Астана қаласының Қоғамдық кеңес мүшелері елордадағы қоғамдық көлік жұмысы, көше-жол желісі және автотұрақ инфрақұрылымының жай-күйімен танысты. Аралау «Қоғамдық көлік жұмысының жай-күйі және оны жақсарту, көше-жол желісі мен автотұрақ инфрақұрылымын дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы» мәселені Қоғамдық кеңестің алдағы отырысында қарауға дайындық аясында ұйымдастырылды.
Жұмыс сапары барысында Қоғамдық кеңес мүшелері қаланың бірқатар көлік инфрақұрылымы нысандарын аралап, олардың қазіргі жағдайын көрді, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы жауапты мамандардан ақпарат алды. Аралау алғашқы нысан – Ш.Бейсекова көшесі мен Н.Тлендиев даңғылының қиылысындағы екі деңгейлі жолайрықтан басталды. Екі деңгейлі жолайрықтағы құрылыс жұмыстары жалғасуда. «Н.Тлендиев даңғылы мен Ш.Бейсекова көшесінің қиылысында екі деңгейлі жолайрық салу» жобасы аясында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары Гүлнұр Сүлейменованың айтуынша, қазіргі уақытта көпірдің металл конструкцияларын монтаждау толық аяқталған.

Сонымен қатар «Астықжан» сауда үйі жағындағы асфальт төсеу жұмыстары да аяқталды. Ал Сейфуллин көшесі жағында жол төсемін төсеу және асфальт төсеуге негіз дайындау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Тілендиев даңғылы бойындағы асфальт төсеу жұмыстарын 10 қыркүйекке дейін аяқтап, автокөлік қозғалысын толық ашу жоспарланған. Бұдан бөлек, аралау барысында елордадағы көлік инфрақұрылымын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер де күн тәртібіне шығарылды. Қоғамдық көліктің жұмысы, көше-жол желісінің жай-күйі, автотұрақ инфрақұрылымы және қалалық көлік қозғалысын ұйымдастыруға қатысты мәселелер бойынша ақпараттар зерделенді. Қоғамдық кеңес мүшелерінің аралау кезінде жинаған мәліметтері мен ұсыныстары алдағы талқылауға негіз болады. Көлік инфрақұрылымына қатысты аталған мәселелер 10 қыркүйекте өтетін Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысында қаралып, тиісті ұсыныстар мен ұсынымдар әзірленетін болады.