Адам қалай адаспайды?

Адам қалай адаспайды?
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласындағы Keruen City сауда-ойын-сауық орталығында «BookFest – 2026» кітап фестивалі аясында жазушы Жолтай Жұмат-Әлмашұлының «Интерадам» атты жаңа кітабының таныстырылымы өтті. «Фолиант» баспасынан жарық көрген туынды төрт қысқа романды біріктірген. Кездесуде автор шығармаларының идеялық өзегіне тоқталып, оқырманға жеткізгісі келген ойларымен бөлісті.

«Жазушы үшін әр кітабының орны бөлек. Өйткені әр шығармаға күш-жігер ғана емес, кейіпкерлердің тағдыры, олардың ішкі арпалысы, өмірлік тартыс­тары мен айтпақ ойдың салмағы сіңеді. «Интер­адам» кітабына енген төрт романның да өзіндік бағыты, айтары бар. Олардың барлығын адам болмысы, ар тазалығы, отбасы құндылығы мен адамдық жауапкершілік туралы ортақ сауалдар бай­ланыстырады» деді Жолтай Жұмат-Әлмашұлы.

Автордың айтуынша, кітапқа атау болған «Интерадам» романы бірнеше жыл бұрын жазылған. Шығармада шынайы өмірдегі адам мен интернет кеңістігіндегі көзге көрінбейтін бейне арасындағы психологиялық тартыс суреттеледі. Адам санасы мен цифрлық кеңістіктің арақатынасы арқылы жазушы технологиялық өзгерістер заманындағы адам болмысының күрделі қырларына үңіледі. Роман бірнеше тілге аударылып, әдеби ортада бағасын алған.

Жинақтағы «Бақидан келген келіншек» романы өмір мен өлім, иман мен ар тазалығы, адамдық қарым-қатынас туралы толғаныстарға құрылған. «Бумеранг» шығармасында хат түріндегі баяндау арқылы адам әрекетінің салдары, отбасы алдындағы жауапкершілік және ата-анасыз өскен балалардың тағдыры қозғалады. Ал «Бастард» романында әке мейіріміне жете алмаған баланың жан жарасы арқылы отбасы бақытының мәні мен некенің қадірі туралы өзекті мәселелер көтеріледі.

«Бұл шығармаларда әртүрлі оқиға баяндалғанымен, түпкі сауал ортақ: адам қалай адаспайды, қалай адам болып қалады? Отбасының берекесін не сақтайды? Баланың алдындағы жауапкершілігіміз қандай? Технология дамыған заманда адамдық қасиеттерімізді қалай қорғаймыз? Мен оқырманды осы сұрақтар төңірегінде ойландырғым келді.