Астанада 15-22 қараша аралығында 2009-2010 жылдары туған жастар арасында бокстан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді. Ел біріншілігіне Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің 17 облысынан келген спортшылар қатысады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жарыс елордадағы «Beeline Arena» Ұлттық теннис орталығында ұйымдастырылады. 15 қарашада чемпионаттың мандаттық комиссиясы өтеді. Ал 16 қарашада боксшылар жарыс жолына шығады.
Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімі сағат 12:00-ге жоспарланған.
Чемпионатта боксшылар 10 салмақ дәрежесінде – 50, 55, 60, 65, 70, 75, 80, 85, 90 және +90 келіде өзара мықтыны анықтайды.
Қазақстан чемпионатында Астана қаласының намысын 31 боксшы қорғайды. Олардың қатарында халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізген спортшылар бар.
Атап айтқанда, Ташкентте (Өзбекстан) өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының жеңімпазы Сабыржан Сағым (90 кг), Бахрейннің Манама қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарының чемпионы Досжан Жұмақан (65 кг) және аталған жарыстың қола жүлдегері Санжар Матасов (75 кг) елорда намысын қорғайды.
Ел біріншілігінің қорытындысы бойынша әр салмақ дәрежесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады.