Патриотизм дәріптелді

Патриотизм дәріптелді
фото: Асантемір Қаршығаұлы

Астана қаласының Мемлекеттік архивінде «Уақыт керуені: Жазушы көзімен» атты студент жастарға арналған шығармашылық кездесу өтті. Іс-шараның арнайы қонағы – жазушы-тарихшы Ұларбек Дәлейұлы.

«Құрмет» орденінің, ақын Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері, жазушы Ұ.Дәлейұлымен кездесу тізгінін ақын Ұмтыл Зарыққан ұстады.

– Ұлақаң алдымен өлең жазып жүрді де кейін прозаға ойысты. «Хат бармайтын қыс­тақ», «Қарғыбаулы қасқыр» кітаптары бар. Поэтикалық нұсқадан эссе сипатындағы әңгімеге келіп, «Жошы ханға» түсті. Сол арқылы бәрімізді таңқалдырды. Бұдан соң «Батуханға» қалам тербеді. Біз жүретін ұлы жолдың басында Жошы хан және соның ұрпақтары бар. Сол ұлы жол жалғасып келеді. Міне, Ұлағаң осындай дүниелерді жазу арқылы ұрпақ тәрбиелеуге өз үлесін қосып келеді. Жазушы кітабынан әлеуметтік желі арқылы хабарларыңыз бар шығар деп ойлаймын. Оқуға кеңес беремін, – деді ақын Ұмтыл               Зарыққан.

Кездесуге келген жастар жазушыға сауалдар жолдап, тұшымды жауап алды.

– Поэзия болсын, проза болсын әдебиет деген жанр­дың үлкен бөлшектері.Мен Ғұндар заманын көп зерттеймін. Соларды көп оқимын, олар бесаспап болған, олардың қолынан бәрі келген. Жинақтап айта келгенде, осының барлығы біздің қанымызда бар. Біз – сол ерекше бабалардың тұқымымыз. Біз көшпенді өмірді көрдік. Туып өскен жеріне қарай адамның мінезі, болмысы қалыптас­ады. Қалың тау, орман, мыңғыр­ған төрт түлік мал, даладағы боздаған ботаның дауысы соның барлығы жүрегімізді қозғап ақын қылып жіберген шығар деп ойлаймын. Мен 16 жасымда өлең жаздым. Қазір қырықтан асқан соң адам ақыл тоқтатады. Тарихи романдарды бала кезімде көп оқығанмын, содан болса керек, тарихи дүниелерді жазып жүрмін, – деді жазушы Ұларбек Дәлейұлы.

«Ашық микрофон» фор­матында студенттер жазу­шыға өздерін қызық­тыр­ған сұрақтарын қойып, тарих, әдебиет және шығармашылық тақырыптарында еркін пікір алмасты. Астана қаласының Мемлекеттік архиві ұйымдастыр­ған кездесу кешінің соңы белсенді студенттерге автордың қолтаңбасы қойыл­ған кітаптар табысталып, естелік фотосуретке түсумен тәмамдалды.