«Сәйгүлік» әуенімен ашылды

«Сәйгүлік» әуенімен ашылды

Астанада Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры IX маусымының шымылдығын «Сәйгүлік» музыкалық драмасымен ашты. Осылайша EXPO аумағында орналасқан театр сахнасындағы жаңа маусымның алғашқы қойылымы көрерменге қазақтың тұңғыш бард-ақыны Табылды Досымовтың шығармашылық әлемін таныстырды.

«Сәйгүлік» музыкалық драмасы ақынның жастық шағындағы естеліктері мен өнер жолына негізделген. Қойылымда Табылды Досымовтың музыка мен поэзияны қатар алып, өзіндік орындау­шылық мәнері арқылы қазақ бард өнерінде қалдырған ізі суреттеледі. Шығарма деректі өмірбаянға құрылмаған. Мұнда шынайы оқиғалар көркем қиял­мен астасып, ақынның ішкі әлемін сахналық тіл арқылы жеткізуге мүмкіндік берген.

Табылды Досымов өлеңдерін өзі жазып, әндерін өзі шығарып, гитараның сүйемелдеуімен орындаған. Ақын, композитор әрі орындаушы қасиеттерінің бір бойынан тоғысуы оның шығармашылығына ерекше сипат берді. Осы қыры арқылы оның өнері қазақтың дәстүрлі сал-серілер мектебімен де үндеседі.

Қойылымның авторы – Қазыбек Аманжол, режиссері – Әли Бидахмет. Музыкалық драма алғаш рет 2025 жылғы 12 және 13 шілдеде театр сахнасында көрермен назарына ұсынылған болатын. Кейін қойылым Алматыда өткен «Steppe Awards 2025» премиясына қатысып, «Үздік спектакль» номинациясында жеңімпаз атанды.

Маусымның ашылу кеші тек спектакль көрсетілімімен шектелген жоқ. Театр ұжымы көрермендер үшін арнайы сұрақ-жауап ойындарын ұйым­дастырып, театр тарихы мен шығармашылығына қатысты түрлі сұрақтар қойды. Белсенділік танытқан көрермендер алдағы қойылымдарға билет ұтып алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл өз кезегінде көрер­мен мен театр арасындағы байланысты нығайтып, жаңа маусымның ашылуын әсерлі форматта өткізуге мүмкіндік берді.