Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқитын, оқу, кәсіби, қоғамдық және жобалық қызметте жоғары нәтиже көрсеткен талантты әрі белсенді жастарды анықтап, қолдауға бағытталған «Қазақстан Республикасы колледждерінің ТОП-100 студенті» республикалық байқауы аяқталды. Үздіктердің қатарына Астана қаласының студенттері де енді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Алдымен қатысушылар өз білім беру ұйымдары деңгейінде, кейін өңірлік және республикалық кезеңдерде сынға түсті. Олар оқу мен кәсіби саладағы жетістіктері, жүзеге асырған жобалары, қоғамдық белсенділігі және таңдаған мамандығын дамытуға қосқан жеке үлесі туралы мәлімет ұсынды.
Байқау қорытындысы бойынша Астанадағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының бес студенті Қазақстан колледждерінің ТОП-100 студентінің қатарына енді:
• Жасұлан Серікбек – «Astana IT University» ЖШС колледжі;
• Айша Болатова – Кәсіптік-техникалық колледж;
• Алинұр Әлмахан – Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі;
• Ақниет Ысқақ – Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары халықаралық колледж;
• Ләззат Асланқызы – Технологиялық колледж.
Олардың жетістігі – мақсатқа ұмтылысының, кәсіби дайындығының жоғары деңгейінің, қоғамдық және білім беру өміріне белсенді араласуының, сондай-ақ таңдаған мамандығын дамытуға деген талпынысының нәтижесі.