Белгілі қаламгер, «Астана ақшамы» газетінің бұрынғы қызметкері Таңатар Төлеуғалиевтің «Қаламмен үндескен жылдар» атты публицистикалық кітабы жарық көрді. Үш бөлімнен тұратын көлемді жинаққа автордың көкейкесті мәселелерді көтерген мақалалары, журналистикалық сараптамалары мен ой толғамдары енген.
Тарқатып айтар болсақ, «Қылмыстың өтеуі – жаза» деген бірінші бөлімде құқық қорғау, заң әділдігін сақтау тақырыбын қамтитын, детектив жанрында жазылған дүниелер топтастырылған. Мұның бәрі қаламгердің әр жылдары сот залында өткен процестерге қатысып, «Астана ақшамы» газеті редакциясында Құқық бөлімінің меңгерушісі болған кезінде жазылған.
Екінші бөлімде сараптамалық материалдарға орын берілген. Онда Астана қаласының қоғамдық дамуы, өсіп-өркендеу жылдары туралы зерттеу мақалалары бар. «Сәті түскен сұхбаттар» бөлімінде мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, қаламгерлер өз ойларын ортаға салған мазмұнды сұхбаттар беріліп отыр. Бұл жинақта фотосуреттер топтамасы да бар. «Кітабымның атауы айтып тұрғандай, бұл – 40 жылдық қаламгерлік еңбегімнің нәтижесі мен жемісі. Оқырманның көңілінен шығып жатса, мақсатымның орындалғаны» дейді кітап авторы.
Таңатар Төлеуғалиев – ақын, журналист, аудармашы. 1959 жылы 20 тамызда Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген, мамандығы – журналист. Еңбек жолын облыстық «Орал өңірі» газетінде бастап, ұзақ жыл қызмет етіп, мол тәжірибе жинақтады. 1998 жылы Астана қаласына қоныс аударып, «Астана ақшамы» газетінде, «Астана» журналында және елорданың Тілдерді дамыту басқармасында жауапты қызметтер атқарды. Республикалық «Қазақстан теміржолшысы» газетінің бас редакторы, «Қазконтент» АҚ «Benws.kz» ақпарат порталының бас редакторы болды. «Астанаға 20 жыл» (2018), «Еңбек ардагері» (2021), «Ерен еңбегі үшін» (2022) медальдерімен марапатталған. «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің (2022) иегері. Таңатар Абдоллаұлы қазір зейнеткерлік демалыста. Астана қаласында тұрады.
Айбатыр СЕЙТАҚ