Реформа санадан басталады

Реформа санадан басталады
фото: ЖИ

Тарихта қоғамның даму бағытын өзгерткен маңызды реформалар алдымен қатал заң, кемел экономикалық шешімдерден емес, адамдардың ойлау жүйесіндегі өзгерістен басталған кезеңдер аз емес. Өйткені жаңа тәртіпті ескі түсінікпен қабылдау, жаңа мүмкіндікті бұрынғы өлшеммен бағалау, ал өзгерісті ескі әдетпен жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан мемлекет жаңаруы үшін оның институттары ғана емес, сол институттармен бірге өмір сүретін қоғамның көзқарасы да өзгеруі, жаңаруы керек.

Жуырда өткен Тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлтымыздың келешегін айқындайтын тарихи өзгерістер табысты болуы үшін ең алдымен, қоғамдық сана жаңғыруы тиіс» деді. Бір қарағанда, бұл білім мен тәрбиеге қатысты айтылған кезекті саяси тұжырым сияқты көрінуі мүмкін. Алайда осы бір сөйлемнің астарында Қазақстанның алдағы даму бағытына қатысты әлдеқайда ауқымды мәселе жатыр. Яғни Президент бұл арада «қоғамдық сананың жаңғыруын» елдегі тарихи өзгерістердің табысты болуының алғышарты ретінде атады.

Салыстыра айтсақ, Қ. Тоқаевтың «қоғамдық сана жаңғыруы тиіс» деген сөзі Қытайдың реформатор көшбасшысы Дэн Сяопиннің өткен ғасырдың соңындағы «ойды азат ету, шындықты іс жүзінен іздеу» қағидасын еске түсіреді. Әрине, даму үстіндегі Қазақстан мен ұшқан құстай дамыған Қытайдың тарихи жағдайын, саяси жүйесін немесе реформаларының мазмұнын бір-біріне теңестіру немесе салыстыру орынсыз да шығар. Бірақ осы екі көзқарастан «үлкен өзгеріс жасау үшін алдымен өзгеріске болған көзқарасты өзгерту қажет» деген ортақ бір заңдылықты байқауға болатын секілді.

1949 жылы Қытай Халық Республикасы құрылғаннан кейін ел социалистік даму жолын таңдады. Алайда, 1950–1970 жылдары жүргізілген бірқатар саяси-экономикалық науқандар сәтсіздікке ұшырады. Әсіресе, «Зор секіріп ілгерілеу» ұраны ауыл шаруашылығы мен өндірісте үлкен дағдарыс туғызып, халықты қарадай қинаса, 1966–1976 жылдардағы аты шулы «Мәдениет революциясы» тұтас Қытайдың білім, ғылым, мәдениет пен басқару жүйесін онан әрі әлсіретіп, экономика даму тұралауға шақ қалды. Сөйтіп, 1976 жылы Мао Цзэдун өлген тұста Қытай қоғамы алдында «бұрынғы бағытты сол күйінде жалғастыру керек пе, әлде елді тығырықтан шығарудың жаңа жолын іздеу керек пе?» деген екі түрлі таңдау тұрды. Яғни, сол кезде Хуа Гофэн бастаған топ Мао Цзэдунның бұрынғы шешімдері мен нұсқауларын бұлжытпай ұстануды жақтаса, Дэн Сяопин бастаған реформаторлар нақты нәтижені басшылыққа алуды ұсынды. Сонымен, 1978 жылы желтоқсан айындағы ҚКП ОК-нің ІІІ пленумы елдің назарын таптық күрестен социалистік модернизацияға, экономикалық дамуға және реформаларға бұруға шешім қабылдады. Дэн Сяопиннің «ойды азат ету» үндеуі міне осылай Қытайдың саяси бағдарына айналды.

Дегенмен, «ойды азат ету» Қытайда жалпы жұрт тарапынан бірден қолдау тапқан жоқ, керісінше, ол билік ішіндегі және қоғамдағы елеулі идеологиялық тартыстың нәтижесінде орнықты әрі пісіп жетілді. «Практика – ақиқатты тексерудің жалғыз өлшемі» деген қарапайым қағиданың өзі үлкен идеологиялық пікірталас туғыз­ды. Себебі, «ойды азат ету» деген қарапайым ғана «еркін ойлаңдар» деген сөз емес еді. Керісінше, оның астарында бұрынғы саяси шешімдерді қайта қарау; Мао дәуіріндегі кейбір қателіктерді мойындау; қалыптасқан догмалардан бас тарту; экономикалық саясатты өзгерту; жаңа тәжірибелер жасау; тіпті партияның бұрынғы саясатының дұрыстығын нәтижеге қарап бағалау сияқты өте күрделі мәселелер жатты.

1978 жылғы бетбұрыстан кейін Қытайда ауыл шаруа­шылығында, кәсіпкерлікте, экономикалық басқаруда тәжірибе жасауға көбірек мүмкіндік берілді. Арнайы экономикалық аймақтар құрылып, сыртқы капитал мен технология тартылды, ал ауылда отбасы мердігерлігі сияқты тетіктер енгізілді. Яғни, «бір ғана дұрыс модель бар» деген түсініктің орнына «қай тәсіл тиімді болса, соны тәжірибеде сынау керек» деген қағида басшылыққа алынды. «Өзімізді өзіміз қамтамасыз етеміз» – деген оқшауланған жағдайдың орнына әлемдік экономикамен байланыс орнату басталды. Шетелдік капитал, технология, басқару тәжірибесі келді. Бұл кейін Қытайдың өндірістік қуатының күрт өсуіне әсер етті. Осыдан бастап Қытай қоғамында ой-жобаның дұрыс­тығы оның кім айтқанына емес, өмірде нәтиже беруіне қарай бағалануы керек деген ұстаным қалыптасты.

Қытай тәжірибесі туралы сөз болғанда, ең әуелі бір нәрсені анықтап алған жөн: Қазақстанға Қытайдың саяси немесе экономикалық моделін сол күйінде көшірудің қажеті жоқ. Өйткені екі елдің тарихи даму жолы, саяси жүйесі, қоғамдық құрылымы екі бөлек. Бірақ Қазақстан үшін Қытай тәжірибесінің құндылығы – дайын модельде емес, реформаны бастау логикасында. Яғни, Қазақстан үшін Қытай реформасынан шығатын бірінші сабақ – реформа ескі түсініктердің шеңберінде жүргізілмеуі керек. Қоғам жаңа кезеңге қадам басса, оның бұрынғы әдеттері мен көзқарастарын да қайта қарауға тура келеді. «Бізде бұрыннан осылай», «бұл мүмкін емес», «бәрібір өзгермейді» деген түсініктер реформаның көрінбейтін тежегішіне айналуы мүмкін. Мемлекет басшысының қоғамдық сананың жаңғыруын біліммен және мұғалімнің рөлімен байланыстыруы да осы тұрғыдан маңызды. Ол технология әлемді өзгерте алатынын, ал адамның дүниетанымын өзгертуде ұстаздың орны ерекше екенін айтты. Сонымен бірге заң мен тәртіпке, тазалыққа, мәдениеттілікке негізделген жаңа этика қалыптастыруды, жастардың бойына отаншылдық, білімпаздық және еңбекқорлық құндылықтарын сіңіруді міндет ретінде атады.

Ендеше, біздің елде қоғамдық сананың жаңғыруына не кедергі?

Біріншіден, бізде бәрін сырт­қы күштен күтетін психология басым. Мемлекет бәрін жасауы керек, әкімдік шешсін, бастық айтсын деген түсінік азаматтың өз жауапкершілігін кейінге ысырады. Мұндай қоғамда мемлекетке талап қою бар да, қоғамның өзіне талап қоюы аз болады. Ал қазіргі кезеңде азаматтың мемлекет алдындағы, қоғам алдындағы жауапкершілігі күшеймей, көп нәрсені өзгерту қиын.

Екіншіден, «бұрыннан осылай келе жатыр» деген түсініктен құтыла алмаймыз. Кез келген әдеттің дұрыс екеніне оның бұрыннан қалыптасқаны дәлел бола алмайды. Уақыт өзгерсе, қоғамның да кейбір көзқарастары өзгеруі тиіс. Жаңа технологияны пайдаланып отырып, ескі басқару тәсілімен ойлау; жаңа Конституциямен өмір сүріп отырып, бұрынғы қоғамдық әдеттерден арылмау – жаңғырудың ішкі қайшылығының басты көрінісі екені бесенеден белгілі.

Үшіншіден, «таныс арқылы шешу» түсінігі әбден орныққан. Заң бәріне бірдей болғанымен, өмірде мәселені заңнан бұрын таныс-тамыр арқылы шешуге ұмтылу әлі де кездеседі. Мұндай түсінік қалыптасқан жерде заң үстемдігі туралы қанша айтқанмен, оның қоғамдық санаға толық орнығуы қиын. Сондықтан құқықтық мемлекет тек мемлекеттік институттардың өзгеруімен емес, азаматтың «мен де заңға бағынуға тиіспін» деген ішкі ұстанымымен қалыптасады. Мәселенің бәрін таныс арқылы шешу ешқашан қоғамды алға бастырмайды.

Міне, осы үш кедергіні көкейге салып салмақтасақ, қоғамдық сананың жаңғыруы – біреудің санасына жоғарыдан жаңа ой енгізу емес, керісінше, ол адамның өз ойлау тәсіліне қайта қарауы екені анық аңғарылады. Яғни әрбір адам «Мен мемлекеттен не аламын?» деген сұрақтың қасына «Мен мемлекетке, қоғамға не бере аламын?» деген сұрақты қатар қоюы; «Жүйе өзгерсін» деген ұстанымнан «өзгерісті өзімнен бастай аламын ба?» деген ұстанымға көшуі керек. Міне, осы жерде Дэн Сяопиннің «ойды азат ету» қағидасымен ұқсастық қайта көрініс береді. Қытай реформасының бастапқы кезеңінде мәселе тек жаңа экономикалық тетіктерді енгізуде емес, бұрынғы түсініктердің шеңберінен шығуда болды. Ал Қазақстан үшін бүгінгі міндет – біреудің дайын моделін қайталау емес, өзіміздің дамуымызға кедергі болып отырған санадағы қалыптарды анықтап, оларды өзгерту. Заң өзгеріп, мемлекеттік институттар жаңаруы, өндірісті дамыту үшін жаңа технологиялар енгізілуі мүмкін. Бірақ адамның сол өзгерістерді қабылдауға дайын санасы болмаса, реформаның толық нәтижеге жетуі қиын. Өйткені елді өзгертетін реформаның ең қиын бөлігі – зауыт салу немесе заң жазу емес, адамның «осылай болуы керек» деген қалыптасқан қасаң қағидасын өзгерту.