Қазақ руханиятының жоқшысы

Қазақ руханиятының жоқшысы
фото: juzmedia.kz

Илья Жақанов десе!.. Есімі біз үшін әсем сазды, көркем назды, әуезді әндерімен халқының жүрегін баураған «Ақ қайың», «Жалғыз қайық»,
«Алматы кешінде», «Әсел», «Асылым», «Түнгі сыр», «Жайлаукөл кештері», «Нені ойладың?», «Еділ мен Жайық», «Толағай», «Кеңгірдің қоңыр кештері», сияқты әндері құлағымызға келеді. «Жүректен шықпаған ән жүрекке жетпейді» дейді дана халқымыз.

Илья аға әндерінің кесек жаратылысы мен халық­шылдығы көңіліңнің көкжиегін кеңейтіп, әсем сезімге бөлейді. Көздері тірісінде әндері халық әндеріне айналған екі атақты композитордың бір-бірінің өнерін мойындауы, ұлы достығын Шәмші Қалдаяқовтың: «...Мен өзгеше сыйлайтын тағы бір композитор бар. Ол – Илья Жақанов. Бір ғажабы сол әндерінде қырғыз ағайындардың мұңлы сарыны бар. Бірақ онысы қазақтың шерлі әуендеріне ерекше бір жаңа мазмұн беріп, тек Ильяға тән әндер туды. Сонымен қатар жазушылығы, музыка зерттеушілігі ше?

Біздер атын естігеніміз болмаса, өмірлерін біле бермейтін халық композиторларының шығармашылығын нағыз білгірлікпен зерттеп, олардың өмірі жайында құнды деректер берген. Ильяның еңбегі қазақ музыкасына қосқан елеулі бір үлес дер едім» деген пікірінен аңғаруға болады. (Ш.Қалдаяқов. «Жалын» журналы, №1,1991ж.)

Бүгінде Илья Жақанов – есімі әлемге әйгілі композитор. Оның таланты  төңірегінде толғанар болсақ, сыршыл сезімге толы «Еділ мен Жайық», «Асылым», «Түнгі сыр» сияқты әндері оның Бақытжан Байқадамов, Сыдық Мұхаметжанов, Әбілахат Еспаев, Нұрғиса Тілендиев, Бекен Жамақаев, Шәмші Қалдаяқовтар бас құрайтын «ұлы топтың» бел ортасында тұрғанын айғақтайды.

Мемлекетімізде тұңғыш па­т­риоттық «Мен қазақпын!» поэмасын жазған ұлы ақын Жұбан Молдағалиев мәтінін жазған «Еділ-Жайық» әні халқымыздың жүрегінің төрінен өз орынын алып, елдің сүйсіне орындайтын әніне айналғанда бұл әннің құдіреттілігін сезінген өлең авторы Жұбан ақын: «Илья, сен мына әнмен талай жерге барасың, рухы зор ән екен!» деп ақ батасын берген екен. Расында «Еділ-Жайық» әні Илья Жақановты төрткүл дүниеге паш етіп, үлкен абыройға бөледі.

Илья ағаның суретшіліктен басқа ешкімге айтып мақтаныш етпейтін бір қыры, оның ақындығы. Оған ағаның тұңғыш әні «Ақ қайың», «Алматы кешінде», «Әсел», «Даниярдың әні», «Жәми­ланың әні», «Әсел», «Асылым», «Бибіжан», «Жайлаукөл кештері», «Сырымбет», «Арқа аруы», «Толағай», «Қыземшек», «Бозкөл», «Кеңгірдің қоңыр кештері», «Ұлытау», «Қайда екен сол бір Ақмаңдай?», «Жаңаарқа самалы»  сияқты әндерінің мәтіндері дәлел.Бұл бұрынғы сал-сері бабаларымыздан ұласып келе жатқан синкретті (ақындық, композитор­лық, орындаушылық) өнердің бір адам бойында тоғысуының айқын көрінісі. Осы тұрғыдан алғанда Илья ағаға кешегі сері аталары Мұсайып, Молжан сал, Сапалай салдың рухтары бойына дарыған дархан дарын иесі деп толық мақтануымызға болады.

1925 жылы жарық көрген өнертанушы А. Затаевичтің «Қазақтың 1000 әні» мен 1934 жылы шыққан «Қазақтың 500 ән-күйі» зерттеу еңбектерінен кейін, бұл еңбекті тереңірек зерделеп, елуінші жылдардың бас кезінде қызыл империяның қырағылығынан сескеніп, әлі ақталмаған «халық жаулары» Үкілі Ыбырай, Мәди, Иманжүсіп, Тайжан шығармашылығын айналып өтсе де, «Қазақтың халық композиторлары» атты сал-серілер өмірінен жазған алғашқы еңбегі үшін академик Ахмет Жұбановқа «ұлтшыл» атанып, тағдыры тәлкекке түсіп, қуғын көргені тарихымыздан мәлім.

Илья ағаның өнер зерттеушілік еңбегі туралы Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев: «...Содан бері талай жылдар өтіп, алпысыншы жылдардан бастап адамның жан-жүрегін аялайтын лирикалық әндерімен дүйім жұртты аузына қаратқан Илья Жақанов есімді азамат шығып, ән дүниесінде барымыздан айрылып, қаралай тоналып қалмауымызға қам жасай бастады. Сол түңғиық та сұрапыл еңбекті арнайы нұсқаумен я болмаса үкімет тарапынан тікелей тапсыр­мамен жасаған жоқ. Өз жүрек қалауымен кірісті. Ұлттық сана, ұлттық сезім деген – осы. Академик Жұбановтың қаламына түспегендерін зерделі көңілмен, тиянақты түрде түгендеуге көшті. Халқымыздың «Елім-ай»-ынан бастап, сал-серілердің «өлді», «өшті» деген қыруар әндерін қайта тірілтіп, қарақұрым ән дүниесінің өрісін кеңейтіп, өресін одан сайын биіктетті.

Қазақ радиосының музыкалық редакциясын басқарған жылдары фольклорлық экспедициямен қазақ жерін көктей шарлап, қыруар әннің бағын жандырып, эфирден шырқатты. Кешегі бір күндері «Кеңес үкіметінің жауы» атанып, айдалып, атылып кеткен Үкілі Ыбырай, Мәди, Иманжүсіп, Жәлменнің Пышаны, «Банда Аманғали», Мүсәйіп, Сапалай секілді халық композиторларының қайғылы тағдырларын именбей жазып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен әндерін сол ғазиз жандардың өздеріне қайтып берді. Кеңес өкіметі дін аман тұрған кезде мұндай батыл тірлікке бару нағыз ерлік еді» дейді.

Илья  ағаның  зертеушілігіне кеңінен тоқталар болсақ, оның кәрі құлақ, көнекөз қариялар айтқан ауызекі тарихи деректерге өте ұқыптылығына тәнті боласың. Мысалы, Ақан сері шығармашылығын зерттегенде оның ең алғаш мінген пырағы Қоңыр ат, нағашысы сыйлаған әйгілі Құлагерінен бастап, соңғы аялап ұстаған Қара тайына дейін керемет сәйгүліктердің ғажайып галереясын жасауы, «Ақтоқтының аужары», «Ақтоқтының зары», «Нәзікгүл», «Райхангүл», «Үш тоты», «Балқадиша» әнінің түпнұсқасы, және Ақанның соңғы әні «Шырмауық»-ты қайта тірілтуі, Біржан салдың «Айбозым» әнін Шаймұқан ақсақалдан магнитофон таспасына жазып алып, оған өзі қайырма қосуы, осының бәрін тауып, шығармашылық болмысының жарқын жұлдызы болған «Гәкку» әнінің төрт түрін табуы, Көкшелік Кәрім Ілиясовтай әншіден атақты «Толқын» әнін тауып оны «Айбозым» әнімен қатар Қайраттай ғаламат әншіге үйретіп халыққа паш етуі, түсінген адамға керемет еңбек.

Сонымен қатар, Қытайдағы қазақтардың арасынан Әсеттің белгісіз «Ардағын» іздеп табуы, Шыңжан өлкесінде туып, Гоминдаң түрмесінің құрбаны болған қос әнші, бізге белгісіз – Сұлубай сал мен Бүркітбай батырға қатысты соны деректер және сол жақтан тапқан «Сұлубайдың әні», Шортанбайдың «Жиырма бесі», Шама, Ноғайбай соқыр, Тоғжан соқырлардың беймәлім әндерінің тарихы, дүниеден кеше ғана көшкен көкшелік ірі әнші, өзім алдына барып батасын алған Жанәлі Қалиев ақсақалдан жазып алған Жаяу Мұсаның «Ақшашақ», Ғайса Есенбаевтың «Есіл өзен», Бекболат Меркемединеұлының «Қайдасың, Рәшитім?», «Ажал келсе қайтемін?», Үлебайдың «Сайтанторысы», Құдайбергеннің «Желдірмесі» тәрізді мол мұраларды тірнектеп жинаған Илья Жақановтың жойқын еңбегін Жаналы ақсақал маған жыр қылып айтқан болатын.

1999 жылдың желтоқсан айында СҚО, Ақжар ауданында әнші Жанәлі ақсақалдың үйінде сәлем бере бара, қонақ болғанда, 5 жыл бұрын қазақтың қос арысы әдебиеттанушы Тұрсынбек Кәкішұлы мен өнер зерттеуші, композитор Илья Жақановпен сұхбаттас, олардың білім-қарымына тәнті болғанын мағұрлана мақтан етіп, бірге түскен фотосын қыздың жазуындай әдемі қолтаңбасымен маған естелікке сыйлаған еді.

Көрнекті әдебиет сыншысы, сәкентанушы ғалым Тұрсынбек Кәкішұлы Илья Жақановтың жазушылық қарымы хақында, «Үзілген ән» кітабына жазған алғы сөзінде: «Илья әр әннің қыбын тауып, әлеуметтік мәнімен қатар суреттелер кезін, әншінің ақжарқын бейнесінде ұтымды көрінер сәтін жіті бақылай біледі. Осынысымен  оқушысын тұмылдырықтаған тайлақтай жетелеп, айтқанына көндіреді, тыңдатады, сендіреді», – деген екен. Бұл жазушы, композитор, зерттеуші Илья Жақановтың сан-салалы еңбегіне берілген жоғары баға.

Дарынды композитордың 1961 жылдан жиыр­ма бес жыл бойы ән, романстар арнаған Абай тақырыбына қалай келгендігі туралы өзін тыңдар болсақ: «Абай бір өлеңінде «Жүрегімнің түбіне терең бойла» дейді. Осы сөзі өмірімнің соңғы сәтіне дейін ойландыра беретін шығар.

...Абай: «Жылай, жырлай өлгенде, арттағыға  сөз қалсын» деді де, шамасы жетпеген көп істі жауып қойып кете барды. Жан-жүрегім талықсып, Абай көрген құқайды өз басымнан  өткергендей боп дел-сал күйге түскенде, бар дәрмен, бар медетті  Абайдың өзінен... өзі деген өлеңі... сол өлеңнен табамын» дейді. «Ем таба алмай», «Қиыстырып мақтайсыз», «Ауру жүрек ақырын соғады жай», «Есіңде бар ма жас күнің?», «Қартайдық, қайғы ойладық..», «Жүрегімнің түбіне терең бойла», «Жалғыз жалау», «Жартас», «Бір жым-жырт жолға шықтым түнде жалғыз» деп аталатын ондаған ән-романстары осының айғағы.

Илья ағаның композиторлық тағы бір ерекшелігі соңғы жылдары екінің бірінің қарымы жетпейтін толғау-терме жанрын да сәтті қамтуы дер едім. Ақын Қасымхан Бегемановтың өлеңіне жазған алғашқы «Дүние» толғауы  әйгілі әнші Мейрамбек Беспаевтың орындауында «Шал ақынның толғауы» болып хабарланып, халықтың жүрегін баурап, елдің сүйсініп тыңдайтын шығармасына айналды. Ақиқатында бұл толғаудың авторы Илья аға екенін кейіннен білдік. Қандай жанға жақын көне сарын, ал өлең мәтіні ше?! Еріксіз орта ғасырға жетелейді. Сонымен қатар, өзі шығарған бабасы Әйтеке болып толғанып «Әйтеке бидің толғауын» дүние­ге әкелуі жүрек үні, ғасырлар әуенімен үндескен, тереңнен шыққан телегей дерсің!

Лирик композитор, қарымды қаламгер, өрелі өнер зерттеушісі, арқалы ақын, сырбаз суретші, сегіз қырлы, бір сырлы кешегі сал-серілердің заңды жалғасы Илья Жақанов ағамыз ғасырлар тоғысында қазақ өнерінің рухани құндылықтарын зерттеп-зерделеу миссиясын абыроймен атқарып, «күпі киген әндерімізді шекпен жауып» болашаққа аманаттаған тұлға. Оған жазған зерттеу еңбектері, Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған радио-новеллалары, шығарған шедевр әндері куә.

Таяуда торқалы 90 жасқа толған қазақ өнерінің абызы Илья ағамызға Алла тағала қазақ ән өнерінің жоқтаушысы болғаны үшін денін сау, шығармашылығын табысты, ғұмырын ұзақ қылғай.

Серік Оспан,

өнер зерттеуші,
әнші-термеші,

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі