Тақырыбын тапқан ақын

Тақырыбын тапқан ақын

Қасымхан Бегманов – тақырыбын тап­қан, қолтаңбасы айқындалған ақын. Нәзік лирикадан бастап, сағыныш суреттері, адамгершілік иірімдері, Отанға, туған жерге деген концептуалды байламдары өзіндік өрнегімен ерекшеленеді.

Бүгінгі таңда поэзияның жоғары сатысына көтеріліп, өзі орта қалыптастыратын деңгейге жетті. Әдебиеттің түрлі жанрларында қалам тербеп, асыл сөз палитрасындағы бояуларын қанық, нақышты қыла түсті. Эпитет, теңеу сияқты бейнелеу құралдары көркемдік қуатын арттырды. Ол тұрғызған жыр күмбезіне қай ракурстан, бұрыштан қарасаң да, ұлттық колоритті танисың. Жырауларға тән екпінінен ағызып бара жатқан арғымақтың тынысын сезіп, рухтанып кетесің. Құмалақ шашып жіберіп, алдағы күніңді болжағандай әсерге бөленіп, оның айтқан ойы, жасаған түйінімен үнсіз келісесің.

Топырағына кіндігімен байланған жанда ғана шынайылық басым. Ол әлемнің ақ жүзін таңғы шықтай адалдығымен жуып, ізгілік пен мейірімнің егізіне айналған. Ауылдағы қарапайым еңбек адамдарын ұлықтап, атын өлеңге қосып, сағынышымен қымтайды біледі. Қыр жаққа көшіп кеткен анасының әруағына басын иіп, қаламының көмегімен тірілтіп алады.

«Үнсіз жатам таң атарда сібірлеп,

Жаратқанға сыйынамын күбірлеп.

...Жапырағын тағы жайды жүзімдер,

Қайран анам егіп кеткен түбірлеп», – деп тебіренеді. Жер басып жүрген көп адамның басында бар бұл жай ешкімді бейжай қалдырмайды. Метафоралық мағынасы терең, символикалық мәнге ие. Қайта түлеген табиғат арқылы ұрпақ жалғастығы барлығына шүкіршілік айтады.

Кез келген шығармашылық иесінің тұлға болып қалыптасуына туған ортасы, оның магиялық күші септесіп, мінездегі беріктігін қалыптастырады. Жұмекен Нәжімеденовтің Қошалағы, Мұқағали Мақатаевтың Қарасазы бусанған болашақ мұраттарының аттаныс нүктесінде тұрса, Қасымхан Бегмановтың Бабайқорғаны да осы тартылыстан ажырамаған.

«О, шөлдің сәні сексеуіл,

Анаммен талай

сырласушы едің, ошақта,

Дала мен мені қосақта.

Әрбір минуты қымбат

болса да өмірдің,

Ауылға барып алаңсыз жатам осы апта», – дейді автор көтеріңкі пафоспен. Кіші отанын шексіз сүюден туған шумақ. Етжақындары, небір қимастары соңғы аялдамасын тапқан қырдағы белді аңсау, сартап сағыныш. Түннің көзіндей жарқыраған қала шамдарының жарығында трамвай күтіп, әлсіз ойнап тұрған блюз ырғағы тудырған ойлар. Ақында сезім қылын шертетін мұндай нәзік жолдар өте көп.

«Мұңдылау қыр... жеттi

ендi сабырсыз дер,

Тұлпарлардың байлайтын

 бағын сiздер.

Қатпарланған қайғымды көтерiстiң,

Қара суық жалаған сағымсыз бел», – дейді «Бейіт басында» деген реквием сипатындағы туындысында. Ол – кейіптеудің шебері: табиғаттың қаталдығын қағазға түсіру арқылы ішкі қайғысымен бөлісіп, ностальгия скрипкасында әдемі ойнайды.

Ақын құс тұмсығындай қысқа ғұмырды аялауға шақырады. Өмір мен өлімнің құқығы тең екенін еске салып, философиялық қорытынды жасайды. Екі дүниесін қатар ойлаған ақ пен қараны айырып, әр ісіне ардан күзет қоярын ескертеді. Қазіргі азғындығы басым, айла-шарғысы үдеп тұрған заманның райы мен реңін түзетуге талпынады.

«Бәрі бастан өтті ме,

Келеді кез шешетін.

Абайлап бас шөпті де,

Түбі үстіңе өсетін», – дейді автор. Оқырман жадында қалғып кеткен қарапайым моралды оятып, айналасын сергітіп, әдеби терапия жасайды. Әрбір жаратылыс пен тіршілік иесінің гармониясы, симфониясы бар екенін мойындап, бұрын естімегін дауыстарға құлағыңды түресің. Ал «Құлазу» өлеңіндегі мына бір шумақ шағын эпизодқа тұтас кеңістікті сыйдырып тұр:

«Оған бәрі елес қой,

Көз алдынан өтетін.

Өмір арық емес қой,

Аттап өтіп кететін». Жандүниеңді қозғалысқа түсіріп, артта қалған, енді оралмайтын сәттерің мен мезеттеріңді есіңе аласың. Қағаз қайықпен ойнаған балалық кезің, тағдырдың асау толқынымен алысқан есейген шағың көз алдыңа келеді. Кішкентай ғана детальдан үлкен мән іздеген ақынның өзіндік мәнеріне таңғаласың.

Ұлы достықтың жібі үзілмей, бір-біріне деген құрметі мәңгі сақталады. Оның қазақ поэзиясының құбылысына айналған Есенғали Раушановпен рухани туыстығы өзге қаламдас әріптестеріне үлгі боларлықтай. «Құстар – біздің досымыз» эсселер кітабының авторына арнаған аза жырларын күңіренбей оқи алмайсың. Соның бірі – «Тұлпар» циклді өлеңдері.

«Тар лақатқа неғайбыл сиярыңда,

Нені ойладың жалғанды қиярыңда.

Кетіп қалдың есімді жиярымда,

Көктем сайын ұшасың құсқа

айналып,

Көкмойнақ жыр қалқиды қиялымда», – дейді ол. Маржандай жарқылы бөлек өлеңдері өз алдына, орнитологтармен бәсекеге түсуге жарап жатқан бесаспап үзеңгілесінің жарық дүниемен тым ерте қош айтысуы жүрегіне үлкен жара салды. Адам рухын құсқа теңеу арқылы оның еркіндігін, алда мәңгілік өмірі барын меңзейді. Биологиялық ғұмыры аяқталғанымен, әдеби ғұмыры жалғаса беретінін көңілге медеу тұтады.

Қазақ дүниетанымында «қоңыр» ұғымы – бояудың ғана түсі емес, қарапайым­дылық пен тыныштықтың үйлесімі, табиғатпен одақтасу белгісі және дәстүріне байланған бренді. Қасымхан Бегмановтың төлқұжатына айналған «Қоңыр» өлеңі даланың жусан иісін, сексеуілдің шоғын, күпінің жылуын, күбінің дәмін сездіреді.

«Қоңыр өлең, қоңыр ауыл, қоңыр ән,

Қоңыр бала табиғатын қорыған.

Қарапайым қоңыр ақын үлгі боп,

Салқын самал көзін сүрткен сүлгі боп», – деп құйылып түскен жолдардың шынайылығына сүйсініп, шеберлігіне тәнті боласың. Табиғи ретпен қаланған сұлулығы кеудеңде шайқалып, көңіліңді көлдей тасытады. Жұмекен Нәжімеденов автордың тырнақалды «Бастау» жинағына жазған алғысөзінде: «Талант – құнарлы топырақ қана. Топырақ өздігінен өнім бермейді, оған дән себу, оны күтіп, баптау керек. Сонда ғана ол ырыс-берекеге айналады. Қасымхан мына жинағымен топырағын танытты...», – дейді. Болмысы жұмбақ, «қоңыр» категориясын өз кульминациясында жырлаған ақын жас перінің беталысын бірден байқап, ақжол тілеп, өлең өлкесіндегі тұсауын кескен. Киелі ауыздың сенімі алдамағаны анық.

Мағыналы мәтіннің сұлу әнмен көмкерілуі оған екінші өмір сыйлайды. Композитор мен ақын арасындағы тандем мәңгілік шығармалар тудырып, тотықұстай түрленіп шыға келеді. Ол  – «Теміртау түні» (Ілья Жақанов), «Алматым – әнім» (Қалдыбек Құрманәлі,) «Көктемге хат (Гауһар Әлімбекова) «Аяулыма» (Арман Бексұлтан), «Ол көктем оралмайды» (Роза Әлқожа), т.б. хит әндердің сөзін жазған. Бір қайнау ішінде, кедір-бұдырынан көз сүрінетін мипалау емес, мизамшуақ туындылар. Мысалы, Арман Бексұлтанмен бірлесіп жазған «Дүние» толғауында:

«Дүние қызыл-жасылды,

Сан ұрпақ саған бас ұрды.

Толқын да толқын қазақтың,

Топырақ жүзiн жасырды», – деп уыстай ғана ұлтымыздың мойнына қылбұрау түскен ащы тарихын айта келіп:

«Жүрегiн жаудың қақ тiлген,

Алшайтып тұрып ат мiнген.

Қазақ деп жылап жаттым мен,

Қазақ деп мұңға баттым мен», – деп халықтық деңгейде толғанып, тарихымыздың ақтаңдақ беттеріне шолу жасайды. Бодандықтан бостандыққа ұмтылған алаш жұртының өткенін ашына толғап, тұлпардың алдыңғы аяғын аспанға көтеріп, ақырып азаттық сұраған елдің аласапыран жылдардағы азапты асуларын жіпке тізеді. Азаматтық поэзияның жарқын үлгісі. Интернетке байланған бүгінгі Z және Alpha буынға бабалар аңсаған теңдіктің қадірін ұқтырады. Оқығанын тез ұмытып қалатын бүгінгі «балық-санаға» бәрін қайта түсіндіріп, осы жердің егесі біз екенімізді айтады. Елшіл, мемлекетшіл рухта тәрбиеленіп жатқан әрбір жасөспірім заманауи эстрадалық өңдеуден өткен осы шығарманы отбасылық гимніне айналдыруы тиіс.

Қасымхан Бегмановтың «Мұстафа Шоқай жолымен» халықаралық экспедициясы – бүкіл бір институт атқаратын ауқымды еңбек. «Тұтас Түкістан» идеясын өмірлік кредосына айналдырған тұлға болмысы ақын қаламына жаңа серіп, реңк берді. «Шерлі Түркістан» дастаны көксерек жанға көркем сөзбен қойылған ескерткіш болғаны анық. Тұнған элегия. Кеше мен бүгіннің бетпе-бет келуі, дидарласуы кино ленталарындай тізбектеліп сала береді.

«Қара жол ойдым-ойдым

тынған анық,

Құлаған ескі столба сымға оралып.

Мұстафа Шоқай ердің атажұрты,

Бұйығып жатыр екен құмға оранып», – деген шумақтан Наршоқының бүгінгі кейпін көріп, жабырқап қаласың. Шағын ауылдан жаһандық масштабқа көшін ұзатқан кемеңгер тұрағын жергілікті атқамінерлер қадірлей алмағанына қынжыласың.

Ақберен рухты, арыстан жүректі батырымыз аңдыған жау көзінен – қызыл террордан тасаланып, ернеуі тар лақатқа да жасырынған. Тәуекелі басым, қаупі орасан жылдар қасіретін ақын шын сезінеді.

«Мұндайды бұрын көріп пе ең,

Сезгендей тіпті боласың.

Пана ғып жатты өлікпен,

Қоққанның шеткі моласын», – деп толғанады ол. Құйқа тамырыңды шымырлатып жіберетін көрініс. Күрес­кер өмірінен алынған осы бір штрих дастанның даму динамикасын күшейтіп, сюжет құруда авторлық шешімнің мақсатына жеткенін аңғартады. Бұл – бұрыннан айналымда бар деректерге сүйеніп жаза салу емес, автордың оқиға болған жерге өз аяғымен барып, фактілерді, куәгерлер мәліметін жан-жақты салыстырудың нәтижесі. Бұл айтқанға ғана жеңіл.

Өзбекстан, Ресей, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Франция, Германия сияқты бірнеше елдің шекарасын асу, дипломатиялық кедергілерді реттеу, сирек құжаттарды қолға түсіру – бұл турист болып бару емес, күрескер тұлғаның әр қимыл, іс-әрекетіне құлақ түру маршруты еді.

«...Қайтейін қалмаған

 соң басқа амалым,

Тарихты өткен, кеткен ақтарамын.

Асау жыр боп оянып көкірегіңде,

Хат болып кейінгіге сақталамын», – деген автор байламымен келісіп, өткенге ой жүгіртесің. Қазіргі таңда түркітілдес халықтар Тұран одағын құру бастамасын жиі-жиі көтеріп, үлкен мінбелерден мәлімдеме жасау­да. Әлемдегі турбулентті жағдай, геосаяси мәселенің шиеленісуі бір жұдырық болып жұмылып, ортақ мүдде жолында күш біріктіру қажеттігін алға тартуда. Жиырмасыншы ғасыр басында теория жүзінде қалып қойған тізе біріктіру жоспарына қайта жан біткендей. Осы ізгі мақсаттың аттаныс нүктесінде тұрған Мұстафа Шоқайдың күрескерлік жолы, оның идеясына жан бітіріп, жүйелеген, жаңғыртқан Қасымхан Бегмановтың жанкешті жорығы, шығармашылық шеруі мемлекет тарапынан қолдау тауып, барынша бағалануы қажет.

Өз жеріңде жалға алушы құқығында болудан асқан қасірет бар ма? Патшалы Ресейдің 1868 жылғы «Уақытша дала ережесі» киізтуырлықты қазақ елінің территориясын империя меншігі санап, онда қоныстанған титулды ұлтқа шекесінен қарады. Өткен ғасыр басындағы демократиялық қозғалыстар саяси сахнаға «Алаш» партиясын алып келіп, елге тұтқа болар ат төбеліндей қайраткерлерді күрес майданына шығарды. Автордың «Алашорда аманаты» поэмасы дүрбелеңге толы, дүрмегі мол кезеңнің диагнозын дәл қойып, сол дәуірдегі сүт бетіне шыққан ұлт қаймақтарының тұтас галереясын жасайды.

«Қазақ әйелі туады әлі,

олардай асыл тұлғаны,

Шығады елім таулар мен

биік қырға әлі.

Шығарып салып тұрмын мен

жалғыз тізіліп ұшқан тырнаны,

Жүректі баурап жазылар

жырдың ырғағы.

Асылдарым-ай,

Ел мен Жер үшін қуғын-

сүргіннің құрбаны,

Жағалап жүріп ойладым су қашқан ескі жылғаны», – деген төгіліп түскен шумақтың поэтикалық қуаты, рух шақырар энергетикасы орасан зор.             Қасымхан Бегмановтың жауқазын жырлары ренессанстық, қайта өрлеу дәуірінің басында тұрған жампоздарымыздың бейнесін жадымызға қайта түсіріп, тарихтан сабақ алуға шақырады. Тізерлеп тұрып:

«Туған жер! Жерленбесе төсіңе егер,

Ере алмай қалған болсақ көшіңе егер.

О, мұңлы Алашорда, кеш іздесек,

Біздерді кешіре гөр, кешіре гөр...», – дейді жалынышты үнмен. Жайнамазындай жайылған ақ қағазына бәріміз үшін тағзым етіп, сарғайған мұрағат беттеріне үңіледі. Оның сезім пернелерін дөп басатын нәзік лирикасы өзінің болмысына да керемет анықтама береді.

«Уайым-қайғы тумай

жатып жедің ғой,

Қаршадайдан қосып алған сезімге ой.

Сағыныштан жанып кеткен отызда,

Мен Төлеген Айбергенов едім ғой...», – дейді буырқанған көңілмен. Ақжал толқындары жартасты ұрған теңіздей тасып-төгілуі, шабыттанғанда атыраулап кететін қарқыны, эпикалық сарынға түскенде «Эврика!» деп шалқуы – бәрі-бәрі өзіне жарасады.

Ақын жүрегі дүние жүзіндегі барлық қиын ситуацияларды өзіне жақын қабылдайды. Қарлығаштың қанатымен су сепкендей көмекке ұмтылып, адамзат назарын соған бұрады. Бауырлас Анадолы жұртындағы алапат жер сілкінісі «Түркиямен мәңгі біргеміз!» өлеңін жаздырып, дабыл қақтырды.

«Көктем келер жер дүние боялып,

Өкпе-назды, арзан сөзді қоялық.

Қасірет пен кемшілікті жоялық,

Ғасырларға созылмасын өкініш,

Бірігіңдер, бүкіл Түркі, оянып!» – деп алысты болжап, жұмыла көтерген жүк жеңіл боларын тұспалдайды. Мемлекеттер арасындағы тату көршілік саясатын нығайтып, ортақ құндылықтарды дәріптеу, мәдениетаралық байланыстарды арттырып, бір-бірін аудармасыз түсінетін елдер арасын жақындату – міне, әлемдік деңгейге көтерілген қалам қайраткерінің бұл да арманы.

Біздің кейіпкер жер мәселесінде түрлі саяси жағдайлардың ұршықша иіргенін барынша түсінгенімен, үлесінен айырылып қалған тұстарды өткір тілімен айтып салады. Қайсар бабаларының жоғын іздегенде жұққан әдет болса керек. «Бесқала» циклі мен «Ташкентпен қоштасу» – ішіне өкініш пен өксік толған перзенттің қоғамға қаққан қоңырауы болса, «Құлындының даласы-ай» өлеңі де қоңыр мұңмен көмкерілген.

«Құлындым-ай... кісінейсің

шырқырап,

Ай астында жусан иісі бұрқырап.

Асты бұлақ, өзегі – өзен, сырты бақ,

Ана қырда қадірлімнің жұрты қап.

Ұлы дала етегінен қырқып ап,

Жүрегімнің тең жартысын жыртып ап», – дейді ол. Жатқа қонысының бір сүйемін де бергісі келмейтін жанның ышқынған, ызаланған дауысы. «Этнографпен әңгіме» кітабы авторының бұл күзелісі қандай аянышты десеңші! Жазиралы белін, оның бал татыған суын қимаудан туған жыр жолдары.

Бабайқорғандық Бегманов бозаң шағында «он сегіз» бен «жиырма бесін» жырлап, кесте тоқыған қыздарға десте жырын арнаса, кейін келе өрісін ауыс­тырып, ұлттық деңгейге көтеріліп, түрлі жанрларда қалам тербеді. Оның «Менің Мұстафам» тарихы монодрамасы ­М.Әуезов атындағы мемлекттік театрында қойылып жатса (қоюшы режиссері – Әубәкір Рахимов), «Ер Төстік», «Ұр, тоқпақ!» балаларға арналан пьесалары республикамыздың қуыршақ театрларының репертуарынан түспей, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. «Дәстүр» этнографиялық журналы қазақ журналистикасының олжасына айналды. Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары ретінде күллі әдеби процестердің бел ортасында жүр. Оның шығармашылығы жайлы сөз өнерінің Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Өтежен Нұрғалиев, Қабдеш Жұмаділов, Дулат Исабеков, Әшірбек Сығай, Темірхан Медетбек, Серік Ақсұңқарұлы, Есенғали Раушанов сияқты мүйізі қарағайдай өкілдері кезінде жылы пікір білдірді.

Ойымызды түйіндер болсақ, Қасымхан Бегмановтың «Құланиек, құба таң» таңдамалы жыр кітабы «Әдебиет» аталымы бойынша ҚР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылып, сарапшы топтың әділ бағасын алуға лайық.

Бекжан ӘШІРБАЕВ,

ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының

лауреаты