Астанада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Мәди Айымбетовтің 80 жылдық мерейтойына арналған «Мәди Айымбетовтің әдеби әлемі» атты шығармашылық кездесу өтті. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өткен іс-шарада жазушының «Құлан – елес» кітабының таныстырылымы болды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Құлан – елес» жинағына автордың әр жылдары жазылған әңгімелері мен ұлттың көрнекті тұлғалары туралы өмірнамалық эсселері топтастырылған. Кітапта ауыл мен қала өмірі, адам тағдыры, қоғам тынысы, кейіпкерлердің ішкі әлемі мен әлеуметтік болмысы көркем бейнеленеді.

Кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атынан қаламгерге арналған құттықтау хаты оқылды.
Шараның мақсаты – көрнекті қаламгердің шығармашылық мұрасын насихаттау, қазақ әдебиетіндегі орнын айқындау, оқырман мен жазушы арасындағы рухани байланысты нығайту.
Шығармашылық кездесу барысында қаламгердің әдебиетке келу жолы, шығармаларының тақырыптық-көркемдік ерекшеліктері мен қазақ прозасына қосқан үлесі кеңінен айтылды.
– Мәди Айымбетов шығармасы оқырманға етене таныс. Өз басым ақын Өтежан Нұрғалиев туралы жазғанын тұшына оқыдым. Шынайы, оқырманға керемет әсер етеді. Мәкеңнің жазған «Бопай ханым» кітабы да бірнеше рет басылып шықты. Осы тұрғыда баспаға алғыс айтуға болады. Сонымен қатар жазушының қарапайымдылығы, болмысы өзгелерге үлгі болады деп есептеймін, – дейді жазушы Қуаныш Жиенбай.

Кездесу кешінде мерейтой иесінің қаламгерлік болмысы мен шығармашылығы туралы естеліктер сөз болды. Іс-шараға белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, ақын-жазушылар, әдебиеттанушылар, зиялы қауым өкілдері қатысты.