Заң үстемдігі – қоғамдағы әділдіктің басты кепілі

Заң үстемдігі – қоғамдағы әділдіктің басты кепілі
фото: жеке мұрағатынан

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында еліміздің құқықтық жүйесін жаңғыртуға қатысты маңызды міндеттер айтылды. Соның ішінде жаңа Конституцияның қабылдануы мен оның негізінде мемлекеттік институттарды одан әрі жетілдіру мәселесіне ерекше тоқталғым келеді.

Биыл 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституция еліміздің дамуындағы жаңа кезеңнің негізін қалады. Ендігі маңызды міндет – Негізгі заңда бекітілген қағидаттардың күнделікті өмірде нақты жүзеге асуын қамтамасыз ету. Өйткені азамат үшін заңның маңызы оның қағаз жүзінде жазылуымен емес, өз құқығының қаншалықты қорғалуымен өлшенеді.

Жолдауда жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу және сот жүйесін одан әрі жетілдіру мәселелері де көтерілді. «Заң мен тәртіп» қағидаты да тек мемлекеттік органдардың жұмысына қатысты ұғым емес. Ол – теңдік, азаматтардың құқықтарына құрмет және қоғамдағы ортақ жауапкершілік.

Меніңше, кез келген реформаның шынайы нәтижесі халықтың әділдікке деген сенімімен өлшенеді. Сондықтан құқықтық өзгерістердің түпкі мақсаты – әрбір азамат өзі өмір сүріп жатқан мемлекетте өзінің заңмен қорғалғанын сезінуі керек. Өзін қауіпсіз сезінуі тиіс.

Арман Ақылбай,

Құрылтай депутаты