«TEATP ALL» тәлімі мен тағылымы

«TEATP ALL» тәлімі мен тағылымы
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып, бір аптаға созылған «Қазақтың Қыз Жібегі», көрнекті кино және театр актрисасы, Қазақстанның Халық әртісі Меруерт Өтекешеваның 75 жас мерейтойына арналған «TEATP ALL» IV халықаралық театр фестивалі түйінделді. Қорытынды кеш актриса қызмет істейтін К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде өтті.

Жалпы тәлімі мен тағылы­­мы мол болған бұл фестиваль мәртебелі өнердің нағыз мерекесіне айналды. Мұны мынадан да аңғаруға болады: жабылу салтанаты әртүрлі аталымда топ жарған қойылымдар мен үздік шыққан әртістерді марапаттау рәсімімен басталып, актрисаның шығармашылығына арналған кешке ұласып, өнердің сан түрін біріктірді. Кеште кино, театр, музыка мен би өнерлері бір арнада тоғысты.

Меруерт Өтекешеваның жұлдызын жаққан, қазақ кино өнерінің алтын қорына енген «Қыз Жібек» көркем фильмінің кастингі және түсірілімі көріністерін, кино алаңында танысып, шынайы өмірде табысып, отбасы құрған Жібек (Меруерт Өтекешева) пен Төлегеннің (Құман Тастанбеков) қосылуын арқау еткен театрландырылған қойылым атақты актрисаның көзіне жас алғызып, қайта оралмас жылдарға сапар шеккізді. Шәкірттері қатысқан осы қойылымда фильмнің сценарийін жазған классик қаламгер Ғабит Мүсіреповтің, режиссері Сұлтан­ахмет Қожықовтың аяулы бейнелері сахнадан көрінді. Ерекше атап өтерлігі, Меруерт Қаратайқызы кастинг уақытында мектептің 10-сыныбында оқыды. Басты рөлге 500-ден астам қыздың арасынан таңдау оған түсті. Сұлтанахмет Қоңырқожаұлы жасөспірім қызға сенім білдірді. Меруерт Өтекешева сол сенімді толығымен ақтады. «Қыз Жібектің» режиссері актрисаның өнердегі жолын ашты. Сол арқылы Меруерт Қаратайқызы сұлулық пен сырлы өнердің символына айналды. Фестивальдің жабылуында осындай атаумен қара шаңырақ – М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры музейінің қорынан алынған көрме де ұйымдастырылды.

«Қыз Жібек» эпосы кинодан көп жыл бұрын операға айналғаны елге мәлім. Осы опера дегенде Жібекті алғаш сомдаған Күләш Байсейітованың асыл бейнесі еріксіз еске түседі. Бертінде Қазақстанның және Татарстанның Халық әртісі Нұржамал Үсенбаева Жібек партиясын орындады. Фестивальдің жабылуында Нұржамал Пернебекқызы сол партияны мерейтой иесі құрметіне шырқады.

Елорданың Музыкалық жас көрермен театрының репертуарында «Қыз Жібек» этнофольклорлық мюзиклі бар. Қорытынды кеште осы спектакльден және Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының «Қарагөз» трагедиясынан, Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрының «Мұқағали ХХ» драмасынан үзінділер көрсетілді.

Меруерт Өтекешеваның өнердегі ұстаздары – Сұлтанахмет Қожықов пен Қаз КСР және КСРО Халық әртісі Қадиша Бөкеева. Актриса М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында 50 жыл жұмыс істеп, талай театр тарланының тәлімін, үлгі-өнегесін де көрді. Аталмыш театрдың актері, фестивальдің қазылар алқасының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс сол тұлғаларға тағзым ретінде көрнекті ақын Есенқұл Жақыпбектің «Алдай-ау» әнін әуелетті. Әншілер Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдинаның репертуарындағы «Бағым сен» әнінің бейнебаянына Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешева түскен еді. Ал Қарақат шырқайтын Нұрғиса Тілендиевтің «Асыл әжем» туындысы клипынан актрисаның өзі көрінеді. Кеште осы отбасылық жұп та әндерін шырқап, Меруерт Қаратайқызына деген құрметі зор екенін жеткізді. Белгілі балет бишісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева өнерімен жиналғандарды тәнті етті.

Халықаралық театр фестиваліне Өзбекстан, Қырғыз Республикасы және Әзербайжанның театр ұжым­дары, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларының жетекші театрлары мен Маңғыстау, Ақмола, Түркістан, Атырау, Ұлытау және басқа да өңірлердің театр­лары қатысты. Қазылар алқасының шешімімен бірқатар театр ұжымдары мен әртістері фестивальдің арнайы аталымдары мен жүлделеріне ие болды. Атап айтқанда, «Асанәлі Әшімов атындағы жүлде» С.Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық сазды драма театрының «Макбет» спектакліндегі Макбет рөлі үшін Нұржан Бейсбековке берілді. «Хадиша Бөкеева атындағы жүлдеге» Атырау Жастар театрының «Қаралы сұлу» спектакліндегі Қарагөз рөлі үшін Гүлдана Көшербаева ие болды. «Құман Тастанбеков атындағы жүлде» «М.Театр» тәуелсіз театрының (Әзербайжан Республикасы) «Бөгелек» спектакліндегі Артур рөлі үшін Зия Агаға тапсырылды. «Меруерт Өтекешева атындағы жүлде» Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының «Анна Каренина. Роман парақтары» спектакліндегі Анна Каренина рөлі үшін Ақмарал Танабаеваға берілді.

«Үздік балетмейстер» аталымының иегері – Астаналық цирктің «Contrasst» би театрының «Метамарфозалар» спектакліндегі жұмысы үшін Карина Жиренбаева, «Режиссурадағы жаңа есім» аталымы – Р.Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды драма театрының «Қатынқамал» спектаклі үшін Нұржан Ізтаев, «Үздік эпизодтық рөл» (ер адам) аталымы – «Қанаттылар» инклюзивті театрының «Абай ЛА» спектакліндегі Адам рөлі үшін Ислам Мағытанов, «Үздік эпизодтық рөл» (әйел адам) жүлдесін – Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрының «Танакөз» спектакліндегі Нұргүл апа рөлі үшін Бибігүл Исалиева. «Үздік қойылым» – Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Ұлпан» спектаклі, «Үздік актерлік ансамбль» – Б.Кыдыкеева атындағы Қырғыз мемлекеттік жас көрермен театрының «Жәмилә» спектаклі, «Үздік режиссура» – Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық сазды драма театрының «Той» спектаклін қойған режиссер Дина Жұмабаева, «Үздік ер адам бейнесі» – Астана қаласы Музыкалық жас көрермен театрының «Шәкәрім» спектакліндегі Шәкәрім рөлі үшін Аян Өтепберген, «Үздік әйел адам бейнесі» – М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының «Ғажайыпты орнатқан немесе махаббат деген немене?» спектакліндегі Анни рөлін сомдаған Полина Харламова, «Үздік актерлік дуэт» – Өзбекстан мемлекеттік драма театрының «Ләйлі мен Мәжнүн» спектакліндегі Ләйлі мен Мәжнүн рөлдерін сомдаған Нодир Мухаммаджонов пен Хусния Турамуротова, «Үздік сценография» – Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының «Анна Каренина. Роман парақтары» спектаклі үшін Қанат Мақсұтов, «Спектакльдің үздік музыкасы» – Ақмола облыстық орыс драма театрының «Қараш өткеліндегі атыс» спектаклі үшін Батырхан Сабыр, «Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі» – Асанәлі Әшімов театрының «Томирис» спектакліндегі Бахтияр рөлі үшін Мұхтар Қосыбай, «Екінші пландағы үздік әйел адам бейнесі» – Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық сазды драма театрының «Той» спектакліндегі Эмма рөлін сомдаған Гүл Зиятова.