Жас оқырман құрдастарымен кездесті

Жас оқырман құрдастарымен кездесті
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласындағы Смағұл Сәдуақасұлы атындағы №78 мектеп-гимназияда «Кітап оқитын ұлт» бастамасы аясында «Мың кітап, бір оқырман» атты кездесу өтті. Тағылымды жүздесудің қонағы – мыңға жуық кітап оқыған 5 «Е» сынып оқушысы Кәусар Байскакова, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Кездесу барысында Кәусар кітап оқуға қалай қызыққанын, сабақтан тыс уақытта кітапқа қалай уақыт бөлетінін және өзі үшін ерекше әсер қалдырған шығармалар туралы әңгімеледі. Оның айтуынша, кітапқа деген сүйіспеншілігі үшінші сыныпта оқып жүрген кезінен басталған. Бұған отбасындағы кітап оқу мәдениеті де әсер еткен.

«Кітап оқуға деген қызығушылығым үшінші сыныптан басталды. Үйде ата-анам кітапты көп оқитын. Соларға қарап, мен де кітапқа жақын бола бастадым. Қазірге дейін сегіз жүзден астам кітап оқыдым. Кітап оқу адамның ой-өрісін кеңейтіп, көп нәрсені үйретеді. Сондықтан өзім сияқты жас достарымды да кітап оқуға шақырамын», – деді Кәусар Азаматқзы.

Жас оқырманның әңгімесіне қызығушылық танытқан оқушылар оған өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, қандай шығармаларды оқуға кеңес беретінін білді. Шара мектептегі «8 минуттық оқу» бастамасымен де ұштастырылды. Кездесу соңында оқушыларға Кәусар ұсынған кітапты оқып, келесі оқу сәтінде шығармадан алған алғашқы әсерлерімен бөлісу ұсынылды.