Қазір түрлі шаруа қожалықтарын, серіктестіктер мен фирмаларды, кәсіпорындарды қазақ руларының атымен атау жиілеп кетті. Құрылтай депутаты Аят Сүгірбай Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевқа жолдаған депутаттық сауалында осылай мәлім етті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Депуттаттың мәліметінше, «Заңды тұлғалар» мемлекеттік мәліметтер базасының ақпаратына сәйкес, Қазақстанда қазақ руларының атымен аталған 800-ге жуық коммерциялық және коммерциялық емес ұйым бар. Олар негізінен 1996-2005 жылдар аралығында тіркелген.
«Қоғамда мұндай жағдайдың орын алуы қисынсыздау екені тайға таңба басқандай көрініп тұр. Қазақ үшін ру тарихи тамырын танудың, жеті атасын білудің, ата-баба шежіресін құрметтеудің жолы. Алайда ру – елдік мүддеден, мемлекетшілдік идеясынан жоғары тұратын ұғым емес. Жекелеген кәсіпорындар мен коммерциялық ұйымдарға ру атауларын берудің кеңінен таралуы қоғамда рушылдық түсініктің қайта жаңғыруына әкеп соқтыруы мүмкін. Бұл – жай ғана атау мәселесі емес, керісінше, болашақ ұрпақтың дүниетанымына тікелей қатысты мәселе. Өйткені, ру атауын жалаулатқан шаруашылықтың түбі руға бөлінейік дегені емес пе?», - деді депутат.
Аят Сүгірбайдің пікірінше, Әділетті Қазақстанды құрып жатқан кезеңде жершілдікке, жүзге бөлінушілікке орын болмауы тиіс.
«Тарихи шежіремізді құрметтеу парыз, ал ру атауларын коммерциялық мүдденің құралына айналдыру қоғамды жікке бөлуге алғышарт қалыптастыратыны сөзсіз. Әрине, қолданыстағы заңнамада ру атауларын пайдалануға тыйым салуға қатысты норма жоқ. Азаматтық кодексте заң талаптарына немесе қоғамдық моральға қайшы келетін атауларды пайдалануға шектеу қойылған», - деді ол.
Депутат «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» заңға, «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңға және басқа да тиісті нормативтік актілерге ру немесе жүз атауымен аталатын заңды тұлғаларды тіркеуге, қоғамдық бірлестіктер құруға нақты шектеу қоятын норма енгізу қажет деп санайтынын мәлімдеді.
Аят Сүгірбай Әділет министрлігінен заңды тұлғаларды қазақтың ру-тайпаларының атымен атауға заң жүзінде тыйым салу мәселесін қарастыруды сұрады.