты» ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациялық жұмысы мен авторефератына қатысты құжаттар, ғылыми еңбектері, баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары мен сұхбаттары енгізілген.

Бұл жеке тұлғалар туралы айтып тауыса алмаспын. Өйткені әрқайсысының өмір жолы – өз алдына бір тағдыр, өз алдына бір тарих. Бірінің өмірі күреспен өрілсе, бірінің ғұмыры ғылым мен білімге, енді бірінің саналы ғұмыры елге қызмет етуге арналды. Олардың құжаттарын парақтаған сайын уақыт пердесі ашылып, сол дәуірдің тынысын сезінгендей боласың. Әрбір хат, қолжазба, фотосурет пен құжаттың өз тілі, өз сыры бар. Олар үнсіз тұрғанымен, өткеннің шындығын сөйлетіп, тұлғаның болмысын, жан дүниесін, азаматтық ұстанымын танытады. Сондықтан жеке тектік қорлар жай ғана архив қорлары емес. Олар – ұлттың жады, тарихтың аманаты, келешек ұрпаққа жолданған үнсіз өсиет.

Наргиза ҚОСБАРМАҚ,

ҚР Ұлттық архиві

жеке тектік құжаттармен

жұмыс жүргізу

бөлімінің қызметкері