Ақпарат пен технология ғасырында адам баласының қолымен жасалатын қылмыстың жаңа түрлері пайда болды. Соның бірі – интернет арқылы жеке деректерді сатып, заңсыз табыс табу. Мұны кибералаяқтық деп те атап жүрміз. 2026 жылдың басынан бері ІІМ интернеттегі алаяқтардан зардап шеккен азаматтарға 4,8 млрд теңге қайтарыпты. Ұлттық банк пен ІІМ бірлесіп, аяусыз күрес жүргізіп, 2,6 млрд теңгені заңсыз елден шығарудың жолын кескен. 150 млн-нан астам алаяқтың қоңырауы бұғатталған. Халықаралық call-орталықтар әшкереленіп, ондаған қатысушылар ұсталған. Қазақстандықтардың дербес деректерін заңсыз жолмен таратқан интернет-ресурстар жойылған. Бұл – ресми мәлімет.
Деректің даркнетте сатылғаны рас па?
Mash Telegram-арнасында 15 млн қазақстандықтың дербес деректері даркнетте (интернеттің жасырын бөлігі) сатылымға шығарылғаны туралы ақпарат шықты. Өткен жылы да қазақстандықтардың 16,3 млн жеке деректері бар басқа база туралы ақпарат тарағаны мәлім. Онда азаматтардың аты-жөні, ЖСН, туған күні, мекенжайы, телефон нөмірі, азаматтығы және басқа да мәліметтері болған. Құзырлы министрлік мемлекеттік деректер базасын тікелей бұзу оқиғасы болмағанын түсіндірді. Бір нұсқада ақпаратқа бөгде адамдар қол жеткізген заңды аккаунттар арқылы жүктеп алынғаны айтылды. Тексеруден кейін белгілі болғаны, бұл деректердің едәуір бөлігі 2022 жылы ұрланған болуы мүмкін. Енді, міне, биыл тағы дербес деректер ұрланды деген ақпарат шығып отыр. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бұл ақпаратқа техникалық тексеру жүргізіп жатқанын хабарлады. Оның ішінде ұсынылған деректер үлгілерін талдау және олардың ықтимал шығу көзін анықтау жұмысы жүргізілуде. Құзырлы ведомство электрондық үкіметтің ақпараттық жүйелерінің бұзылғаны және аталған деректер базасының тікелей eGov жүйесінен алынғаны туралы расталған ақпарат жоғын хабарлады.
«Жарияланымдарда көрсетілген ақпараттың бір бөлігі электрондық үкімет деректерінің құрылымы мен форматына сәйкес келмейді. Атап айтқанда, eGov жүйесінде жарияланымдарда көрсетілген форматтағы төлқұжаттардың скан-көшірмелері сақталмайды, ал цифрлық құжаттардың форматы өзгеше. Даркнет пайдаланушысының деректер базасының шығу тегіне қатысты мәлімдемесі eGov жүйесінің бұзылғанын растайтын дәлел бола алмайды» делінген ресми ақпаратта.
Дерек саттым, пайдаға баттым
Маусым айында Ішкі істер министрлігі ҰҚК-мен және Чехияның бақылаушы органдарымен, полициясымен бірлесіп, ауқымды арнайы операция жүргізді. Соның нәтижесінде алаяқтар дербес деректерге қол жеткізген жабық интернет-ресурс жойылды. Тергеуден мәлім болғанындай, қылмыскерлер тобы алдын ала бүге-шігесіне дейін ойластырылған жоспармен іс-қимыл жасаған. Қылмыстық топтың мүшелері сызбаны үйлестіруден бастап дербес деректерді «қолға түсіру» деп аталатын тапсырысты өңдеуге дейінгі барлық әрекетін асқан сақтықпен іске асырған. Ақшаны ел аумағынан шығаруға және қолма-қол ақшаға айналдыруға дроп-аккаунттарды пайдаланған. ІІМ-нің дерегіне сүйенсек, арам ниеттілер бір реттік сұрау салуды ұсыну және мәліметтер базасына абонент қолжетімділігін көрсету арқылы заңсыз қызмет түрлеріне прайс-парақтар орнатыпты. Бірақ олардың арам ойы іске аспады.
Қазір алаяқтар дербес деректерді әлеуметтік желілер арқылы да сатып жүр. 9 маусымда ҰҚК мен ІІМ Telegram арқылы азаматтардың жеке деректерін сатқан топтың қылмысын әшкереледі. Қазақстандықтардың дербес деректері туралы ақпарат мемлекеттік мәліметтер базасынан алынып, коллекторларға жіберілген. Осы операцияның нәтижесінде 140 адам ұсталып, оның ішінде 5-еуінің қолына кісен салынды. Алаяқтар пайдаланған 400 техника тәркіленді. Қылмыстық кодекстің 3 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Астана мен Алматы қалаларында интернет арқылы азаматтардың дербес деректерін сатқан топты құрықтағаны айтылды. Сол деректерді сатып алушылардың қатарында микроқаржы және коллектор ұйымдарының өкілдері, жекелеген азаматтар болған. Күдіктілердің жұмыс істеген жерлерін тінту кезінде көптеген техника, ақпарат сақтайтын құралдар, ақша тәркіленген. Шілде айында Ақмола облысында тағы бір қылмыстық топтың қылмысы ашылды. Алаяқтар бөтен адамдардың дербес деректерін қолданып, банктер мен шағын қаржы ұйымдарында несие рәсімдеген, заңсыз әрекет нәтижесінде 2 млрд теңге залал келтірген. Сот үкімімен топтың 21 мүшесі 5-тен 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Алматыдағы пәтерлер, сондай-ақ, Lexus LX 570, Toyota Land Cruiser 200 автокөліктері және өзге де заттар тәркіленген. Міне, осындай ақпараттарды күн сайын жаңалықтар таспасынан көп кездестіреміз. Демек, мұндай оңай жолмен табыс табатындардың саны азаймай тұр деген сөз.
Норма енгізіліп, жаза қатайды
Мемлекет азаматтардың дербес деректерін қорғауды қолға алды. Жыл басында Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында экс-сенатор Жақып Асанов жеке деректердің қорғалмауы мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіретінін ашық айтты. Смартфон мен интернетке тәуелді өмірімізде азаматтардың деректері алаяқтардың қолына түсіп, заңсыз әрекеттердің нысанына айналғанын мысал етті. Конституциялық кепілдік тек қағазда қалмай, цифрлық кеңістікте де толық сақталуы қажеттігіне тоқталды.
«Азаматтарымыздың құқығын цифрлық әлемде қалай қорғаймыз деген заңды сұрақ туады? Конституцияда жеке өмірге қол сұқпау туралы 18-бап бар. Бірақ ол қабылданған кезде бүгінгідей цифрлық әлемде өмір сүрген жоқпыз. Құжаттарымыз да, ақшамыз да қағаз түрінде қалтамызда жүретін. Ал бүгін телефон өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Бірақ дәл осы кеңістікте біз қатты осалмыз. Үйде, көшеде жүргенде заң қорғаса, ал смартфонда ондай деңгейдегі қорғаныс жоқ. Жеке дерек қолдан-қолға өтіп, азаматтар алаяқтың жемі болып жатқанын күнде көреміз. Әр адам қайда жүрсе де өзін мемлекет қорғайтынын сезінуі тиіс. Бұл – мемлекеттің тура міндеті» деп түсіндірді ол.
Наурыз айында Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жаңа Конституцияға қазақстандықтардың дербес деректерін қорғайтын норма енгізілгенін мәлімдеді. Нақты айтқанда, Ата заңымыздың 21-бабында: «Жеке өмірге қол сұғылмау, жеке және отбасылық құпия, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан, оның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы қорғау құқығына заңмен кепілдік беріледі» деп жазылған. Осы норманы жүзеге асыру үшін кодекстер (Әкімшілік құқық бұзушылық, Қылмыстық) мен заңдарды (дербес деректер, киберқауіпсіздік туралы) қоса алғанда, бірқатар заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Құзырлы ведомство жұмысты екі бағытта жүргізуде. Алғашқысы – техникалық жағынан ұйымдастыру іс-шаралары. Елімізде дербес деректерді қорғаудың заманауи құралдары қолданылады, соның ішінде деректерді бүркемелеу мен хэштеу тәсілдері бар. Жаслан Мәдиев бұл қадам деректерді техникалық жағынан қорғауға және рұқсатсыз пайдаланған кезде таралу қаупін азайтуға мүмкіндік беретінін айтады.
«Мемлекеттік деректер базасынан дербес деректерді жүктеп алуға шектеу қойылады. Ақпараттық жүйелерді интеграциялауға басымдық беріледі. Алайда жекелеген, заңмен қатаң белгіленген жағдайларды қоспағанда, мәліметтерді жүктеп алуға тыйым салынады» деп түсіндірді жаңалықты министр.
Мемлекеттік органдарда, жекеменшік секторда өңделетін дербес деректерді ретке келтіру және есепке алу мақсатымен мынадай механизм құрылады: дербес дерек операторларының тізілімі, сенімді шетелдік ақпарат алушылар тізілімі. Екінші бағыт – жауапкершілікті күшейту. Желіні қолданушылар алдындағы ашықтық пен жауапкершілікті арттыру үшін операторлар дербес деректердің таралуы туралы фактілерді уәкілетті органға да, азаматтардың өздеріне де хабарлауға, сондай-ақ, жеке деректі өңдемес бұрын уәкілетті органға жіберуге міндеттеледі. Жеке деректердің жаппай тарап кеткені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу, әкімшілік айыппұл шегін 5000 АЕК-ке (21625000 теңге) дейін көбейту қарастырылуда» деді Ж.Мәдиев.
Мемлекет не істеді?
Біріншіден, деректерді сақтаудың нақты мерзімі мен өңдеу ережесі белгіленді. Екіншіден, eGov Mobile мобильді қосымшасында азаматтардың дербес деректерін өңдеуге келісімін кері қайтарып алу тетігі енгізілді.
Үшіншіден, электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) қорғау жүйесі жетіле түсті. Бұдан былай ЭЦҚ мен парольді жазумен қатар желі қолданушылары бір реттік SMS-кодпен немесе eGov Mobile қосымшасында цифрлық жеке куәлігін көрсету арқылы ғана қызмет түрлерін пайдалана алады. Ұлттық куәландырушы орталық мамандарының пікірінше, мұндай жаңалық рұқсат етілмеген жағдайда жеке жазбалар мен дербес деректерді қорғауға септігін тигізеді.
Төртіншіден, нотариустар азаматтардың дербес деректерін заңсыз пайдаланса, лицензиясынан айырылады. Әкімшілік жауапқа тартылмас үшін олар әр адамның жеке деректерін қолданып болғаннан кейін SMS-хабарлама жіберіп, хабардар етуге міндетті.
Мәліметтердің таралғанын қалай білеміз?
Қазақстандықтар өзінің жеке мәліметтері жаппай таралып кеткен жағдайда, одан хабардар болады. Өйткені мәліметтермен жұмыс істейтін операторлардың барлығы мұндай келеңсіздік орын алған жағдайда хабарлауға міндеттеледі. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі арнайы бұйрық шығарып, ол биылғы 12 шілдеден бастап күшіне енді. Мәселен, жеке деректер қауіпсіздігінің бұзылғаны жөніндегі хабарлама заңсыздық тіркелген сәтте құзырлы ведомствоға электрондық құжат түрінде жіберіледі. Дербес деректер базасының меншік иесі және операторлар сол хабарламада жауапты тұлғаның байланыс нөмірлерін көрсетіп, заңсыздықты жоюға қатысты жасалған іс-шаралар туралы есеп беріп, зардап шеккен адамдар үшін қажетті мәліметтерді ұсынуға міндетті. Бұдан бөлек, киберқауіпсіздікке жауапты бейіндік орталық пен жанжалға жедел әрекет ететін қызметтер анықталған заң бұзушылық іс-қимылдар жөнінде үш сағаттың ішінде ресми хабарлама жасайды. Бұл ақпарат жеткен соң, уәкілетті орган электрондық үкіметтің операторына дербес деректерді қорғау бойынша болуы мүмкін тәуекелдер мен ұсыныстарын жібереді. Өз кезегінде eGov веб-порталдағы жеке кабинет немесе eGov мобильді қосымшасы не SMS-хабарлама арқылы зардап шеккен субъектілерге мәліметтің таралғаны және дербес деректер қауіпсіздігінің бұзылғаны туралы хабарлайды.
Мәліметтер интернетте, әлеуметтік желілерде таралып кеткенін қалай білуге болады? Көпшілігіміз осындай сауалға бас қатырмаймыз. Бұл жерде есте ұстайтын бір нәрсе бар. Кез келген ұйым адамның жеке деректерін пайдаланардың алдында өз келісімін сұрайды. eGov мобильді қосымшасына кіріп, «жеке деректер» деген бөлімнен дербес деректерге келісім беруді бақылау сервисінен қандай ұйымға өз рұқсатыңызды бергеніңіз туралы ақпаратты көре аласыз. Егер сіз қандай да бір компанияға рұқсат бермесеңіз немесе бұдан былай қызметін тұтынбасаңыз, онда жеке деректеріңізді қайтаруға өтініш жазасыз. Ал әлгі компания 15 күннің ішінде деректерді қайтаруға және оны қайта пайдаланбауға міндетті. Егер жеке деректеріңіз интернетте, әлеужеліде таралып кеткеніне күмәндансаңыз, eGov мобильді қосымшасындағы Nomad Guard деген сервистің қызметіне жүгінесіз. Осы сервиске кіріп, жеке сәйкестендіру нөміріңізді жазып, жауап күтесіз. Егер қандай да бір компания интернетте сіздің жеке деректеріңізді таратса я болмаса заңсыз пайдаланса, Nomad Guard-тан алған ақпаратты құзырлы құқық қорғау органдарына жібересіз.