Құжат – тарихтың айнасы

Құжат – тарихтың айнасы

Архивте сақталған әрбір құжат – өткен тарихымыздың маңызды дерегі. Оларды ұзақ жылдар бойы сақтап, келешек ұрпаққа жеткізуде құжаттарды қалпына келтіру мамандарының еңбегі ерекше. Құжаттың бастапқы қалпын сақтап, оның тарихи маңызын жоғалтпау – үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс.

Астана қаласының мемлекеттік архивінде бұл бағыттағы жұмыстар арнайы зертханада жүргізіледі. Реставрация жұмысының қалай атқарылатыны, құжаттарды қалпына келтіру барысында қандай қиындықтар кездесетіні және тарихи мұраны сақтаудың маңызы туралы Құжаттарды қалпына келтіру және сақтау құралдарын дайындау қызметінің басшысы Гүлжан Баурбековамен сұхбаттасқан едік.

– Алдымен, реставрация жұмысының негізгі қызметі туралы айтып өтсеңіз. Орталық қашан және қандай мақсатпен құрылды?

– Астана қаласының мемлекеттік архивінің зертханасы 2019 жылы құрылды. Сол жылдың 2 шілдесінде әкімнің қаулысы шықты. Ал 2020-2022 жылдары зертхана толық жабдықталды. Зертхананың қалыптасуы құжаттардың физикалық тозуын азайту, сақтау мерзімін ұзарту және ғылыми айналымға жарамдылығын қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылды. Алғашқы кезеңде жұмыстар механикалық тазалау, жыртылған беттерді жапсыру сияқты қарапайым тәсілдерден басталады. Кейін ғылыми әдістемелерге сүйене отырып, кешенді реставрация жүргізілді. Бейтарап материалдар, жапон қағазы, арнайы желімдер, жергілікті ылғалдандыру әдістері қолданылды. Негізгі мақсатымыз – құжаттың тарихи және ақпараттық құндылығын сақтай отырып, оның пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз ету.

– Реставрацияны қажет ететін құжат орталыққа тү­скеннен кейін қандай кезеңдерден өтеді, қалпына келтіру жұмысы нақты неден басталады?

– Біздің негізгі міндетіміз – уақыт өте келе тозған немесе бүлінген құжаттарды қалпына келтіру және олардың дұрыс сақталуына жағдай жасау. Сонымен қатар құжаттарды сақтау­­­­ға арналған арнайы қаптамалар, папкалар, қораптар және басқа да сақтау құралдарын дайындаймыз.

Реставрацияны қажет ететін құжат орталыққа түскеннен кейін құжатты тіркейміз, әр құжатқа жеке қараймыз. Алдымен оның жағдайын анықтап, зақымдану деңгейін бағалаймыз. Содан кейін құжаттың ерекшелігіне қарай тиісті қалпына келтіру жұмыстарын жүргіземіз. Бұл жұмыс өте мұқияттылықты, шыдамдылықты және кәсіби шеберлікті талап етеді. Сондықтан біздің мақсатымыз – құжаттың бастапқы қалпын барынша сақтап, оның мазмұны мен тарихи маңызын жоғалтпау. Бұл жұмыста жауапкершілік бірінші орында тұрады. Реставрация жұмысы бірнеше кезеңмен жүреді.

Бірінші – құжатты инертті газбен толтырылған жастықшаға 4 аптаға салып қоямыз. Екінші кезең де, оны шансорғышпен тазартып аламыз. Үшінші – темірлері (скрепка, зажим, шеге т.б.) тазартылған құжатты дистелді (дистилированный) сумен жуамыз. Әрине, сиясын байқап жуу керек. Төртінші – жуылған құжаттың жыртылған, жетіспейтін жерлері болса, скотчтан тазартамыз, арнайы клеймен жапсыр­ып, прес­ке қойып тегістеп аламыз. Скандаймыз. Кейін құжатты қолмен ұстай бермес үшін, зерттеушілер, студенттер пайдалануға келгенде электронды түрін пайдаланады. Бесінші – дайын реставрациядан өткен құжаттың сол шетіне гарда жапсырып, тігеміз. Соңынан тігілген дайын құжатты қорапқа салып, сақтау қоймасына тапсырамыз. Оны салатын қорапты да өзіміз жасаймыз.

– Құжаттарда қандай за­қым түрлері жиі кездеседі?

– Реставрация жасау кезінде екі күрделі мәселе жиі кездеседі. Бірі – сиямен жазылған құжаттар, екіншісі – жабысқақ таспаны (скотч) ажырату. 1922-1945 жылдар аралығындағы құжаттар – кеңселік іс жүргізудің қарқынды дамыған уақыты. Құжаттардың басым бөлігі қолмен тол­тырылған және әртүрлі сиялармен жазылған.

Кеңсе тәжірибесінде жыртылған құжаттарды бекіту үшін скотч немесе түрлі желімдік тас­палар қолданылған. Уақыт өте келе олардың желім қабаты қышқылданып, сарғайып, қағаз талшықтарына терең сіңеді. Нәтижесінде қағаз сынғыш болып, дақтар пайда болады. Жабысқақ таспаны (скотч) ажырату кезінде қауіп туындайды.

– Бір құжатты толық рес­таврациялауға қанша уақыт кетуі мүмкін. Сіздердің тәжірибелеріңізде ерекше күрделі немесе есте қалған реставрация жұмысы болды ма?

– Құжатқа реставрация жасамас бұрын және кейін деген фотоға түсіріп аламыз. Бір құжатты реставрациядан өткізу үшін – құжаттың бетіне, физикалық жағдайына байланысты. Көп дегенде екі апта кетуі мүмкін.  Әрине, есте қалатындай қыз­ықты құжаттар кездесті. Ол – ашаршылық кезіндегі адамдар туралы плакат, әбден скочтап тас­таған, жыртылған, сарғайған. Сол плакатты екі аптада жасап шықтық. Тағы да кейін сондай газеттер кездесті.

– Қазақстанда кітап және қағаз реставрациясы бойынша мамандар даярлана ма?

– Қазақстанда кітап, қағаз реставрациясы мамандарын дайындайтын орындар жоқ. Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада екі апталық курс өтетін орындар бар. Шетелдерге шығып курс оқып келіп жатқандар бар. Жас мамандар осы мамандықты қызығушылықпен таңдаса, онда жұмысының нәтижесін көру үшін, жетістікке жету үшін осындай курстарға, семинарларға қатысып, жұмысының жемісін көре алады.

– Бүгінде қанша құжат рес­таврациядан өтті?

Қазіргі таңда 3000-ға жуық қорап жасап, қоймаға тапсырдық. Реставрациядан өткен құжаттарды қоймаға тапсырдық. 2021 жылдан осы күнге дейін 476 іс, 49 682 парақ реставрациядан өтті. Тарихты сақтау – баршамызға ортақ міндет. Құжаттар арқылы біз өткенімізді танып, бүгінімізді бағалап, болашағымызды зерделейміз. Сондықтан құнды құжаттарды сақтау мен қорғау – үлкен жауапкершілік әрі маңызды міндет. Біздің еңбегіміз осы тарихи мұраны келешек ұрпаққа аман жеткізуге бағытталған. Архив құжаттар­ын реставрациялау – тек техникалық процесс емес, сонымен қатар тарихи жадыны сақтау­ға бағытталған ғылыми жауапты жұмыс. Сондықтан әрбір құжатпен жұмыс істеуде ғылыми негізделген тәсіл, алдын ала зерттеу және сақтық қағидалары бас­ты орында болуы тиіс.

Сұхбаттасқан Қымбат Сабитқызы