Сәкеннің креслосы

Сәкеннің креслосы

Тарихтың тереңіне бойлау үшін кейде бір жәдігерге көз салудың өзі жеткілікті. Өйткені әрбір тарихи заттың өзіне тән тағдыры, уақытпен сабақтасқан сыры бар. Елордадағы Сәкен Сейфуллин музейінде сақталған кресло – қазақ әдебиетінің бір дәуірін көз алдымызға әкелетін, өткен мен бүгінді жалғайтын құнды мұра.

Сәкен Сейфуллин – сөз өнерін азаматтық мұратпен ұштастырып, қазақ әдебиетінің алуан жанрында қалтқысыз еңбек еткен, оның дамуына зор үлес қосқан ақын, жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері. Оның шығармашылық болмысы жалынды рухымен, терең ойымен, заман шындығын көркем бейнелеген қуатымен ерекшеленеді. Сәкеннің есімі аталса, қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңі мен ұлттық руханияттың өркендеу жолы қатар еске түседі.

Сәкен Сейфуллин музейінде сақталған бұл кресло 1930 жылдарға жатады. Музей қорына Қазақстан Жазушылар одағынан әкелінген жәдігер Сәкеннің сол кезеңдегі қызметімен байланыс­ты. 1930 жылдары Жазушылар одағында қызмет атқарған кезінде Сәкен Сейфуллин осы креслода отырған. Кресло тікбұрышты пішінде ағаштан жасалған. Ашық қоңыр түсті, сыртқы жағы өсімдік өрнектері бейнеленген жұмсақ материалмен қапталған.

1934 жылғы 12 маусымда Қазақ КСР Кеңес жазушыларының І съезі өтіп, Қазақстандағы жазушылар ұйымының қалыптасуында маңызды кезең басталды. Осы тарихи жиында Сәкен Сейфуллин кіріспе сөз сөйлеген. Бұл оқиға қаламгердің әдебиеттегі орнын ғана емес, қазақ руханиятының өркендеуіне қосқан қайраткерлік болмысын айқындай түседі.

Бүгінде музей төрінен орын алған бұл кресло қазақ қаламгерлерінің сол кезеңдегі әдеби ортасы мен шығармашылық өмірінен сыр шертетін құнды жәдігер саналады. Сәкеннің қаламынан туған сөз халықтың рухани қазынасына айналса, өзі отырған кресло сол дәуірдің тынысын танытатын тарихи мұра ретінде бағалы. Бұл жәдігер бізді өткенмен табыстырып қана қоймай, ұлт әдебиетінің қалыптасу жолына тереңірек үңілуге жетелейді.

Азамат Серікұлы,

Сәкен Сейфуллин

музейінің әдіскері