Мектепке дайындық қалай?

Мектепке дайындық қалай?

Жазғы демалыс аяқталып, оқу жылы таяса қызу дайындық басталады. Ата-аналар, балалар, сауда орындарының, жалпы оқу процесінің тіршілігі қайнайды. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың балаларына жалпыға бірдей білім беру қоры аясында мектеп формасын, аяқ киім мен мектепке қажетті құралдарды сатып алуға мемлекеттік қолдау көрсетіліп келеді. 2026-2027 оқу жылы қарсаңында мұндай қолдаумен 450 мыңға жуық баланы қамту жоспарланыпты. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттерден шамамен 23 млрд теңге қарастырылған. Демек, мемлекет тарапынан бірнеше санат бойынша қолдау бар. Ендігі мәселе, жұмыс жүйелі ұйымдастырылуында болып тұр.

Елорда қай кезде де басқа аймақтарға үлгі-­өнеге екені анық. Бас қалада да мектепке дайындық бағыты бойынша бірқатар ілкімді істер қолға алынған.

Астана қаласының Білім басқармасының бізге берген дерегінше, жаңа 2026-2027 оқу жылының басталуына аз ғана уақыт қалды. Қазір елордадағы барлық білім беру ұйымдары жаңа оқу жылына жоспарлы түрде дайындалып жатыр екен. Бірінші сыныпқа қабылдау жалғасуда. Биыл Астана мектептеріне 34 мыңнан астам бүлдіршін келеді деп күтілмек. Қазіргі таңда олардың 25 мыңнан астамы бірінші сыныпқа қабылданыпты. Жалпы жаңа оқу жылында қала мектептерінде 337 мыңнан астам оқушы білім алады деп болжанып отыр. Кейінгі үш жылда елордада 100 мыңнан астам оқушыға арналған 44 жаңа мектеп ашылды. Оның 23-і – «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған мектептер. Биыл тағы 10 мектеп пайдалануға берілмек. Осылайша, оқушы орындарының тапшылығын азайтып, балалардың заманауи әрі жайлы мектептерде білім алуына жағдай жасамақ. Жаңа оқу жылы қарсаңында 38 білім беру ұйымында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, барлық жұмыстарды 15 тамызға дейін аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ, мектептер мен балабақшалардың жылыту маусымына дайындығы бақылауда екен. Нысандардың 90% жұмыс­тарын аяқтап, дайындық паспорттарын алыпты.

Барлық білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы кешенді түрде тексеріліп жатыр екен. Дәлірек, интернеттің сапасы, қауіпсіздік жүйелері, оқу кабинеттерінің жабдықталуы, санитарлық жағдай, тамақтандыруды ұйымдастыру және педагогтермен қамтамасыз ету мәселелері толық бақылау­ға алыныпты.

Астана қаласы Білім басқармасының баспасөз-хатшысы Аяжан Амантайқызы мектепке дайындық барысы туралы пікір білдірген еді.

– Жыл сайын материалдық-техникалық база да жаңартылып келеді. Мектептер қажетті пәндік кабинеттермен қамтамасыз етілген, ал биыл қосымша жаңа кабинеттер сатып алу жоспарланыпты. Оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз етуге қажетті қаржы толық бөлінді. 25 тамызға дейін барлық оқушы оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен 100 пайыз қамтамасыз етіледі. Балалардың қауіпсіздігі – біздің басты міндетіміз. Мемлекеттік мектептердің барлығы бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған. Камералар мен дабыл түймелері Бірыңғай ахуал орталығы мен Полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылды.

Қазіргі таңда елорданың білім беру ұйымдарында 29 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Тамыз айында бос жұмыс орындарына конкурс арқылы жаңа педагогтер қабылданады. Мектептегі тамақтандыру мәселесі де ерекше назарда. Барлық мектептердің бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік осал санаттағы балалар тегін ыстық тамақпен қамтылады. Биыл жаңартылған мәзір енгізіліп, тамақ сапасына қоғамдық және сарапшылық бақылау күшейтілді. Әлеуметтік қолдау бағытында да жұмыстар жалғасуда. «Жалпыға бірдей міндетті білім беру» қоры арқылы әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың балаларына мектепке дайындалуға материалдық көмек беріледі. Биыл оның мөлшері бір балаға 50 851 теңгені құрайды. Қаражат ата-аналардың шотына аударылып, олар мектеп формасын, аяқ киім мен оқу құралдарын өз қажеттілігіне қарай сатып ала алады, – деді ол.

Ең өзекті дүние ол – аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жайы еді. Енді бұл мәселеге де назар аударыла бастапты. Дейтұрғанмен, аталған көмектер нағыз мұқтаж отбасыларға жетсе ғана, шаруаның шалқайғандығын білдіреді.

Сонымен қатар, қалалық Білім басқармасы 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында республикалық «Мектепке жол» шарасын өткізіп жатыр. Шара аясында аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға мектепке қажетті құралдармен көмек көрсетіледі. Биыл осындай қолдаумен 8,5 мыңнан астам оқушыны қамтуды жоспарлап отыр.

– Әр көмек бұл үлкен қолдау екеніне сөз жоқ. Әйткенмен, әртүрлі санаттағы отбасының балаларына жұрттың аталмыш көмектерді көпшіліктің көзінше жарқыратып беріп, сол жанұяны да, баланы да ыңғайсыз жағдайда қалдырып қажет емес шығар. Халық даналығында «бір қолың бергенді, екінші қолың білмесін» деп тәмсілдейді. Сондықтан мейілінше, берген дүниені жария етпей, фото-видеоға түсіріп жарналамай-ақ берген жөн болар. Өйткені мұндай істер баланың көңіліне дақ түсірмеуі тиіс. Сонымен қоса, қаншама атымтай жомарт жандар да көмектесіп жүр. Оларға да алғыс шексіз. Ең негізгісі дәл осындай көмекке қолы жетпей, мектеп формасы, дәптер, қалам алуға шамасы жоқ жанұялар да бар. Сондай жандар назардан тыс қалып кетпесе дейміз. Бұндай ілкімді істер жер-жерде жалғасын таба берсе, қоғам үшін кәделі, – дейді ата-ана Ғайша Әмірбек.

Тоқетері, біз баланың бақытты болуы үшін бар жақсылықты жасауға тиіспіз. Өйткені саналы ұрпақ, білікті маман, дені сау ұлт – мемлекет болашағы. Сондықтан бүгінгі жасалып жатқан іс, бір ғана қаланың емес, елдің өркендеп өсуіне септігін тигізері анық.