Астана қаласында сайлауды ұйымдастыру және өткізу жұмыстары белгіленген талаптарға сәйкес жүргізілуде. Қала аумағында сайлау учаскелерінің жұмысы ұйымдастырылып, азаматтардың өз таңдауын жасауына барлық қажетті жағдайлар жасалған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Астана қаласының аумақтық сайлау комиссиясы жүйесінде барлығы 520 учаскелік сайлау комиссиясы құрылған. Оның ішінде 403 учаске азаматтардың тұрақты тіркелген жері бойынша орналасса, 117 учаске азаматтардың уақытша болатын орындарында жұмыс істейді. Уақытша учаскелердің 82-сі шетелдегі Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктерінде орналасқан.
Осылайша, Астана қаласының аумағында нақты 438 сайлау учаскесі бар. Оның 403-і тұрақты учаске болса, 35-і ауруханаларда, әскери бөлімдерде және арнайы мекемелерде құрылған уақытша учаскелер.
23 тамызда жалпы 517 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 438-і Астана қаласында, 79-ы шетелдегі Қазақстан Республикасының өкілдіктерінде орналасқан.
Сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етуге барлығы 4 263 сайлау комиссиясының мүшесі жұмылдырылды. Оның ішінде 4 214 адам учаскелік сайлау комиссияларында, 49 адам қалалық және аудандық аумақтық сайлау комиссияларында жұмыс істейді.
2026 жылғы 2 тамыздағы мәлімет бойынша Астана қаласында сайлаушылар тізіміне 1 014 817 азамат енгізілген. Биыл алғаш рет дауыс беретін жастардың саны 10 мыңнан асады.
Құрылтай депутаттарының сайлауына республика бойынша барлығы 777 халықаралық байқаушы аккредиттелген. Оның ішінде 42 шет мемлекеттен 160 байқаушы және 13 халықаралық ұйымнан 617 байқаушы бар.
Астана қаласындағы сайлау учаскелеріне бару кестесінде 67 халықаралық байқаушы көрсетілген. Сонымен қатар қала бойынша байқау қызметін жүзеге асыру үшін 23 қазақстандық үкіметтік емес ұйым аккредиттелген.
Астана қаласындағы сайлау учаскелерінде 4 мыңнан астам байқаушы өз жұмысын атқарып жатыр.
Мүгедектігі бар азаматтарға жағдай жасалған. Астана қаласында дауыс беру жасына жеткен мүгедектігі бар шамамен 7 мың азамат бар. Оларға арнайы дайындықтан өткен еріктілер көмек көрсетеді.
Сайлау күні мүгедектігі бар азаматтарды тасымалдау үшін 130-дан астам мамандандырылған автокөлік жұмыс істейді. Денсаулық жағдайына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтарға үйден дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Астана қаласы бойынша 389 азаматтан үйден дауыс беруге өтініш түскен.
Астана қаласының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бейсенбай Жұмабековтің айтуынша, сайлау процесі штаттық режимде өтіп жатыр.
«Қазіргі уақытта сайлау процесіне қатысты сайлаушылар тарапынан ешқандай шағым түскен жоқ. Дауыс беру белгіленген тәртіпке сәйкес жүргізілуде», – деді Бейсенбай Жұмабеков.