Сонымен, тоғыз күн бойы ойымызды он саққа, санамызды сан саққа жүгірткен, Астана қаласының «Барыс Арена» спорт кешенінде өткен күрес түрлерінен 2026 жылғы әлем чемпионаты өз мәресіне жетті.
Әлемнің 135 елінен жиналған кіл мықтылар бақ сынасқан бұл дода отандық спорт сүйер қауым үшін үлкен үміт пен қайталанбас сабақтар алаңына айналды. Өз үйінде өнер көрсеткен Қазақстан ұлттық құрамасы сапынан 35 спортшы боз кілемге шығып, жарысты жалпы есепте 15-орынмен тәмамдады. Бәрімізде де алтын алмадық деген өкініш болғанымен, ел қоржынына 1 күміс және 4 қола медаль түсті.
– Менің ойымша, кейбір белдесулерде сәттілік жетіспеді. Үш балуанымыз – Айдос Сұлтанғали, Исхар Құрбаев және Бағдат Сабаз жеңіп алған қола медаль да белгілі бір деңгейде жетістік. Алайда біздің басты мақсатымыз алтын медаль еді. Өкінішке қарай, елімізге алтын жүлде сыйлай алмадық. Бапкер ретінде бұл менің көңілімде өкініш болып қалды, – деп қынжылды ұлттық құраманың бас бапкері Қонысбек Төкенов.
Алтын алмағанымыз болмаса, бұл біріншілікте қазақ балуандары намысты қолдан бермей, бірнеше жарқын белдесулер сыйлады. Мәселен, ел үмітін арқалаған Нұрқожа Қайпанов (еркін күрес, 74 кг) финалға дейін сүрінбей жетіп, Қазақстан сапынан бас жүлдеге таласқан жалғыз спортшы болды. Алайда тартысты өткен шешуші кезеңде ресейлік Иналбек Шериевке есе жіберіп, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Грек-рим күресінің шеберлері де жанкүйерлерді айтарлықтай қуантты. Исхар Құрбаев (55 кг) пен тәжірибелі палуан Айдос Сұлтанғали (60 кг) тұрақты әрі сауатты өнер көрсетуінің арқасында үздік үштіктен көрініп, қола жүлдені иеленді. Бұл ретте нағыз сенсацияны Бағдат Сабаз (67 кг) жасады. Ол белдесу барысында әлемдік рейтингтің көшбасшысы әрі Олимпиада жүлдегері Хасрат Жафаровты 8:5 есебімен қапы қалдырып, спорт сарапшыларын таңғалдырды. Әйелдер күресінен де құралақан қалмадық: Зейнеп Баянова (50 кг) жартылай финалдағы жеңілісінен кейін тез жинақталып, кіші финалда Беларусь өкілі Наталья Варакинаны 6:1 есебімен айқын жеңіп, қола жүлдеге қол жеткізді.
Мейлі қалай болмасын, Бағдат Сабаз бен Мерей Мәулетқанов секілді жас палуандардың Хасрат Жафаров және Малхас Амоян сияқты Олимпиада деңгейіндегі алыптарды тізе бүктіруі – ұлттық құраманың резервтік әлеуеті өте мықты екенінің дәлелі. Енді бұл жастар алдағы Лос-Анджелес Олимпиадасында ел намысын абыроймен қорғай алатын басты күшке айналмақ.
Қорытындылап айтқанда, бұл жолғы чемпионатта күміс медаль үшін 50 мың доллар, ал әрбір қола жүлде үшін 25 мың доллардан қарастырылып, отандық балуандар жалпы сомасы 150 мың доллар сыйақыны қанжығасына байлап отыр.