Парасаттылық пен адалдық – өркениетті дамудың басты бағдары

Парасаттылық пен адалдық – өркениетті дамудың басты бағдары
фото: Астана қаласының әкімдігі

Қазіргі дамыған әлемде сыбайлас жемқорлық дерті кез келген мемлекеттің ішкі тұрақтылығы мен орнықты өркендеуіне зор қауіп төндіретін негізгі жаһандық мәселелердің қатарынан түспей келеді. Бұл жағымсыз құбылыс – тұрақты зерделеуді, бірізді жүйелі көзқарасты, сондай-ақ кешенді де шұғыл қарсы әрекеттерді талап ететін заманауи қоғамның өзекті түйткілі.

Әлемдегі ең озық әрі дамыған елдердің өзі жаңа сын-қатерлерге жауап ретінде жемқорлыққа қарсы күрес тәсілдерін ұдайы қайта қарап нормативтік құқықтық базасын қатаңдатып жатқаны баршамызға аян. Кеселдің терең тамыр жаюы ұлттық экономиканың тұрақты өсуін тежейді, инвестициялық ахуалға кері әсер етеді, нарықтағы ашық бәсекелестікті шектеп, елдің халықаралық аренадағы беделін төмендетеді.

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөздерінде сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басты басымдығы болып қала беретінін, Әділетті Қазақстанды құру үшін заң мен тәртіпке негізделген қоғамдық сананы қалыптастыру қажеттігін үнемі баса айтып келеді. Заңдылық пен жоғары моральдық құндылықтарды ту еткен ортада жемқорлыққа орын жоқ. Ал бұл кеселді түбегейлі жою үшін бүкіл қоғам болып жұмылып, әрбір азамат өзіне жүктелген міндетті адал да әділ атқаруы тиіс.

Осы орайда, Астана қаласының Байқоңыр ауданында парасаттылық мәдениетін басты бағдар еткен сапалы да нәтижелі іс-шаралар тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Қоғам өкілдерінің, құқық қорғау құрылымдарының, ғылыми-сарапшылар қауымдастығының, қоғам белсенділері мен жас буынның басын біріктірген ғылыми-практикалық конференциялар, ашық сұхбаттар, дәрістер мен дөңгелек үстелдер тұрақты өтуде. Аудан тұрғындарының мұң-мұқтажын назарда ұстап, өзекті мәселелерге жедел шешім табу үшін жергілікті өкілетті органдар, мәслихат депутаттары және мекеме басшылары аймақтарды ұдайы аралап, жүйелі түрде ашық қабылдаулар өткізеді. Ауданның өркендеуіне, көркейіп, гүлденуіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтардың ұсыныстары мен бастамалары басқару шешімдерін қабылдауда негізгі тиек болып табылады. Осындай қоғамдық бақылау мен тығыз ынтымақтастық қана әділеттілік орнаған ортаның қалыптасуына кепіл болады.

Мемлекеттік қызметтің тиім­ділігі мен халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімі, ең алдымен, ашықтыққа, адалдыққа және жауапкершілікке негізделеді. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және мемлекеттік қызметшілер арасын­да жоғары кәсіби әрі әдеп стан­дарттарын қалыптастыру – маңызды бағыттардың бірі. Осы бағытта аудан әкімі аппаратының жұмысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын ала анықтау, олардың туындауына жол бермеу және мемлекеттік қызметшілердің заңнама талаптарын сақтауына ерекше мән беріледі. Бұл жұмыстарды жүйелі түрде жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті өкілдерінің қатысуымен мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қызметтік әдеп мәселелеріне арналған жиын тұрақты өткізілуде.

Сонымен қатар аудан аумағында мемлекеттік қаржының ашықтығын қамтамасыз ету және халыққа жайлы орта қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, тұрғындардың тікелей қатысуымен жүзеге асатын «Халық қатысатын бюджет» сияқты жобалар ашықтық пен қоғамдық бақылаудың жарқын үлгісіне айналды. Ағымдағы жылы ауданда тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта құру мақсатында 107 аула, 4 жаңа қоғамдық кеңістік абаттандырылып, 3 мыңға жуық жасыл желек отыр­ғызылуда.

Атап айтқанда, 17 аула кешенді абаттандырылса, 11 аула тұрғындардың тікелей бақы­лауы­мен «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жаңартылды. Сонымен бірге, 90 аулада жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру мақсатында заманауи қоғамдық кеңістіктер бой көтерді. Соның ішінде «Тұлпар» сауда орталығының маңындағы бұрын ретсіз әрі заңсыз орналасқан сауда нысандары толық сүріліп, орнына тұрғындардың серуендеуіне арналған қолайлы да көрікті демалыс орны құрылды. Бұл оң өзгерістер ауданның тұрғын алаптарын да қамтыды. Мәселен, Өндіріс тұрғын алабындағы Ақпан көшесінде бос жатқан аумақ абаттандырылып, балалар алаңына айналды. Сондай-ақ «Қоянды» саяжай алқабында да тұрғындар көптен күткен демалыс орны бой көтерді. Тұрғындардың ұсыныстарын ескере отырып жасалған мұндай кешенді абаттандыру жұмыс­тары – Әділетті Қазақстанның әрбір аулада, әрбір көшеде орнығуының айқын дәлелі.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес – жекелеген құқық бұзу­шылықтардың жолын кесумен ғана шектелмейтін, мемлекеттің орнықты дамуы мен қоғамның әл-ауқатына тікелей әсер ететін стратегиялық міндет. Бұл бағыттағы нәтижелі жұмыс заң талаптарын күшейтумен қатар, қоғамдық сананы жаңғыртуды, ашықтық пен есептілікті орнықтыруды және әр азаматтың заң алдындағы жауап­кершілігін арттыруды талап етеді. Себебі сыбайлас жемқорлыққа қарсы ең берік тосқауыл – тек бақылау тетіктері емес, адалдықты өмірлік қағидасына айналдырған азаматтық ұстаным. Әділет пен заң үстемдігі орныққан қоғам ғана ұзақ мерзімді дамудың берік негізін қалыптас­тыра алады. Сондықтан бүгінгі әрбір адал шешім, заңсыздыққа жол бермеу және қоғамдық мүддені жеке пайдадан жоғары қою – елдің ертеңіне қосылған нақты үлес.

Нұрлан АЛИМЖАНОВ,

Астана қаласы Байқоңыр ауданының әкімі