Ақиқат пен аңыз

Ақиқат пен аңыз

(Шайқас шежіресі)

Әзілхан Нұршайықов – жетпіс жыл бойы үзбей күнделік жазған қаламгер. Ең алғашқы ай-күнін көрсеткен жазбасы 1940 жылғы 27 маусымнан басталады. Соңғы жазбасы 2011 жылғы 6 ақпан күні түскен.

Ол соғыстан 16 күнделік алып келді. От пен оқтың ортасынан келген осы 16 күнделіктің жайын елдің бәрі біле бермейді. Бұл жазбалар әрқайсысы отыз-отыз бес баспа табақ болатын екі томды құрайды. Көзі тірісінде «Әскери күнделік» деген атпен бірінші томы ғана «Өнер» баспасынан жарыққа шықты.

Әзағаңның майданда жүріп, үзбей күнделік жазуы – екінші дүние­жүзілік соғыстың тарихындағы аса қызық құбылыс­тың бірі. Өзі шайқасқа кірген күннен бастап, жеңіс күніне дейінгі ұрыс шежіресі түгел қатталған. Ресейдің әйгілі әскери журналистерінің күнделік жазбалары болғанын білеміз. Ал қан майданның өтінде жаяу әскердің соңын ала зеңбірек сүйретіп жүрген сержанттың соғыс біткенше дамылсыз күнделік жазуы – таңқаларлық оқиға. Ажал төбеңнен төніп тұрғанда есеңгіремей еңсені тіктеп, майдан шежіресін қағазға қаттап отыруға кімнің құлқы болар?! Сөйтіп, Әзағаңның жанкештілігі арқасында тұтас бір майданның әр сәтінің айы-күніне дейін анық таңбаланған дәлме-дәл жылнамасы қолымызға тиді.

Бұл күнделіктер уақтысында неге жарияланбады? Олай болатын жөні бар. Жаһандық сұм соғыстың бүкіл қоясын ақтарған жазбаларды діні қатты кеңестік дәуірде кімге үлгі етіп ұсынарсың?! Өйткені онда идеалданған көркем көрініс емес, болмыстың өз бейнесі тұр. Автор соғыстың суретін өмірдің өз бояуымен салды. Күнделік иесі майданда не көрсе, соны айна-қатесіз қағазға түсірді.

Соғыс тарихының бізге беймәлім беттерін мол қамтыған күнделікте жалынның отына қақталған шындық бар. Ұрыс даласындағы қазақ жауынгерлерінің нағыз кейіп-келбеті көрініс тапқан. Жаһандық соғысқа қатысқан жаужүрек ұлттың тарихы қанмен жазылған.

Қазіргі кейбір күнделіктердің басылып шық­қан нұсқасын оқып отырып, заманның ыңғайына бейімделіп, қайта өңделгенін аңғарасың. Бірқатар беттердің жыртылғанын сезесің. Ал Нұршайықов күнделіктерінде жақсы мен жаманның, ақ пен қараның арпалысы бар. Оның күнделіктері әдеби тұрғыдан өңделмейді. Автор бірде-бір сөйлемінен бас тартпайды. Бірде-бір әрпін қисайтпайды.

Бұл жазбалар талайды тәубәсіне түсіреді. Бұл – бейбіт өмірдің әр таңын алақайлап тұрып қарсы алуға үйрететін күнделік! Әзілхан Нұршайықов шығармашылығы осымен де құнды.

Мынау – ұқыптылығы мен тиянақтылығы таң­дай қақтыратын әйгілі Әзағаңның әңгіме айтып отырған сәті. Фототілші Шүкір Шахай осы мезетті нысанаға іліктірген. Баршаға танымал «Ақиқат пен аңыз­дың» авторы да ақиқат пен аңыздың арқатынасына бергісіз ғажайып ғұмыр кешті...

Бауыржан ОМАРҰЛЫ