Қоғамдық көлік инфрақұрылымымен танысты

Қоғамдық көлік инфрақұрылымымен танысты

Астана қаласы мәслихатының депутаттары елорда тұрғындарын қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мәселесіне арналған мониторинг аясында көлік инфрақұрылымы нысандарын аралады.

Соның барысында қоғамдық көліктің жылжымалы құрамымен танысып, Бірыңғай диспетчерлік орталықтың жұмысын көрді. Мұнда тәулік бойы қоғамдық көлік қозғалысы басқары­лып, қозғалыс кестесінің сақталуы бақылауға алынады және түрлі жағдайға байланысты жедел әрекет ету қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік жүйесінің «Әуе­жай» станциясына дейін барып, бірінші желімен жүріп өтті. Бағыттың ұзындығы 22,4 шақырымды құрайды және 18 станцияны қамтиды. Заманауи электр пойыздары 600-ден астам жолаушыны тасымалдауға арналған, ал қозғалыс толықтай жүргізушісіз автоматтандырылған режимде жүзеге асады.

«Заманауи басқару жүйелері, цифрлық технологиялар және қауіпсіздіктің көпдеңгейлі жүйесі жолаушыларға сенімді әрі жайлы қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Tarlan Astana жүйесін бүгінде 3 миллионнан астам жолаушы пайдаланды, ал күн сайынғы жолаушылар ағыны шамамен 70 мың адамды құрайды. Бұл көрсет­кіштер жаңа көлік түрінің елорда тұрғындары үшін сұранысқа ие болып, қаланың көлік инфрақұрылымының маңызды бөлігіне айналғанын көрсетеді. Заманауи көлік инфрақұры­лымын дамыту – Астананың тұрақты дамуының және қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырудың маңызды бағыттарының бірі» деді аралау қорытындысында Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден.