Тазы асырап, баптаумен айналысып жүргеніне 10 жыл болған көкшетаулық Дастан Сыздықовтың қазіргі таңда 5 тазысы бар. Барлығы халықаралық көрмелерге қатысып, жүлделі орындарды иеленуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

-Тазы иттерді асырау - хоббиім. Мақсатым - тазы жүгіртіп, аңға салу, қазіргі қоғамға тазыны кеңінен насихаттап, дәріптеу. Тазы - қазақ халқының жеті қазынасының бірі, ұлттық аңшылығымыздың маңызды бөлігі. Ежелден тазы баптап аңға салу - дәстүріміздің бір бөлшегі. Қазіргі уақытта ұлттық ит тұқымы - Құмай тазыны халықаралық денгейде мойындату үшін үлкен және ауқымды жұмыстар жасалып жатыр. Айтып өтетін болсақ, тазы құжаттандыру, тазыларды көрмелерге тегін қатыстыру, тазылар арасында шырға тарту жарыстарын өткізу, табиғи аңшылық сынақтары және басқа да жұмыстар жүргізілуде. Осының барлығын ескере отырып, Тазы күнін атап өту өте орынды деп ойлаймын. Тазы иелері үшін бұл да бір мереке болын саналады, - дейді ол.

Оның айтуынша, тазыларды көбейту үшін жоғарыда атап өткен барлық іс-шараларды орындау керек. Тазыларға құжат жасау жұмысы қарқынды жүргізіліп, тазы асылдандыру мақсатында түрлі қоғамдық бірлестіктер ашылып жатыр.