Тіл - татулық пен тұтастықтың тірегі

Тіл - татулық пен тұтастықтың тірегі

5 қыркүйекте елімізде Қазақстан халқы тілдері күні атап өтіледі. Бұл күн – ұлт ұстазы, көрнекті ағартушы, қазақ тіл білімінің негізін қалау­шы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен сабақтас. Сондықтан тіл мерекесі мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырумен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, қоғамдағы тілге деген құрметті нығайтудың маңызды қоғамдық-мәдени мерекесіне айналып отыр. Осы күнге орай елордада тіл мәдениетін дамытуға, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге, әдебиет пен руханиятты насихаттауға бағытталған бірқатар іс-шара ұйымдастырылады.

Мереке қарсаңында қалыптасқан дәстүр бойынша бүгін Жазушылар аллеясындағы Алаш арыстарының ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, тағзым рәсімі өтеді. Зиялы қауым, қаламгерлер мен тіл жанашырлары қатысатын бұл шара Алаш қайраткерлерінің ұлт руханияты мен қазақ тілінің дамуына сіңірген еңбегін ұлықтауды көздейді. Сондай-ақ мереке аясында әдебиет пен тіл мәселесіне арналған кездесулер де өтеді. «Классик ұстаханасы» жобасы аясында қаламгер Әлібек Асқаровпен, сондай-ақ қала мекемелерінде қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазымен кездесулер ұйымдастырылады. Басқосуларда қазақ әдебиеті, тілдің ұлттық болмысты қалыптастырудағы орны, мемлекеттік тілдің қазіргі қоғамдағы рөлі сөз болады.

Қазіргі заманның ең өзекті мәселелерінің бірі – цифрлық кеңістіктегі тіл мәдениеті. Осы бағытта «Цифрлық кеңістіктегі тіл тазалығы: әлеуметтік желідегі мәдениет, тәртіп және әдеп» тақырыбында дөңгелек үстел өткізіледі. Онда әлеуметтік желідегі тіл қолданысы, жаргон мен сленг, сөзді бұрмалап жазу, кибербуллинг және желілік әдеп мәселелері талқыланбақ. Қазақ әдебиетінің бүгінгі ахуа­лы мен болашағына да назар аударылады. «Ұлттық әдебиет және ана тілінің болашағы» атты панельдік дискуссия барысында қазіргі проза мен поэзияның тілдік деңгейі, әдеби тілдің даму үрдістері және жастардың сөздік қорының өзгеруі сөз болады.

Мемлекеттік тілді өзге этнос өкілдеріне үйретудің оң тәжірибесін көрсету мақсатында «Живой пример» жобасы аясында қазақ тілін еркін меңгерген азаматтармен сұхбаттар ұйымдас­тырылып, олардың тіл үйрену тәжірибесі туралы подкасттар әзірленді. Бұл бастама қазақ тілін үйренуге қызығушылықты арттыру мақсатында қолға алынған.

Әдебиетке деген қызы­ғушылықты арттырып, зият­керлік ортаны дамыту мақсатында Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы мен Қалалық тілдер басқармасы бірлесіп «Qalam Quiz» интеллектуалды ойыны өткізіледі. Қатысушылар қазақ және әлем әдебиеті, қаламгерлер, шығармалар, жанрлар, тіл мен мәдениетке қатысты сұрақтар бойынша бақ сынайды. Тіл үйрету саласы да назардан тыс қалмайды. Ересектерге қазақ тілін оқытатын мамандар үшін «Тіл – құрал» әдістемелік шеберлік сағаты, ал ересек тыңдаушылар арасында «Тіл – достықтың дәнекері» атты ашық сабақ өткізіледі.

Мерекелік іс-шаралар мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында байқаулар, сынып сағаттары, поэзиялық кештер, дәрістер, пікірталастар мен интеллектуалдық сайыс­тар ұйымдастырылады. Қала кітапханаларында «Тіл – татулықтың тірегі», «Әр тіл – бір әлем», «Тіл – ұлттың жаны» секілді тақырыптарда кітап және ақпараттық көрмелер өтеді. Ал қоғамдық көліктерде ұлттық құндылықтарды насихаттайтын қазақтың мақал-мәтелдері, нақыл және қанатты сөздері аудиожазба түрінде тұрақты түрде беріліп отырады. Үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, отансүйгіштік, адамгершілік, еңбекқорлық пен білімге ұмтылу секілді қасиеттерді дәріптейтін бұл бастама қоғамдық көлікті тек жолаушылар тасымалдайтын орын емес, ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды насихаттайтын ақпараттық кеңістік ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.

– Тіл – ұлттың рухани өзегі, тарихи жады мен мәдениетінің алтын арқауы. Сондықтан Қазақстан халқы тілдері күні – мемлекеттік тілдің қоғамдағы орнын және ел бірлігін айшықтайтын маңызды күн. Бүгінде тіл мәселесі тек дәстүрлі мәдениет немесе білім саласымен шектелмейді. Ол әлеуметтік желіден бастап қоғамдық көлікке, білім беру ұйымдарынан әдеби ортаға дейінгі күнделікті өміріміздің барлық саласына қатысты. Осыған байланысты елордада тіл мәдениетін цифрлық кеңістікте қалыптастыру, әдебиет пен кітап оқу мәдениетін насихаттау, мемлекеттік тілді үйренудің озық тәжірибесін көрсету, тіл мамандарының кәсіби шеберлігін арттыру бағытында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып отыр. Біздің мақсатымыз – тілді тек мерекеде айтып, ұранға айналдыру емес, оны күнделікті өмірдің табиғи қажеттілігіне айналдыру. Әсіресе жастардың тілге деген қызығушылығын арттырып, әлеуметтік желіде де, қоғамдық ортада да сауатты әрі мәдениетті сөйлеуге баулу маңызды. Сонымен қатар, қазақ тілін дамыту – мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайта отырып, еліміздегі этностардың тілдері мен мәдениетіне құрметпен қарау – қоғамдық келісім мен бірліктің маңызды негізі. Сондықтан тіл мерекесі бізді бір-бірімізді түсінуге, мәдени әртүрлілікті бағалауға және ортақ құндылықтар төңірегінде топтасуға үндейді, – деді Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп.