Елордадағы Сәкен Сейфуллин музейінде осы руханият ошағының директоры, тарих ғылымдарының докторы, міржақыптанушы, сәкентанушы ғалым Марат Әбсеметтің «Сәкен Сейфуллин Қазақстан Комиссарлар кеңесінің төрағасы» кітабының тұсаукесері өтті.
Автордың өзі айтқандай, осы уақытқа дейін Сәкен ақын, жазушы, драматург, халық композиторы ретінде біраз зерттелді. Бұл қатарда көрнекті ғалымдар Серік Қирабаев пен Тұрсынбек Кәкішұлының еңбектерін ерекше атап өткен жөн. Бірақ ел Сәкеннің қайраткерлік қырларын, елдік жолда атқарған іргелі істерін біле қоймайды. Аталмыш музейдің «Сырсандық» сериясының 12-томы болып жарық көрген бұл кітап сол олқылықты толтыруға арналған.
Осы зерттеу еңбегінде Сәкен Сейфуллиннің 1922-1924 жылдары үкімет басшысы болған кезеңдегі қазақ жерлерін біріктіру, экономиканы көтеру, 20-жылдардағы ашаршылықты жою, халық шаруашылығын ұйымдастыру, елдік жолда атқарған басқа да іргелі істері қамтылды. Бір атап өтерлігі, Қазақстан тарихының жаңадан әзірленген 7 томдығындағы Сәкен Сейфуллинге арналған бөлімнің авторы да – Марат Әбсемет.
Жалпы, Сәкеннің жұртқа ашылмаған қырлары әлі де жеткілікті. Бұл тұрғыдан тұсаукесерге қатысқан белгілі мемлекет қайраткері Оралбай Әбдікәрімов «Сәкен» энциклопедиясын шығару керектігі жөнінде өте орынды ұсыныс айтты. Көрнекті ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Тұрғынбекұлы өзі жазған Сәкен туралы пьесада тың деректер бар екенін жеткізді. Сәкен Сейфуллин музейінің тұңғыш директоры Роза Асылбекова музейді ашу ісі басталғанда жәдігерлерді жинау, тағы осы сияқты жұмыстар атқарылғанын, архивтік құжаттарға қол жеткізу қиын болғанын, мәселен, Сәкеннің соты 20-ақ минутқа созылып, ол ату жазасына кесілгенін, сол құжатқа музей әрең дегенде қол жеткізгенін айтып, музейдің қазіргі басшысы мен ұжымы жақсы жұмыс істеп жатқандарын атап өтті.
Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп оның есімі Сәкен Сейфуллиннің құрметіне қойылғанын айта келе, тарих тұрғысынан Сәкеннің еңбегіне тоқталды. Сондай-ақ Сәкен Сейфуллиннің немере інісі Сәкен Орынбекұлы, кәсіпкер, меценат Абай Найманов, Сәкен Сейфуллиннің жиені, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Алтай Құсайынов, құқықтанушы-заңгер Өмірзақ Бейісбеков сөз сөйледі. Кітап авторы Марат Әбсемет сәкентану тақырыбына қалай келгенін әңгімеледі. Іс-шара ән-күймен көркемделіп, Өнер музейінің қызметкері Айсұлтан Көпбосын Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін әуелетті, белгілі қобызшы Раушан Оразбаева Дәулет Мықтыбаевтың нұсқасындағы Сәкеннің «Сарыарқа» әнін қобызбен сарнатты.