«Қарттар күні» қарсаңында елордамызда көптеген іс-шаралар қызу өткізіле бастады. Оған себеп: «Ата қайратты болса, бала ғибратты болады» деген сөздің бекер еместігі. Қарттарымыз сабырлы, қарапайым қасиетімен жастарды мейірімді, еңбексүйгіш, абыройлы және Отанға, отбасына адал болуға тәрбиелейді. Осындай ұлан-ғайыр қасиеттердің иегерлері қартайса да, әлі күнге дейін ел қатарында жүр. Олар өз өнегелерімен әлі де болса жас ұрпақтарға үлгі. Осыған байланысты жыл сайын аталып өтетін Халықаралық қарттар күнінде қаламыздың әр аудандарында көрнекі мерекелік іс-шаралар көптеп өткізілді.
Алматы ауданы Ардагерлер кеңесі Алматы ауданы әкімдігімен, «Әділет» партиясының қалалық басшыларымен, Астана бұқаралық спорт басқармасымен және Алматы аудандық «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығымен бірлесіп, ардагерлерге арнап, бірнеше көңілді де қуанышқа толы сәттер сыйлады.
Солардың басында тұрғаны: «Таза Қазақстан».
«Таза Қазақстан» - бұл елдегі экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоршаған ортаны аялауға бағытталған жалпы ұлттық экологиялық акция. Акцияға миллиондаған тұрғындар, мемлекеттік қызметкерлер, студент жастар, волонтерлер мен кәсіпкерлер белсенді қатысуда. Сондай-ақ, Алматы ауданы Ардагерлер кеңесі бастаған бастауыш ұйымдардың елуден астам ардагерлері «Таза Қазақстан» жалпы ұлттық акциясына белсене қатысып, қаланы абаттандыру жұмыстарына өз үлестерін қосты. Олар іс-шара барысында К.Рыскулбеков көшесінің бойындағы Ұлттық Ұлан маңайындағы «Hoше+Mart» дүкенінің маңындағы жол бойына ағаш отырғызып, аумақты қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізді. Қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған бұл игі бастамаға қатысушы ардагерлер белсенділік танытты.
Мұндай іс-шаралар аға буын өкілдерінің қоғам өміріне белсенді араласуына зор мүмкіндік береді. Сенбілік соңында «Секвойя және К» ЖШС-гі, бас директоры Сәбит, орынбасары Дастан Жақашбаевтар арлагерлерге палау мен ыстық шай ұсынды. Жұмыс та атқарылып, ән де шырқалып, тіпті би де биленіп, үлкен кісілердің таза ауада көңілдері көтеріліп, бір-бірімен шүйіркелесіп тарасты.

Екінші үлкен мүмкіндік: теплоходпен саяхат
Астана қаласындағы Есіл өзені бойымен теплоходта серуендеу – елорданың екі жағалауын (Оң жағалаудағы тарихи ескі қала мен Сол жағалаудағы заманауи сәулетті) бір мезетте көру, олардың келбетін су үстінен тамашалауға мүмкіндік беретін ең танымал демалыс түрлерінің бірі. Осынау мүмкіндікті пайдалану Алматы ауданы Ардагерлер кеңесінің ардагерлеріне 17 қыркүйекте қол жеткізілді. Оған себепші болып отырған Алматы ауданы әкімдігі мен Алматы ауданы Ардагерлер кеңесі еді. Жарқыраған күннің көзімен көңіл күйлері көтеріңкі қариялар теплоход жүретін маңайға жиналып, мәре-сәре болып қалды. Саяхатқа жиналған отыз бес ардагерлерге Алматы ауданы ардагерлер Кеңесінің төрағасы Марат Мұстафин құттықтау сөз айтып, бұл саяхаттың сәтті әрі көңілді өтуіне тілек білдірді. Теплоходқа емін-еркін жайғасқан зейнеткерлер теплоход жылжығанда бір-біріне қуаныштарын білдіріп жатты. Теплоход Сарыарқа даңғылындағы автомобиль көпірінен бастап, бұрынғы «Рамстор» гипермаркеті жанындағы көпірге дейін ең көрікті жерлерді қамтыды. Ол өз жолында «Гранд Алатау» ТҮК, Кенесары хан ескерткіші, «Времена года» гүлзары, Чубары және Самал шағын аудандарының, Radisson қонақ үйі жандарынан өтті. Теплоходта отырғандар үшін бүгінгі күн де күлімдеп, көңілді сәт силап жатты. Өздері де бос қарап отырмай ән салып, би билеп көңілдерін көтерді. Саяхат барша жұртқа қатты ұнады, әрқайсысы осы саяхатты ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, шынайы тілектерін білдіріп, тарасты.
Үшінші мүмкіндік: автобуспен саяхат
28 қыркүйекте Астана қаласы Алматы ауданы әкімдігінің алдынан екі деңгейлі қызыл автобус елуден астам аудан зейнеткерлерін отырғызып алып, Әлемдегі ең жас қала бойынша, саяхатқа аттанды. Мұндай сәтті саяхатты Алматы ауданы әкімдігі мен Алматы ауданы Ардагерлер кеңесі Қарттар күнніне орай ұйымдастырды.
Автобусқа отырған қуанышты ардагерлерді Алматы ауданы әкімі аппаратының әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Сапура Бекенова мен Алматы ауданы Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Қарлығаш Ахметова шығарып салды.
Қызыл автобус асфальт жолға шығысымен Оң жағалаудан Сол жағалауға жол тартты. Экскурсовод авутобус қозғалған сәттен бастап еліміздің бас қаласы Астананың тарихы мен әрбір ғимараты туралы қазақ және орыс тілдерінде хабарламалар жасап отырды. Сәнді қызыл автобустың екінші қабатындағы кең терезелер қаланың әдемі панорамасын тамашалауға үлкен мүмкіндік жасады. Саяхат сапары Сол және Оң жағалаулардағы нысандарды түгел қамтыды.
«Бәйтерек» монументі ерекше әсер етті. Мұнда қаланың әдемі бет-бейнесін көру үшін ең жоғарғы қабаттқа лифтімен көтерілу үлкен мүмкіндіктер берді. Зейнеткерлер өздері тұрып жатқан үлкен бас шаһардың келбетін жоғарыдан көріп, қуаныш-шаттық, мақтаныш сезімдеріне бөленді.
Саяхат соңы қаламыздың бас мешіті- Орталық мешітте болды. Бұл мешіт Орталық Азиядағы ең үлкен мешіттердің бірі, ол тек құлшылық орны емес, мұнда туристер көп келетін басты мәдени нысан екен. Саяхатқа қатысуға мүмкіндік алған аудан ардагерлері өздері өмір сүріп жатқан қаланың сәнді де жүрекке қымбат жерлерін тағы да бір рет шолып шығуға, тамашалап қайтуға мүмкіндік жасаған әкімшілік пен Ардагерлер кеңесіне үлкен рақметтерін жаудырып, көтеріңкі көңіл күймен тарасты.
Төртінші мүмкіндік: мереке қарсаңындағы флешмоб
30 қыркүйекте, Қарттар күнінің қарсаңында «Жерұйық» сабағында өте бір тамаша, көңілді іс-шара өтті. Осы күнгі әсем де әдемі жарқыраған сәтті күннің сәулесі астында жиналған жұртшылықтың көңіл күйін тіпті безендіріп іберді. Ауада әуелеген әсем ән ырғағы саябаққа жиналған ардагерлерді орындықтарға отырғызбай, билетіп жіберді.
Осылайша көңілді басталған ардагерлердің кезекті жиыны өзінің белгіленген тәртібімен басталып кетті. Кезекті мерекені жүргізуші жиналған қарт аталар мен әжелерді келе жатқан Қарттар күнімен қызу құттықтады. Сахна төріне көтерілген Астана қаласы Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мұрат Іргебаев пен Алматы ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Мұстафинді жиналған қауым шынайы қошаметпен қарсы алды. Ол кісілер қалада болып жатқан жаңалықтармен, ардагерлерге жасалып жатқан жеңілдіктер туралы айтып, жиналған зейнеткерлерді Қарттар күнімен құттықтады.
Спорттық флешмоб аясында «Ұзақ өмір-салауатты өмір салты» тақырыбындағы мәдени шараны Алматы ауданы Ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі Карпова Галина Борисовна жалғастырды. Қарттар мерекесі қарсаңында ата жолын жалғастырып келе жатқан ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз саябаққа мол жиналыпты, екі жүзден астам зейнеткерлер бірігіп, спорттық жаттығуларды бірге музыка әуенімен тамаша орындап, балаша мәз болды.
«Қарттары бар ел - қазыналы ел» дейтін халқымыздың өсиетін берік ұстанған Алматы ауданының әкімі Рүстем Тәуекелов өткізіліп жатқан барлық шараларға көңіл бөліп, қолдау көрсетіп отырды. Саябақтағы іс- шарада қалалық мәслихат депутаты, №6 емхананың бас дәрігері Динара Байсеркинаның жетекшілігімен арнайы «Денсаулық қалашығы» ұйымдастырылып, ардагерлерге қан қысымын өлшету, қандағы қант деңгейін анықтау сияқты басқа да медициналық қызметтерді тегін алуға мүмкіндік жасалды. Жиналғандарға палау мен ыстық шай берілді.
Жиын барысында Е. Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония әртістері ардагерлерге арнап концерттік бағдарлама ұсынды. Мерекелік шарадан ерекше көңіл-күй алған ардагерлер саябақ ішінде серуендеп, тарқады.

Бесінші мүмкіндік: белсенді ардагерлер марапаты
2-қазанда Алматы ауданы Ардагерлер кеңесінде белсенді аудан зейнеткерлері марапатталды. Алматы ауданы Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Марат Мұстафин жиналған жұртшылықты Қарттар күнімен құттықтады. Содан кейін ардагерлер төрағасы Астана қаласында болып жатқан өзгерістерге кеңінен тоқталды. Әсіресе астаналық ардагерлерге жасалып жатқан жеңілдіктерге баса назар аударды. Негізінен олар: қаламыздың қарт тұрғындарының қалаішіндегі автобустарда тегін жүріп-тұруы, Қарттар күніне орай бірреттік көмектің берілуі және басқа да мүмкіндіктер.
Белсенді аудан ардагерлеріне құрмет көрсету Ұрқия Алдажарқызы Акишеваға «Республикалық Арагерлер» бірлестігінің «Төс белгісін» табыс етумен басталды. Бұдан соң бір топ ардагерлер: Б.Бұлғақбава, Қ.Аңғышпаев, Н.Бетекбаева, К.Ысқақова, Г.Карпова, К.Касымова, А.Каримов, М.Мукашева, Р.Ысқақова, К.Жуматова, З.Ахметова, А.Билялиева, О.Кенжетаев, К.Сатыбаева, А.Ералы «Құрмет грамоталарымен», «Алғыс хаттармен», «Ұжымдық дипломдармен» марапатталды. Әр қайсысына мерекелік сәттің белгісі ретінде гүлдер табыс етілді.
Салтанатты бас қосуда барлық марапатталған ардагерлер өздерінің Алматы ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Мұстафинге, оның орынбасары Қарлығаш Ахметова шынайы алғыстарын айтып, жақсы тілектерін білдірді.
Асыл қарттарымыз бақытты күн кешіп, қай кезде де халыққа сүйеу, жұртына қамқор болып жүре берсін!
Баянды ӘЛПИ, Алматы ауданы
Ардагерлер кеңесі медиатобының жетекшісі