Әлеуметтік желі тек ақпарат тарату алаңы ғана емес, қоғамдық пікір қалыптастыратын, билік шешімдеріне ықпал ететін, тіпті кей жағдайда мемлекеттік органдардың әрекет етуіне түрткі болатын құралға айналды. Бұрын бір мәселенің жоғарыға жетуі үшін бірнеше мекеменің табалдырығын тоздыру қажет болса, қазір оны әлеуметтік желіге салсаң, бірер сағаттың ішінде мыңдаған адам көріп, пікір білдіріп, тиісті мекеменің назарына ілігуі мүмкін. Бұл нені түсіндіреді? Халықтың әлеуметтік желіге әуестігін бе, әлде мемлекеттік басқару жүйесіндегі кері байланыстың әлсіздігінен бе? Бүгін осы мәселені ортаға салып салмақтап көруді жөн көрдік.
Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында әлеуметтік желіде «халыққа ақыл айтатындар» көбейіп кеткенін мәлімдеп, қоғамдық пікір қалыптастыруда салмақтылық пен кәсібиліктің маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдердің жұмысында кемшілік жоқ деп ешкім айта алмайтынын, алайда билікке қатысты пікір білдіргенде халықты арандатып, қоғамды шулатпай, саналы әрі білікті көзқарас ұсыну қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ ел тұрақтылығының маңызын алға тартып, кез келген мәселе жөніндегі қоғамдық пікір білікті мамандардың ұстанымына негізделуі керектігін ескертті.
Қазақстанда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында азаматтардың өтініш-тілегін қабылдау мен қараудың бірқатар тетігі қалыптасты. Соның бірі – «Е-өтініш» ақпараттық жүйесі. Бұл платформа арқылы тұрғындар мемлекеттік органдарға, тіпті Президент Әкімшілігіне дейін өтініш жолдап, өздерін толғандырған мәселені көтере алады. Өтініштердің қаралу барысы бақыланып, заңнамада белгіленген мерзімде жауап берілуі тиіс. Бұл – азамат пен билік арасындағы байланысты жеңілдеткен тиімді жүйе. Бұрын қабылдауға жазылу, кезек күту, жауапты маманды іздеу сияқты кедергілер болса, қазір бірнеше минуттың ішінде өтініш жолдауға мүмкіндік бар. Оның үстіне, өтініштің тіркелуі мен қаралу барысын бақылауға болады. Бірақ мәселе – өтінішті қабылдауда емес, оған берілетін жауаптың сапасында. Өйткені кейбір мемлекеттік органдар үшін өтінішке жауап беру азаматтың мәселесін шешумен емес, белгілі бір мерзімде ресми хат жолдаумен шектелетіндей көрінеді. Хатқа жауап берілді, демек жұмыс орындалды деген түсінік қалыптасқан. Ал сол жауаптың мазмұнына, азаматтың сауалына қаншалықты нақты жауап берілгеніне, мәселенің шешілуіне ықпал еткен-етпегеніне келгенде күмән көбейеді. Кейде өтініш иесі сұраған мәселеге қатысы шамалы заң баптарын тізіп, жалпылама түсініктеме берумен шектеледі. Одан қалса, «қарастырылады», «тиісті жұмыстар жүргізіледі», «бақылауға алынды» деген жалпақ сөздермен шығарып салады. Мұндай жауаптың нақты мерзімі, жауапты тұлғасы, орындалу нәтижесі белгісіз болып қала береді. Демек, Заң бойынша жауап берілгенімен, азаматтың мәселесі шешілмесе, мұны тиімді кері байланыс деп айту қиын. Осы тұста мемлекеттік органдар бір нәрсені ескеруі керек сияқты: өтінішке жауап беру – есеп үшін орындалатын техникалық міндет емес, азамат алдындағы жауапкершілік. Өйткені адам мемлекеттік мекемеге хат жолдағанда, жай ғана ресми құжат алуды емес, өз мәселесінің шешімін күтеді.
Кейде құзырлы органдар да е-өтінішпен келген хатқа жауап қайтарудан жалтарып, басқа бөлімге немесе басқа жауапты тұлғаларға сырғыта салу да соңғы кездері қалыпты үдеріске айналып барады. Осы жағдайға байланысты жақында үкімет арнаулы қаулы шығарды. 8 қарашадан бастап күшіне енген құжат бойынша, шенеуніктер азаматтардың өтініштерін әрі-бері «сілтей» беруінің себебін түсіндіруге міндеттеледі. Енді азаматтардың өтініші үш немесе одан да көп рет қайта жолданса, мемлекеттік орган оны тағы бір мекемеге жіберерде оның себебін заңға сүйеніп, жазбаша түсіндіруге міндетті болады. Сондай-ақ шенеуніктер азаматтардың әрбір сұрағына нақты жауап беріп, заңбұзушылық туралы хабарламалар бойынша қандай шара қабылданғанын көрсетуі тиіс.
Мұнан бөлек, қазір әкімдіктерде апта сайын арыз-арман айта келген жұртты қабылдау механизмі қалыптасқан. Алдын ала жазып, әкімнің өзіне де мәселені ауызекі айтуға мүмкіндік бар. Бұл да – мемлекетіміздің халыққа жасаған тағы бір қолайлылығы. Бірақ мемлекеттің қадағалауымен іске асырылып отырған осы бір қабылдау да кейде формалды әрекетке айналып кеткендей әсер қалдырады. Яғни қабылдау бар, мәселенің шешімі жоқ жағдай жиі кездеседі. Менің өзім де осы жағдайды бастан өткердім.
Біз тұратын көшенің батпағы белуардан келіп, жауын-шашын кезінде тұрғындар су кешіп жүруге мәжбүр болғанына екі-үш жылдан асқан. Алғашында мәселені жауапты жол бөлімінің басшыларына жеткіздім. Кейін әкімдіктің қабылдауына жазылып, жағдайды түсіндірдім. Күрделі құрылыс жүргізуді сұраған жоқпын. Ең болмаса, көшеге бірнеше машина тас төгіп, жолды уақытша қатты қабатпен бекітіп беруді өтіндім. Кімге барсам да, «мақұл», «жарайды», «жасап береміз» деген жауап естідім. Әрине, мәселе шешіледі деген үміт пайда болады. Бірақ сол үміттің артынан нақты әрекет көрінбеді. Күндер өтті, айлар өтті, көше сол қалпында қалды. Ақыры көшенің нақты жағдайын бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялауға тура келді. Сонда ғана мәселе қозғалып, көшеге тас төселді. Ойлап қараңызшы, бірнеше машина тас төгіп беру үшін әкімнің орынбасарына, әкімдікке және жауапты мекемелерге бес-алты рет баруға тура келді. Ал әлеуметтік желіге жарияланған бір бейнежазба мәселенің шешілуіне түрткі болды. Бастапқыда әкімдікке барғанымда кейбір қариялар: «Балам, біз бұл мәселені төрт-бес жылдан бері айтып келеміз. Неше мәрте қабылдауда болдық. Ештеңе шешілген жоқ. Ақыры қолымызды бір сілтедік» деген еді. Басында олардың сөзіне онша сенбегенмін. Азамат әкімге кіріп, мәселені өз аузымен айтса, қалай шешілмесін деп ойладым. Кейін өзім де дәл сондай жағдайға тап болғанда, олардың неге күдер үзгенін түсіндім. Бұл – бір көшенің жол мәселесі ғана емес. Бұл – азаматтың мемлекеттік органға деген сенімі мен үмітіне қатысты мәселе. Сонда азаматтың мәселесін шешуге әлеуметтік желідегі қоғамдық резонанс қажет пе? Егер мемлекеттік орган өз міндетін уақытында орындаса, тұрғынның әлеуметтік желіге шығып, мәселені жария етуіне қандай қажеттілік бар? Демек, әлеуметтік желінің мемлекеттік басқару жүйесіндегі ресми тетіктерді алмастыра бастауы – ойланатын жағдай. Өйткені қоғамдық резонанс тудырмаған мәселе назардан тыс қала беретін болса, онда мемлекеттік қызметтің қолжетімділігі мен әділдігіне қатысты сұрақ та туындайды.
Жоғарыда айтқанымыздай, жергілікті атқарушы органдарда азаматтарды қабылдау күндері белгіленген. Әкімдер мен олардың орынбасарлары тұрғындардың арыз-өтінішін тыңдайды. Қабылдауға жазылу да, өтініш жолдау да бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдеді. Бірақ осы қабылдаулардың нәтижелілігін қалай бағалап жүрміз?
Қанша адам қабылданды, қанша өтініш тіркелді деген статистика бар. Ал қанша мәселе түбегейлі шешілді? Қанша азаматтың өтініші нақты нәтижеге жетті? Қайта-қайта қабылдауға келетін тұрғындардың саны қанша? Осындай көрсеткіштер де ашық жарияланып, жұмыстың сапасын бағалауға негіз болуы керек еді. Бізше, мұның да басы бар, аяғы жоқ секілді.
Әкімнің азаматты қабылдауы – өз алдына, ал оның мәселесін шешуі – мүлде бөлек нәрсе. Қабылдау бөлмесінде жылы сөйлеп, «бақылауға аламыз» деп шығарып салу оңай. Бірақ сол сөздің артында нақты жұмыс болмаса, қабылдаудың қоғамдық мәні жоғалады. Бірте-бірте азаматтар ресми қабылдаудың нәтижесіне сенуден қалып, мәселені әлеуметтік желі арқылы шешуге бейімделуі мүмкін. Мұндай жағдайда әлеуметтік желі мемлекеттік органдардың жұмысын толықтыратын қоғамдық бақылау құралы емес, олардың әрекетсіздігінен туындаған балама арнаға айналады.
Президенттің әлеуметтік желідегі пікірлерге қатысты ескертуін де осы тұрғыдан қарастырған жөн. Шынында да, әлеуметтік желіде нақты дерекке сүйенбеген ақпарат, тексерілмеген мәлімет, эмоцияға құрылған айыптау мен жалған тұжырымдар аз емес. Кейде бір оқиғаның толық мән-жайы анықталмай жатып, қоғамдық үкім шығарылып жатады. Мұндай жағдайда кәсіби сараптама мен білікті мамандардың пікірі аса қажет. Бірақ әлеуметтік желідегі әрбір сын-пікірді арандатушылықпен немесе қоғамды шулатумен теңестіруге болмайды. Қоғамдық сын – кез келген ашық қоғамның табиғи қажеттілігі. Оның ішінде биліктің кемшілігін көрсету, мемлекеттік қызметтің сапасын талқылау, азаматтардың құқығын қорғау да бар. Президенттің «Азаматтардың билікке қатысты өз ойын білдіру, сыни пікір айту құқынан ешкім айыра алмайды. Бұл олардың конституциялық құқығы және ол қатаң түрде заң аясында орындалуы керек» деген сөзі әне соның дәлелі.
Әлеуметтік желіде мәселе көтерген адам міндетті түрде маман болмауы мүмкін. Бірақ ол өз көшесіндегі шұңқырды, ауласындағы қоқысты, су мен жарықтың жоқтығын, мемлекеттік мекемедегі бюрократияны жақсы біледі. Мұндай жағдайда оның сөзіне құлақ асу үшін міндетті түрде сарапшы болуы шарт емес. Керісінше, қарапайым тұрғынның күнделікті тәжірибесі кейде ресми есептерде көрінбейтін проблемаларды ашып көрсетеді. Сондықтан қоғамдық пікір қалыптастыруда екі тараптың да жауапкершілігі бар. Азамат ақпаратты тексеріп, дәлелсіз айыптаудан аулақ болуы керек. Ал мемлекеттік орган сын айтылғаны үшін азаматқа ренжімей, мәселенің мәніне үңілуі қажет.
Қоғамдық тұрақтылықты сақтау дегеніміз – сын айтпау немесе проблеманы жария етпеу емес. Керісінше, қордаланған мәселелерді дер кезінде анықтап, ашық талқылап, заңды жолмен шешу. Егер азаматтың заңды талабы ескерусіз қалса, оның наразылығы күшейе түседі. Ал мәселе уақытында шешілсе, әлеуметтік желіде дау туғызатын себеп те азаяды. Сондықтан, мемлекеттік органдардың жұмысын бағалауда жаңа өлшемдер қажет сияқты. Мәселен, өтініштерге белгіленген мерзімде жауап берілді ме деген көрсеткішпен ғана шектелмей, азаматтың мәселесі қаншалықты шешілгеніне де назар аудару керек. Қайталанған өтініштердің үлесі, бір мәселе бойынша қанша рет шағым түскені, қабылдаудан кейінгі нақты нәтиже де мемлекеттік басқару сапасын көрсететін маңызды өлшемдер болуы тиіс. Әкімдіктер мен министрліктер үшін кері байланыстың тиімділігі – азаматтардың өтінішін азайту емес, мәселені түпкілікті шешу арқылы шағымның қайталануына жол бермеу. Өйткені өтініш санының көп болуы халықтың белсенділігін ғана емес, белгілі бір саладағы жүйелі проблеманы да білдіруі мүмкін.
Мемлекеттік қызметкер үшін әлеуметтік желідегі сын – беделге төнген қауіп қана емес, өз жұмысындағы олқылықты анықтауға берілген мүмкіндік. Ал журналист пен сарапшы үшін қоғамдық пікірді қалыптастыру – эмоцияны қоздыру емес, дерекке сүйеніп, мәселенің себебі мен салдарын түсіндіру. Президент айтқан салмақты әрі саналы пікірдің қалыптасуы үшін де ең алдымен ашық ақпарат, сапалы коммуникация және жауапты мемлекеттік қызмет қажет.
Екінші тұрғыдан, әлеуметтік желіге шығып, мәселе көтерген азаматты кінәлаудан бұрын, оның неге ресми арналар арқылы нәтижеге жете алмағанын анықтаған жөн. Өйткені халықтың әлеуметтік желіге жүгінуі кейде оның билікке қарсы екенін емес, билікке әлі де болса үміт артатынын, бірақ сол үмітін ақтайтын нақты әрекет күтетінін білдіреді.
Ең бастысы, азаматтың мәселесі шешілуі үшін міндетті түрде қоғамдық шу көтерілуі керек деген түсінік қалыптаспауы тиіс. Басшының қабылдауына барған тұрғын әлеуметтік желіге шықпай-ақ нәтижеге жетуі керек. Ал мемлекеттік орган азаматқа «жауап бердік» деп емес, «мәселені шештік» деп есеп бере алуы қажет. Өйткені халықтың үніне құлақ асу – оны тыңдап, бас изеп шығарып салу, жоғарыға есеп беру емес, жұрттың айтқан уәжіне сәйкес әрекет ету дегенді де меңзейді.