Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» мемлекеттік мекемесінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына орай «Ғаламат» жобасының аясында «Хан тәңірінің мұзбалағы» атты мәдени-танымдық іс-шара өтті.
Іс-шараның мақсаты – қазақтың классик ақыны, Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын насихаттау, ақын жырларын мәнерлеп оқытып, ақынның жырларына жазылған әуезді әндер арқылы тіл үйренуші тыңдаушылардың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін, құрметін одан әрі арттыру.
Іс-шараны ұйымдастырған, «Ғаламат» жобасының авторлары – ҚР «Мәдениет саласының үздігі, ақын Серік Рысбекұлы мен ҚР «Ақпарат саласының үздігі», ҚР Журналистер одағының мүшесі Айжан Серікқызы осы жоба аясында екі жылдан бері елорда тұрғындарымен, тыңдаушылармен, мекеме қызметкерлері, студенттер мен мектеп оқушыларымен үздіксіз жұмыс жасап келеді.
Іс-шараға «ҚазТрансОйл» АҚ қызметкерлері, өз ісінің білікті мамандары, «Руханият» мекемесінің қазақ тілін оқу курсының тіл үйренуші тыңдаушылары қатысып, ақын әндері мен поэзиясының асыл қазыналарымен танысты.
«Қазақтың қара өлеңі –құдіретім,
Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген» деп Мұқағали ақын жырлағанындай, ана тілінің құдіретін жан жүрегімен сезініп кеткен ақынның өлеңдерінен «Үш бақытым», «Ғашықпын», «Туған жер» өлеңдері оқылып, ақынның сөздеріне жазылған әндерден «Есіңе мені алғайсың», «Мен деп ойла», «Бақыт», «Сәби болғым келеді» әндері шырқалып, көпшілік көңілінен орын алды. Тыңдаушыларға ақын өмірі мен шығармашылығы туралы баяндалып, Мұқағали поэзиясының тұнып тұрған қазақ тілінің шұрайлы үлгілерімен, соның ішінде фразеологиялық тіркестермен өте бай екендігі, ақынның тұрақты тіркестерді жай ғана қолданып қоймай, оларды өлең ырғағы мен мазмұнына сай құбылтып, кейіпкердің ішкі сезімін, ашу-ызасын, қуанышы мен мұңын жеткізуде асқан шеберлікпен пайдаланғандығы тілге тиек етілді.