2026 жылғы 20 қарашадан 1 желтоқсанға дейін Астана қаласы әкімдігінің «АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы» МКҚК Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне арналған ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын өткізеді. Елорда тұрғындары АИТВ-ға өз еркімен, тегін әрі анонимді түрде жедел тест тапсырып, білікті мамандардан кеңес ала алады. Сонымен қатар инфекцияның таралу жолдары, оның алдын алу шаралары, ерте анықтау мен емдеу мүмкіндіктері туралы толық әрі сенімді ақпаратқа қол жеткізеді. Мамандар АИТВ-ға қатысты қоғамда қалыптасқан қате түсініктер мен жалған пікірлердің ара-жігін ажыратып, тұрғындардың көкейіндегі сұрақтарға жауап береді.
Науқан барлық облыста және республикалық маңызы бар қалаларда «1 желтоқсан – Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні» деген ортақ тақырыппен бір мезгілде өтіп жатыр.
Науқанның мақсаты – халықтың АИТВ инфекциясының алдын алу туралы хабардарлығын арттыру, адамдардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру, тестті уақтылы тапсыруға ынталандыру және АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға түсіністікпен қарауға ықпал ету.
Науқан аясындағы іс-шаралар
Сауда-ойын-сауық орталықтарында, жоғары оқу орындарында және Орталықтың өзінде АИТВ-ға ерікті экспресс-тест тапсыру пункттері жұмыс істейді. Мамандар келушілерге инфекцияның жұғу жолдары, алдын алу шаралары және тест тапсырудың қолжетімділігі туралы кеңес беріп, ақпараттық материалдар таратады.
Орталық дәрігерлері қысқа бейнероликтерде ең жиі қойылатын сұрақтарға жауап береді: адам неліктен өзінің АИТВ мәртебесін жылдар бойы білмей жүруі мүмкін, бүгінде АИТВ-мен белсенді өмір сүруге бола ма, вирус негізінен қандай жолмен жұғады, тест тапсыруды неге кейінге қалдыруға болмайды және халыққа алдын алудың қандай заманауи әдістері қолжетімді. Сондай-ақ дәрігерлер жүкті әйелдердің АИТВ-ға неліктен уақтылы тексерілуі керек екенін, антиретровирустық терапия баланы вирус жұқтырудан қалай қорғайтынын және АИТВ-мен өмір сүретін әйелдерге жүктілік кезінде қандай медициналық сүйемелдеу қолжетімді екенін айтып береді.
Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні қарсаңында, 2026 жылғы 27 қарашада сағат 11:00-де Астана қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өтеді. Брифингте елордадағы эпидемиологиялық ахуал, алдын алу жұмысының нәтижелері, АИТВ инфекциясын ерте анықтау мен емдеу мүмкіндіктері туралы айтылып, журналистердің сұрақтарына жауап беріледі.
Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының бағалауынша, 2026 жылы Астанада АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың болжамды саны – шамамен 3 800.
2026 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша Астанадағы АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың болжамды санының 89 %-ы өзінің АИТВ мәртебесін білген. Олардың 91 %-ы антиретровирустық терапия қабылдаған, ал ем алып жүргендердің 92 %-ында вирустық супрессияға қол жеткізілген. 2026 жылдың 10 айында елордада АИТВ инфекциясының 295 жаңа жағдайы анықталды. Бұл – 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15 жағдайға аз.
Анықтама үшін
Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні жыл сайын 1 желтоқсанда атап өтіледі. АИТВ-ға тестілеу ерікті әрі тегін, қалауыңыз бойынша анонимді түрде жүргізіледі. Тексеруден өтіп, кеңес алу үшін Астана қаласы әкімдігінің «АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы» МКҚК-ға жүгінуге болады. Мекенжайы: Ілияс Есенберлин көшесі, 5/1.
БАҚ үшін байланыс: Талапқанұлы Ераман, тел.: +77072140699