Еңбек адамын қорғауға арналған жалпыұлттық бастамалар Халық кеңесіне табысталды

Еңбек адамын қорғауға арналған жалпыұлттық бастамалар Халық кеңесіне табысталды
фото: ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы

Павлодарда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Сатыбалды Дәулеталин мен Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошановтың қатысуымен «Еңбек адамы – Ел бірлігінің тірегі» республикалық кәсіподақтар форумының пленарлық отырысы өтті. Жиынға сондай-ақ салалық және аумақтық кәсіподақ бірлестіктерінің, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының басшылары, еліміздің өңірлерінен келген еңбек ұжымдарының өкілдері мен әлеуметтік әріптестер қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Қатысушылар бір күн бұрынғы талқылаулардың нәтижесінде әзірленген «Еңбек адамының үні» атты 25 жалпыұлттық бастаманы таныстырды. Бұл ұсыныстар әділ еңбекақы төлеуге, жұмыскерлердің қауіпсіздігі мен әлеуметтік қорғалуына, еңбек ететін отбасылардың әл-ауқатына, технологиялық өзгерістер кезеңінде жұмыс орындарын сақтауға және еңбек ұжымдарының қоғамдық өмірге араласуына қатысты.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин 25 жалпыұлттық бастаманың стратегиялық қырларын таныстырып, кәсіподақтардың ұстанымын жеткізді және еңбек ұжымдарының ұсыныстарын жалпыұлттық деңгейде ілгерілету жолдарын айқындады. Спикер мемлекеттің басты құндылығы – еңбек адамы екенін еске салды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әділетті мемлекет құруға, халықтың әл-ауқатын арттыруға және елді технологиялық жаңғыртуға бағытталған стратегиялық бағдарды айқындады. Біз бұл бағдарды қолдаймыз және барлық өзгерістердің өзегінде адам болуы маңызды деп санаймыз. Біз еңбек адамы - мемлекеттің тірегі деп жиі айтамыз. Бірақ осы сөздің тағы бір маңызды мәні бар.Мемлекет мықты болса, ол да еңбек адамына берік тірек болуы керек. Адал еңбек еткен адам лайықты өмір сүріп, отбасын асырап, бала-шағасын өсіріп, ертеңгі күніне сеніммен қарауға тиіс. Бұл - әр адамның қарапайым әрі заңды тілегі. Әлеуметтік әділеттілік туралы сөзді де осыдан бастағанымыз жөн.», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Төраға бірлескен Форумды өткізу бастамасын қолдағаны үшін Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошановқа алғыс айтты.

Еске салайық, Кәсіподақтар федерациясы конституциялық өзгерістерді талқылауға қатысып, жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері бойынша ұсыныстар енгізген болатын. Жаңа қоғамдық институт – Қазақстан Халық Кеңесінің Конституцияда бекітілуі кәсіподақ қозғалысы үшін қағидатты мәселелердің бірі болды.

«Адамдар өз өміріне, елдің ертеңіне әсер ететін шешімдерді талқылауға тікелей қатыса алуы керек. Кәсіподақтар федерациясы мен Қазақстан Халық Кеңесі - адамдармен тығыз байланыста жұмыс істейтін халықтық институттар. Міндетіміз де, өкілеттігіміз де әртүрлі. Бірақ бізді біріктіретін ортақ мақсат бар. Ол - адам мүддесін қорғау, елдің болашағына қызмет ету. Кәсіподақтар федерациясы екі миллионға жуық еңбек адамының мүддесін қорғайды.Ал Қазақстан Халық Кеңесі қоғамның әртүрлі топтарына ел дамуының маңызды мәселелерін талқылауға қатысуға жол ашады. Сондықтан біз Халық Кеңесімен бірлескен жұмысты еңбек адамдарының үнін елдік деңгейде естіртудің маңызды мүмкіндігі деп білеміз», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

«Еңбек адамының үні. 25 жалпыұлттық бастама» құжаты жұмыскерлердің өтініштері, салалық және аумақтық кәсіподақтардың тәжірибесі мен еңбек құқықтарын қорғау тәжірибесі негізінде дайындалған. Ұсыныстар бес бағытқа топтастырылған: әділ табыс және әлеуметтік әріптестікті дамыту; еңбек қауіпсіздігі және әлеуметтік қорғау; жұмыс істейтін отбасының әл-ауқаты; технологиялық өзгерістер жағдайында адами әлеуетті дамыту; жұмыскерлердің қоғамдық өмірге қатысуы.

Бастамалардың тәжірибелік мәнін салалық кәсіподақтар мен еңбек ұжымдарының өкілдері тарқатып айтты.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Еңбек адамының үні. Қазақстанның еңбек ұжымдары мен кәсіподақтарының 25 жалпыұлттық бастамасы» құжатын Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошановқа табыстады.

Халық Кеңесінің Төрағасы еңбек заңнамасын жетілдіру, еңбек қауіпсіздігіне қоғамдық бақылауды күшейту және әлеуметтік әріптестікті дамыту жөніндегі кәсіподақ бастамаларын қолдады. Ерлан Қошанов жұмыскерлердің жағдайы мен кәсіпорындардағы мәселелерден хабардар болғандықтан, кәсіподақтар жалпыұлттық қоғамдық күн тәртібін қалыптастыруға қатысуы тиіс екенін атап өтті.

Жұмысты әрі қарай ұйымдастыру үшін Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесі жанынан «Еңбек дауысы» жұмыс тобын құруды ұсынды. Оны Халық Кеңесінің мүшелері мен Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы басшылығының өкілдері басқарады деп жоспарлануда.

«Павлодардағы кездесу Қазақстан Халық Кеңесінің кәсіподақ қауымдастығымен осындай форматтағы алғашқы алаңы болды. Біз әр бастаманы, әр сөзді нақты шешімге айналдыруымыз керек. Бүгін бізге артылған сенімді бәріміз іспен ақтауға тиіспіз», – деп түйіндеді Ерлан Қошанов.