Құмарлық құрсауындағы тағдыр

Құмарлық құрсауындағы тағдыр
фото: ЖИ

Бүгінде үйімізге ұры түсуі үшін есікті бұзудың қажеті жоқ. Ол әр жастың қалтасындағы смартфон арқылы төрге озып, ең қымбат қазынамызды – санамыз бен уақытымызды тонап жатыр. Лудомания – бұл жай ғана ақшадан ұтылу емес, үміт пен сенімнің, ар мен ұяттың көз алдымызда күлге айналуы. Бір сәттік жеңіл олжаның соңынан ергендер бүгін қарызға белшесінен батып, жақындарынан безіп, өз-өзіне қол жұмсауға дейін баруда. Бұл – оқ атылмайтын, бірақ тұтас бір буынның өміріне әсер етіп жатқан рухани соғыс. Рухымыз­ды әлсіретіп, күйретуге алып бара жатқан бұл цифрлық қауіптен ұрпақты қалай арашалаймыз?

Бұл – тәннің емес, жанның дерті

Өз отбасына жат адамға айналу – осы дерттің ең алғашқы белгісі. Кеше ғана күліп-ойнап жүрген адам бүгін бөлмесіне тығылып, телефоннан көз алмайтын күйге түседі. Басында «өз ақшамды өзім табам» деген өркөкірек сезім билеп, жақындарының ақылына құлақ аспайды. Кейін алғашқы ірі ұтылыс келіп, жүректі үрей билегенде, өтірік айтудан басқа амалы қалмайды. Сұраған әрбір тиыны үшін мың түрлі сылтау тауып, ата-анасының көзіне тік қарай алмайтын болады. Айналасындағы адамдар оны түсінбейтіндей көрініп, уақыт өте келе телефон ішіндегі жалған әлем ғана жұбанышына айналады. Бұл – тәннің емес, жанның дерті. Ең сорақысы, ойыншы өзінің батпаққа батып бара жатқанын сезсе де, «ертең бәрін қайтарам» деген алдамшы үмітке сеніп, одан әрі тереңдей береді. Соңында қарыз қыспаққа алғанда ғана, қасында ешкімнің қалмағанын, өмірінің мәні жоғала бастағанын түсініп, бармағын шайнайды.

Шаңырақтың шырқын бұзып, ата-ана мен баланың, ер мен әйелдің арасындағы сенімге сызат түсіретін бұл қасіретке бейжай қарауға болмайды. Бұл кесел XIX ғасырдың өзінде дәрігерлер назарына ілігіп, «патологиялық құмар ойын» деп аталып, адамның еркін тұсап, жан-дүниесін біртіндеп бүлдіретін психикалық ауытқу ретінде зерттеле бастаған. XX ғасырдың соңына қарай оған нақты медициналық диагноз қойылып, психикалық аурулар қатарында қарастырылды. Ал 2013 жылы халықаралық DSM-5 жүйесі лудоманияны ресми түрде тәуелділік (addiction) санатына енгізді. Бұл шешім құмар ойынға тәуелді адамның миында болатын өзгерістердің есірткіге тәуелділікпен ұқсас екенін ғылыми тұрғыда дәлелдеп берді. Бәрі көбіне «тез баю», «оңай ұту» деген тәтті елестен басталады. Өмірдің қиындығынан, ішкі күйзеліс пен жалғыздықтан шаршаған адам кейде шынайы әлемнен алыстап, ойын кеңістігін уақытша пана ретінде қабылдайды. Алғашқы ұтыс адамға күшті эмоциялық әсер беріп, ерекше қуаныш сезімін сыйлайды. Осы әсер оны ойынға қайта-қайта оралуға итермелейді. Уақыт өте келе ми қалыпты өмірдің қарапайым қуанышына бейжай қарап, тек ойыннан келетін жалған толқуды талап ететін күйге түседі. Сол сәтте өзін-өзі бақылау әлсіреп, тәуелділік тереңдей бастайды. Қазіргі цифр­лық дәуірде смартфон, онлайн платформалар мен агрессивті жарнама бұл үдерісті одан әрі жылдамдатып, лудоманияның таралуын бұрынғыдан да жеңіл әрі қолжетімді етіп отыр.

Лудоманияны жеңудің дайын формуласы жоқ

Осы мәселе төңірегінде «Жаңа өмір» ойынқұмарларға және олардың жақындарына кеңес беру орталығының басшысы Тимур Рамазановпен тілдестік. Бір кездері өзі де құмар ойынның құрсауына түсіп, тәуелділіктің ащы зардабын көрген ол бүгінде сол жолдан шығуға талпынып жүрген жандарға бағыт-бағдар беріп келеді. Өз өміріндегі қасіретті оқиғаны өзгелерге сабаққа айналдырған маман лудоманияның сырт көзге көрінбейтін қырлары туралы ой бөлісті:

«Біздің орталық 2023 жылдың 15 тамызында ашылды. Осы уақытқа дейін 231 адам көмек сұрап келді. Бірақ бұл жай ғана статистика емес. Оның артында қарызға батқан тағдырлар, шайқалған отбасылар, жоғалған сенім мен үзілген үміттер тұр. Орталыққа келетіндердің басым бөлігі өз еркімен емес, жақындарының жетелеуімен келеді. Шамамен 90 пайызын ата-анасы немесе туыстары алып келеді. Себебі лудоман адам көп жағдайда өзінің тәуелді екенін мойындағысы келмейді. Бізге келгендердің ең жасы – 15-тегі жасөспірім, ең үлкені – 58 жас­тағы азамат. Арасында 40-45 жас шамасындағы әйел адамдар да бар. Бұл құмар ойынның жас талғамайтын, жынысқа қарамайтын дерт екенін көрсетеді. Лудоманиядан арылудың ең маңызды жолдарының бірі – ортаны өзгерту. Өйткені адамды қайтадан ойынға жетелейтін нәрсе – көбіне ойынның өзі емес, сол орта. Екі жыл бойы емделіп, өмірін қалпына келтіре бастаған бір азамат бұрынғы таныстарымен тойда кездесіп қалды. Бар болғаны бір-екі сағаттық кездесу. Бірақ сол қысқа уақыттың өзі оны қайтадан ойынға алып келді. Нәтижесінде бір сағаттың ішінде 8 миллион теңге қарызға батып, екі жылдық еңбегі бір сәтте жоққа айналды. Сондықтан сауығу тек ойыннан бас тарту емес, бұрынғы әдеттерден, бұрынғы ортадан алыстау екенін түсіну керек. Лудоманиямен күрес ең алдымен адамның ойлау жүйесін өзгертуден басталады. Егер көзқарас өзгермесе, адам қайта-қайта ойынға орала береді. Көпшілік «бір рет қана ойнаймын», «ұтылғанымды қайтарамын» деген жалған үмітке сеніп қалады. Бірақ дәл осы ойлар тәуелділікті тереңдетеді. Сондықтан ең алдымен, адамның қате сенімдерімен жұмыс істеу қажет. Құмар ойын уақыт өте келе адамның мінезін де өзгертеді. Ол жақындарына өтірік айта бастайды, ал бұл көбіне қорқыныш пен ұяттан туындайды. Кейін өтірік айту қалыпты әрекетке айналып кетеді. Сол себепті емделу барысында ашықтық пен шынайылыққа ерекше мән беріледі. Адам өз мәселесін мойындаған сәттен бастап ғана өзгеріс басталады. Көпшілік бұл дерттен тек ойыншының өзі зардап шегеді деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде оның салмағын ең алдымен отбасы көтереді. Сенім бұзылады, қарым-қатынас әлсірейді, жақындар психологиялық қиындыққа тап болады. Сондықтан лудомания – бір адамның емес, бүкіл отбасының мәселесі. Мұнда жазалау емес, түсіндіру мен қолдау маңызды. Ойынды тоқтату – соңғы қадам емес. Керісінше, ең күрделі кезең сол сәттен кейін басталады. Адам эмоциясымен, қарызымен, жоғалтқан сенімімен бетпе-бет келеді. Бұл ұзақ уақыт пен күшті талап етеді. Лудоманияны жеңудің дайын формуласы жоқ. Ең бастысы, адам өзіне шындықты мойындап, өзгеруге нақты шешім қабылдауы» дейді Тимур Рамазанов.

Орталық басшысының сөзінен лудоманияның жай ғана ақша жоғалтумен аяқталатын әдет емес екені анық аңғарылады. Құмар ойын адамның қалтасын ғана емес, оның санасын, мінезін, сенімін және жақындарымен қарым-қатынасын да өзгертеді. Бүгінде лудоманияның жасарып бара жатқаны да – алаңдатарлық жағдай. Егер бұрын ойынханаларға бару үшін арнайы уақыт пен мүмкіндік қажет болса, қазір қалтадағы смартфонның өзі тәулік бойы жұмыс істейтін виртуалды казиноға айналды. Онлайн бәс тігу платформалары мен құмар ойын жарнамаларының көбеюі бұл тәуелділіктің бұрынғыдан да жылдам таралуына әсер етіп отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (WHO) мәліметінше, әлемдегі ересек тұрғындардың шамамен 1,2 пайызы құмар ойынға тәуелділік дертіне шалдыққан. Ал құмар ойын индустриясы табысының шамамен 60 пайызы дәл осы тәуелді ойыншылардың қаржысы есебінен қалыптасады (ақпарат Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми сайтынан алынды). Қоғамда лудомандарды көбіне ерік-жігері әлсіз немесе жауапсыз адам ретінде қабылдау қалыптасқан. Алайда оның ар жағында психологиялық тәуелділік, күйзеліс, жалғыздық және көмекке мұқтаж адамның жанайқайы жатуы мүмкін. Сондықтан бұл мәселеге айып­таумен емес, түсіністікпен және алдын алу шараларымен қараған жөн.

Ұрпақты қорғау – ұлттың болашағын қорғау

Астана қаласының тұрғыны А. (аты-жөнін жарияламауды жөн көрдік) бұл мәселенің қоғамда асқынып, әсіресе балаларға тікелей әсер етіп жатқанын айтады:

«Соңғы жылдары құмар ойынға тәуелділік тек ер-азаматтар емес, әйелдер арасында да етек алып отыр. Тіпті кейбірі ер-азаматтармен жарысып, бәс тігіп, соңында қарыз бен күйреуге өздерін де, отбасын да батырып жатыр. Ең ауыр салдары – балаға тие­ді. Үйдегі тұрақсыздық, ата-ананың күйзелісі мен қарызы баланың психикасына тікелей әсер етеді. Мұндай ортада өскен балада үрей, сенімсіздік, күйзеліс қалыптасуы мүмкін. Кейде тіпті бала өз болашағына немқұрайдылықпен қарап, өмірге деген қызығушылығын жоғалтады. Сондықтан бұл дерт тек ересектердің мәселесі емес, тұтас ұрпақтың тағдырына әсер ететін қауіпті құбылыс» дейді ол.

Түйіндей келе айтарымыз, лудомания – тек қаржылық шығын емес, рухани діңгегі шайқалған қоғамның қасіреті. Смартфон экранының ар жағындағы бұл «ұры» ең басты құндылық – ұрпақ болашағына қауіп төндіріп отыр. Сондықтан бұл кеселмен күрес тек жеке деңгейде емес, ортақ жауапкершілік болуы тиіс. Егер бүгін қоғам бұл қауіпке бейжай қараса, ертең тек қаржылық шығын емес, тұтас бір буынның санасы мен тағдырынан айырылу қаупі бар. Ұрпақты қорғау – ұлттың болашағын қорғау. Сондықтан бұл мәселені кейінге қалдырудың өзі қауіпке көз жұмуымен тең. Бүгін әрекет етпесек, ертең кеш болуы мүмкін.

Өмірді қайта бастауға бола ма?

Осы тақырып аясында зерттеу жүргізіп, құмар ойынның құрбаны болған, алайда өз-өзін қолға алып, жаңа өмір бастаған Ануар Сисенғалиевпен тілдестік.

– Алғаш рет тәуекелге бел буып, бәс тіккен сәтте сізді алға жетелеген не нәрсе еді: қаржылық мұқтаждық па, ертеңгі күнге деген сенім бе, әлде адреналин мен жаңа сезімдерге деген құштарлық па?

– Шынын айтсам, мені алға жетелеген ақша емес, ойынның қызығы мен жеңістің әсері болды. Алғашқы мөлшерлемемді қойғаныма жиырма жылға жуық уақыт өтіпті. Қазір сол күнді еске алсам, ішімде өкініш оянады. Бәрі тым қарапайым басталған еді. Алғашқы ойынымнан екі-үш мың теңге ұтып алдым. 2006 жылғы студент үшін бұл аз ақша емес еді. Сол сәтте өзімді жолы болған адамдай сезіндім. Бірақ құмар ойын адамды ақшамен емес, үмітпен арбайтынын кейін түсіндім. Ол саған әр жолы «тағы бір рет байқап көр», «мүмкін бұл жолы жолың болар» деген жалған сенім береді. Сол сенімнің соңынан еріп жүріп, өмірімнің қалай өзгергенін байқамай қалдым. Егер сол кезде бұл қызығушылықтың кейін тағдырыма осыншалық ауыр із қалдыратынын білгенімде, әлгі табалдырықтан аттап баспас едім. Өкінішке қарай, құмар ойын өз шындығын бірден көрсетпейді. Әуелі жеңістің дәмін татқызады, кейін ғана оның шынайы бағасын төлетеді.

– Осы дертке шалдыққаннан кейін айналаңыздағы жандармен қарым-қатынасыңыз қалай өзгерді?

– Дәл осы тәуелділік менің айналамдағы адамдармен қарым-қатынасыма ғана емес, өмірге деген көзқарасыма да үлкен әсер етті. Шынын айтсам, сол жылдары өмір сүрдім деп айту қиын. Мен жай ғана уақыт өткіздім. Айналамдағы адамдар алға жылжып, армандарына жетіп жатқанда, мен бір орында тұрып қалғандай болдым. Маған сыртқы әлемде не болып жатқаны да, өз үйімде не болып жатқаны да маңызды болмай қалды. Отбасымның уайымы мен достарымның ақылы маған әсер етпеді. Бірте-бірте өзім құрған жалған әлемнің ішінде өмір сүре бастадым. Ол әлемде бір ғана мақсат болды – келесі ставкаға ақша табу. Сөйтіп, құмар ойын адамның қалтасын ғана емес, ойын, санасын, өмірге деген көзқарасын да өзгертетінін түсіндім. Бір күні айнаға қарап тұрып, бұрынғы өзімді көре алмай қалғандай күй кештім.

– Өткен жылдарға қарап отырып, құмар ойын қалтаңызды қаққаннан бөлек, болмысыңыздағы ең қымбат, ең қастерлі қай дүниені тартып алды деп ойлайсыз?

– Меніңше, лудомания менен ең алдымен адамдардың сенімін алып кетті. Адам өмірінде ақшадан да қымбат дүниелер бар екенін мен тым кеш түсіндім. Мен өтірік айттым, қарыз сұрадым, уәде бердім, бірақ сол уәделердің бәрін орындай алмадым. Соның салдарынан маған сенген адамдардың көңілі қалды. Бір кезде жанымнан табылған достарым алыстап кетті. Отбасымнан айырылдым. Бірақ бәрінен де ауыр тигені – ата-анамның көзіндегі мұңды көру болды. Менің кесірімнен олардың шашына ерте ақ түсті, жүрегіне салмақ түсті. Расында, кейде өзіңнің қателігіңнен бұрын, сол қателіктің жақындарыңа тигізген зардабы қатты батады екен. Бүгін өткен өміріме қарасам, құмар ойын менен он сегіз жылымды алып кеткенін көремін. Бұл жай ғана уақыт емес. Бұл – жастық шақ, мүмкіндік, орындалмаған арман, іске аспай қалған жоспарлар.

– Осы бір ауыр соқпақты бастан өткерген жан ретінде айтыңызшы: жұртшылық мұндай адамдардың ішкі дертін, шарасыз күйін ұғуға тырыса ма, әлде тек сырттай кінәлап, теріс айналуды жөн көре ме?

– Менің байқауымша, қоғам мұндай адамдарды түсінгеннен гөрі көбірек айыптайды. Әрине, оның да себебі бар. Өйткені адамдар тәуелді адамның өтірігін, қарызын, жауапсыздығын көреді. Бірақ көп жағдайда оның ішкі күйзелісін, жалғыздығын, шарасыздығын байқамайды. Сондықтан қоғам көбіне салдарымен күреседі де, себептеріне үңіле бермейді. Меніңше, лудоманияны жай ғана жаман әдет деп қабылдау дұрыс емес. Бұл – адамның ерік-жігерін әлсіретіп, оның ғана емес, бүкіл отбасының өміріне әсер ететін ауыр тәуелділік. Мұндай адамды айыптау оңай, ал оның қандай күй кешіп жүргенін түсінуге тырысу әлдеқайда қиын.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Аружан ЕСЕНГЕЛДІ,

Л.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университеті Журналистика және әлеуметтік ғылымдар

жоғары мектебінің 2-курс студенті