Әділхан Төкенов: Тазының тазалығын сақтап қалу – басты мәселе

Әділхан Төкенов: Тазының тазалығын сақтап қалу – басты мәселе
фото: Әділхан Төкеновтің жеке архивінен

Ширек ғасырдан бері тазы ұстап, саятшылық ететін кинолог Әділхан Төкенов –  Nomad ұлттық аңшылық қорының іргесін қалаушылардың бірі, мүшесі. Ол тазыға деген қызығушылықты ұлттық сананың өсуімен байланыстырады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

-Тазының қызығатын жері көп, оған қызықпау мүмкін емес. Иттердің ішінде ең әмбебап түрі, оны кез келген салада қолдануға болады. Өз басым тазы ұстауды аңшылық емес саятшылық деп атар едім. Оның өзінің ерекше бір философиясы бар. Бұл бір тұтас ұлттық мәдениетіміздің пласты десе болады. Қуанарлығы, Мемлекет басшысының қолдауымен елімізде осы асыл қазынамызға ерекше назар аударылып, Қазақы тазы күні белгіленгені. Тазының стандарт иесі Қазақстан болып тіркеліп жатыр, бұл да бір шешімі табылған мәселе болып отыр, - дейді ол.

Оның айтуынша, тазының санына қатысты қауіп төніп тұрған жолқ. Алайда қазіргі мәселе – аңшылық мәдениетін қалыптастыру, бар тазыларды асылдандыру, будандастыруды жою. Ә. Төкенов шырға салуды тазымен саятшылыққа жат нәрсе деп санайды, сондықтан бүгінгі жас буынның соған көп барып жатқанын құптамайтынын жеткізді. Ол тазының текті тұқымын, тазалығын сақтап қалуға бар күшті салу керек деп есептейді.