Мәмбетов театрының тартуы

Мәмбетов театрының тартуы

Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры­ның ашылғанына 8 жыл толды. Мәдениет ошағы алғаш шымылдығын Майкл Фрейннің «Театр 180°» комедиясымен түрді. Спектакльді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сайлау Қамиев сахналады. Өткен жексенбі күні театрдың туған күніне орай аталмыш қойылым жаңғыртылып, көрерменге қайта ұсынылды. Оның алдында баспасөз мәслихаты мен мерекелік концерт өтті.

Баспасөз мәслихатында театр­дың бас режиссері Әли Бидахмет, жоғары санатты актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Есендосов, театрдың жоғары санатты актрисасы, мәдениет саласының үздігі Ажар Шәкіржанова, актер және режиссер Нұржігіт Мүсілімов, актер, драматург Қазыбек Аманжол қатысып, театрдың құрылу тарихы, қалыптасу кезеңдері, шығармашылық жетістіктері, бүгінгі жаңалықтары мен алдағы жоспарлары туралы әңгімеледі. Атап айтқанда, осы жылдары тарихи драмалар мен комедия­лар және көркем шығармалар негізінде сахналанған лирикалық қойылымдар театр репертуарынан орын алды. Соның ішінде қазақ классикасы «Қыз Жібек» лиро-эпосы (қоюшы режиссері – Дина Құнанбай), «Жас Абай» драмасы (режиссері – Нұрлан Жұманиязов), «Алаш жолы» (авторы – Қанат Жүнісов, режиссері – Қуандық Қасымов), У.Шекспир шығармалары бойынша – «Ричард III» (режиссері – Фархад Молдағали), «Ромео-Джульетта» (Есләм Нұртазин), «Кішкентай ханзада» (Нүржігіт Мүсілімов) спектакльдері қойылды.

Театр шығарма авторлары­мен кездесулер ұйымдастырды. Көрер­мендер Әли Бидахмет сахналаған «Болмаған балалық шақ» қойылымында белгілі ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Ақберен Елгезекпен және «Танакөз» мелодрамасында көрнекті ақын Мұхтар Шахановпен жүздесті. Тұлғатану бағытында «Ақан сері туралы аңыз», «Қажымұқан», даңқты батыр Бауыржан Момышұлы туралы «Ар адамы.
Бауыржан», ақиық ақын Мұқа­ғали Мақатаевқа арналған «Күнделік», «Мұқағали XXI» және қазақтан шыққан тұңғыш бард ақын Табылды Досымовтың құрметіне «Сәйгүлік» муздрамалары сахналанды.

Театрдың жетістіктері де аз емес. Мәселен, театрдың тұңғыш қойылымы «Театр 180°» спектаклімен өнер ұжымы Семей қаласында өткен Қаз КСР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әмина Өмірзақованың туғанына 100 жыл толуына арналған XXVII республикалық театр фестиваліне қатысып, «Үздік дебют» аталымымен марапатталып, театр актрисасы Гүлмира Жакилина Дотти рөлі үшін «Ең үздік екінші пландағы әйел бейнесі» аталымының иегері атанды. Бұл – Ә.Мәмбетов театрының алғашқы жүлдесі. Содан осы күндерге дейін театр көптеген жетістікке жетті. Соның бәрі баспасөз мәслихатында айтылды.

Мерекелік кеш концерт бағ­дарламасымен жалғасып, театр актерлері көрермендерге ән мен әуенге толы ерекше көңіл күй сыйлады. Театрдың тағы бір жаңалығы – театрдың шығармашылық құрамына кастинг нәтижесінде іріктелген 12 жаңа өнерпаз қосылып, таныстырылды. Театрды қолдап, қойы­лымдарына үзбей келіп жүрген белсенді көрермендер театр директоры Александр Майердің қолынан марапаттарды алды. Ал кештің басты оқиғаларының бірі – көрермен назарына ұсынылған Майкл Фрейннің «Театр 180°» комедиясы. Бұл қойылым театр­дың ішіндегі және сахна сыртындағы өмірді сипаттайды. Кейіпкерлер мен актерлердің тағдыры байланысқан туынды көрерменге сахна сыртындағы әлемге енуге мүмкіндік береді. Тығырықтан жол табу кезінде шынайы өмір мен сахна өмірін айыра алмай, комедия жағдайларына тап болған актерлердің әрекеті шынайы күлкі тудырады.

Театрдың 8 жылдық туған күніне арналған мерекелік бағ­дарлама мұнымен шектелмейді. 5 қарашаға дейін театр сахнасында спектакльдер шеруі өтеді. Көрермендерге театр репертуарындағы таңдаулы қойылым­дар, ал алдағы уақытта екі бірдей премьера ұсынылады.