Сарыарқа ауданының «Бала Толағайлары» анықталды

Сарыарқа ауданының «Бала Толағайлары» анықталды
фото: Астана қаласының әкімдігі

Танымал спортшы, армрестлингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Темір Спатаевтың «Бала Толағай» авторлық жобасы бүгінде елордадағы 33 мектептің оқу бағдарламасына енгізілген. Жоба аясында жылда ұйымдастырылатын осы аттас жарыстың қалалық және республикалық кезеңі алдында Сарыарқа ауданы бойынша мектептер арасында үздік үш команданы іріктеу жарысы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Аталған жобаны былтырдан бері М. Дулатұлы атындағы №68 мектепте ұйымдастырып келе жатқан осы оқу орнының дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, бас төреші Ғанибет Сағидың айтуынша, өткен жылы ашылған Толағай залы жас спортшылардың республикалық, халықаралық жарыстарда оза шабуына септік еткен.

Осы залда өткен жарыстың аудандық кезеңіне 8 мектептен 10 команда қатысты. Оның үшеуі аталған мектептен шықты. Жарыста 5 түрлі спорт қамтылды, атап айтқанда, найза лақтыру, сірге көтеру, ләңгі тебу, қаппен жүгіру және арқан тартыс жарыстары эстафеталық ойын түрінде өтті. Әр команда 7-8 сыныптарда оқитын алты баладан тұрды. Ашылу салтанатына жоба авторының өзі, қалалық білім басқармасының, қоғамдық ұйымдардың, «Өркен» балалар орталығы өкілдері мен мектеп ұжымы және оқушылар қатысты.

-Біздің мектепте «Толағай» ұлттық спорт залы былтыр осы уақытта ашылған. Бұл жоба қала мектептеріне Білім басқармасының бұйрығымен енгізіле бастағанына 2 жыл уақыт болды. Мектебіміздің оқушылары соның арқасында аудандық, қалалық, республикалық, халықаралық жасыртарға қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Оның жұмысын одан әрі жетілдіре береміз, -деді мектеп директоры Лаура Сарсембекова.   

Жарыс қорытындысында 1 орынды №68 мектептің  “Балуан Шолақ” тобы иеленсе, 2 орын №15 мектеп командасына берілді және 3 орынды тағы да осы №68 мектептің “Міржақып” командасы алды. Бұл үш команда  жарыстың қалалық кезеңіне жолдама алып, енді елорданың өзге аудандарынан келген топтар арасында бағын сынайды.