Елордалық каратэшілер ерледі

Елордалық каратэшілер ерледі
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласында каратэден (WKF) ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Ел біріншілігіне еліміздің 15 өңірінен 150-ге жуық спортшы қатысып, жекелей және командалық сайыстарда өзара мықтыны анықтады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Үш күнге созылған жарыста елордалық спортшылар жоғары нәтиже көрсетіп, жалпы саны жеті медаль жеңіп алды. Оның біреуі – алтын, алтауы –қола жүлде.
55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен астаналық Николь Ценгель қарсыластарынан басым түсіп, Қазақстан чемпионы атанды.

Сонымен қатар жекелей сында Перизат Алдаберген (55 келіге дейін), Ақылбек Әмзе (60 келіге дейін), Кирилл Москвичев (67 келіге дейін) және Жаннұр Абдрахман (68 келіге дейін) қола медаль иеленді.

Командалық жарыстарда да елорда спортшылары жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ерлер арасындағы командалық кумитэ сайысында Ақылбек Әмзе, Әдият Ержан, Кирилл Москвичев, Максим Москвичев, Бекарыс Нығметбек, Ернұр Ерғалиев және Әлинұр Жұмартовтан құралған Астана командасы үшінші орынға ие болды.

Ал әйелдер арасындағы командалық кумитэ бәсекесінде Николь Ценгель, Перизат Алдаберген, Аяулым Үшкемпірова, Малика Абжанова және Жаннұр Абдрахман елорда қоржынына тағы бір қола медаль салды.

Осылайша, Астана қаласының спортшылары Қазақстан чемпионатын бір алтын және алты қола медальмен аяқтады.