(Мейрамбек Бесбаев 50 жаста)
1992 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түстім. Айтыс сахнасына апыл-тапыл басып енді шыға бастаған кезім. Сол кезде Абай атындағы №2 дарынды балалар мектебінде оқитын Тоқтар Серіковпен бірнеше айтыстарға қатар шығып, бір-бірімізбен жақсы таныс болып қалған едік. Оның үстіне екеуміз бір елдің баласымыз, әрі Серік Қалиев деген ортақ ақын тәлімгер ағамыз болған соң өзара іш тартып жүретінбіз.
Бір күні Тимирязев көшесінің бойында аялдамада автобус күтіп тұрғанмын. Тоғызыншы троллейбус келіп тоқтап, есіктерін айқара ашты. Артқы салонда шыттай киініп алған өзім қатар екі бозбаланың жүздері таныс сияқты көрінді. Салон бос. Екеуі ғана жәйбарақат әңгімелесіп тұр екен. Олар да менің қарап тұрғанымды байқады-ау деймін, назарларын маған аударды да біреуі қолын бұлғап «ішке кір» деп шақырды. Анықтап қарасам Тоқтар екен. Қуанғанымнан ештеңеге қарамай троллейбусқа қарғып мініп алдым. Қасындағы баланы бір жерден көрген сияқты шырамытып тұрмын. «Дәу де болса бұл да біздің жақтың баласы болды-ау» деп қоямын ішімнен. Бір кезде Тоқтар: «танысып қой. Бұл Мейрамбек Бесбаев деген менің досым. «Бозторғай» деген әнді шырқайтын әнші баланы білетін шығарсың?», – деді. Екі көзім тас төбеме шығып, ауызым аңқиды да қалды. «Япырай, бұл шынымен ауылда жүргенде теледидардан әнін тыңдаған, жүзін кинодан көрген атақты Мейрамбек пе? Бір көруді армандаған әйгілі баланың қасында тұрмын ба? Экраннан көрген түрі сәл өзгеріп, бойы ұзарып, мұрты тебіндепті» деп өзіммен өзім тәтті қиялға беріліп кетіппін. Тоқтар аңқылдап әңгімесін айтып, Мейрамбекке мені таныстырып жатыр. «Атакент» көрме орталығынан өткен соң троллейбустан түсіп қалдық. Сол маңайда олардың Алтынбек Қоразбаев ұстаздары әперген екі бөлмелі пәтері бар екен. Ары қарай не болғаны толық есімде жоқ. Әйтеуір, сол күнгі сабағым мен жоспарларымның бәрі адыра қалғанын ұмытқан жоқпын. Екеуінің қасында кешке дейін жастықтың желігімен желкілдеп кете беріппін. Жүрген жерлерін думанға айналдыратын жігіттермен бірге жүру маған өте қызық әрі үлкен мақтаныш болды. Ол уақытта ойламаған жерден басталған таныстығымыз ұзақ жылдар бойғы айнымас достыққа айналатынын білген жоқпыз.

1993 жылы жазда екеуі Консерваторияға оқуға тапсыратын болып, мен қолдаушы ретінде барамын деп уәде бердім. Әсіресе, қазақ әдебиеті пәнінен болатын емтихан алдында өзімше білгенімді айтып, ақыл-кеңес бермекпін. Абай атамыз айтқандай, «қайғысыз, ойсыз, кімді көрсең бәрі дос» жастамыз. Жатақханада серіліктің буымен түннің тереңіне бойлап, есепсіз тойлап кететін шақтар ғой. Таңертең сегізден қалмай баруым керек емтиханға басым зеңіп оннан кете әрең жеттім. Қанша шыдаймын десем де арсыз ұйқы таң сыза бере мені алып ұрыпты. Содан тоғызға дейін дым білмей қатып қалғанмын ғой. Қасымдағы достарымның жұлқылауымен оянып, жанталасып жетсем екі досым емтиханды тапсырып шығып қойған екен.
-Қалай болды өзі? – деймін екі көзім жыпылықтап. Бір жағынан кешіккеніме ұяттан өртеніп бара жатырмын.
- Мен бес алдым, – деді Тоқтар маңғаз қалпынан танбай.
Әрине, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін тереңдетіп оқытатын мектепті бітірген, өзі ақын, сөзі ширақ Тоқтардың жоғары баға алатынына еш күмәнім болған жоқ. Ойым тек Мейрамбекке көмектесу болатын. Сөйтсем ол оң жағына он, сол жағына он сұлуды жинап алып уайымсыз шалқып жүр. Емтиханнан менсіз де бес алыпты. Шамасы, оңтайына келетін сұрақтар түскен сияқты. Соңында емтихан алып отырған оқытушылар «сен үшін ең мықты ақын кім?» депті. Мейрамбек тосылмастан «қазақта небір ақындар бар ғой. Бірақ мен үшін мықты ақын қасымды жүрген Тоқтар Серіков!» деп жауап беріпті. Тосын сұраққа тосырқамай жауап берген балаға риза болған емтихан алушылар жауап парағына үлкен бесті қонжитып тұрып қойып берген екен. Сонымен олар Консерваторияның студенті атанып шыға келді.

Таныстығымыздың алғашқы кезеңдерінде олар мектеп оқушылары, мен студент едім. Кейін оқыған жоғары оқу орындарымыз да бөлек болды. Қазіргідей ұялы байланыс болмаған соң бір-бірімізді жылдам тауып, етене жақын дос болып кетудің реті болмады. Тек кейбір ортақ мерекелер мен жиын-тойларда, телетүсірілімдерде кездесіп қалып жүрдік. Біздің Семейдегі облыстық айтыстарға, кейбір республикалық айтыстарға Мейрамбек Тоқтармен бірге келуші еді. Одан қалса екеуі Серік Қалиев ағамыздың ҚазҰУ-дың он жетінші жатақханасындағы бөлмесіне келіп, Гаухар жеңгейдің шәйін ішіп кетіп жүретін. Олар келсе Секең көрші тұратын мені шақыра қояды. Дастархан басында ағыл-тегіл әңгіменің тиегі ағытылып, Тоқтар екеуміз тәлімгеріміздің айтыскерлік шеберлік сыныбынан өтеміз. 1997 жылы екеуін ұстазымыз, профессор Тұрсынбек Кәкішұлының 70 жас мерейтойына ертіп келгенім есімде қалыпты. «Тотықұс» пен «Жан ана» әндерін тамылжыта шырқап, академик Зейнолла Қабдолов бастаған ақсақалдардың ризашылығына бөленіп қайтқан.
Тоқсаныншы жылдардың соңына қарай Мейрамбек біраз жыл Арқаға қоныс аударып, жаңа Елорданың мәдени келбетінің қалыптасуына атсалысты. Екі мың бірінші жылы ол қайта Алматыға оралғанда мен Астанаға көшіп кеттім. Солайша ұзақ уақыт бір-бірімізден қол үзіп қалдық.

Баяғы бозбалалық кездегі достық байланыс «МузАРТ» тобы құрылған соң ғана тереңдей түсті. Сәкен мен Мақсат екеуімен бұрыннан құрдастық, достық қарым-қатынасым бар еді. Әсіресе, құрдасым Сәкен Майғазиевпен мәдени жиындарда бас қосып, жақын сыйласып жүруші едім. Үшеуінің трио болғаны тіпті жақсы болды. Топқа кейін қосылған Кенжебек ініммен де бір туғандай жарасып кеттік. Топтың директоры Ерлан Жүнісбаймен, музыкалық продюсері Арман Бексұлтанмен ажырамас досқа айналдық. Жігіттер Астанаға келсе ақын Қалқаман Сарин екеуімізді шақырып алады. Әдебиет, мәдениет, ән мен әннің мәтіні сияқты ортақ шығармашылығымызды талқылаймыз. Өзара биллиард ойнап, арасында футбол алаңдарына барып доп тепкен күндеріміз де болды. Ол бір жастық жігеріміз тасыған керемет кездер еді. Сол кезеңдерде барлығымыз шаңырақ құрып, отбасымызбен де жақын араласа бастадық.
2007 жылы Қалқаман досым тұңғышы Аянаттың бір жасқа толуына орай тұсаукесер той жасады. Сол тойға «МузАРТ» тобы толық құрамымен келді. Астаналық жігіттер жиналып тойдың алдында қонақтарды күтіп жүрміз. Дастархан басында сөз алған Мейрамбек Балғынбек Имашев екеуімізге:
-Осы сендерді жүрген жерімде менің ақын достарым бар деп елге мақтан тұтып жүремін. Алғаш сахнаға шыққаннан бері қанша ақынның сөзіне жазылған ән айттым. Қалқаман да бір-екі әніме сөз жазып берді. Сен екеуіңнің мықты ақын болғандарың не керек, достарыңның әніне бір сөз жазып бере алмасаңдар? Неге мен бұл әннің мәтінінің авторы менің досым деп айтпауым керек? – деп дүрсе қоя берді.
Көңіліміз шалқып отырған сәтте «болды, бір-екі әннен жазып береміз» деп уәдені үйіп-төге салдық. Бірақ ол сөзіміз сол жерде ұмытылды.
Той өткен соң бір аптадан кейін Мейрамбек досым хабарласып өткендегі уәде бойынша маған үш ән жіберетінін, сөзін бір аптада жазу керегін айтты. Өзі сол мезгілде Астанаға келіп алып кетпекші. Біреу төбемнен мұздай су құйып жібергендей болды. Енді шегінетін жер жоқ. Өмірі дайын әнге сөз жазып көрмеген басым уайымнан бір отырып, бір тұрдым. Жігітше уәде берген соң орындау керек. Амалсыздан отырып әндерді зерттей бастадым. Сөйтсем оның бөлек әдістемесі бар екен. Ақыры үш әннің де кілтін тауып, Біржан Асқаровтың «Сен үшін жаралғандаймын», «Түнгі сыр», Ұлықпан Жолдасовтың «Сүйіктім» әндері тыңдарманға жол тартты. Мейрамбектің сол жылы Ташкент қаласында жазылған альбомы арқылы қалың әнсүйер қауымды дүр сілкіндірді. Бұған дейін айтыс пен поэзияны ұштастастырсам деп еңбектеніп жүргенде шығармашылық айдыныма ән-өлең деген үлкен бір сала келіп қосылды. Осылайша мені эстрада дейтін музыка мұхитының миллиондаған тыңдарманына таныстырған аңыз әнші Мейрамбек Бесбаевтың нақ өзі болатын. Кейін «МузАРТ» тобының репертуарындағы оннан аса әнге сөз жаздым. Сәкен мен Кенжебектің жеке репертуарларына да өз үлесімді қостым. Мейрамбектің орындауында тағы бірнеше әніміз жарыққа шықты. Сол арқылы басқа да елімізге танымал әншілерден де сұраныс көбейді. Қазір жазылған әндердің есебінен жаңылдық.

2008 жылы «МузАРТ» тобының вокалды-инструменталды ансамбль болып қайта құрылған шағында біздің Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне менің шақыруыммен келгенінен бастап барлық шығармашылық кештерімде өздері бас болып бой көрсетуі шынайы достықтың белгісі еді. Топтың жұмыс кестесі тығыз болса да Қалқаман екеуіміздің кештерімізде алдыңғы шепте осы жігіттер жүрді. Әсіресе, алғашқы кешіміздің ұйымдастырылуына Мейрамбек үлкен қолдау жасады.
Мейрамбек пен Ерланның біздің университетке келіп оқуы өз алдына бір мақалаға жүк болатын хикая. Ол да алдағы уақытта жазылар. Қырық жылға жуық халқымыздың жүрегін қоңыр дауысымен тербеген, бүгін ердің жасы елуге толып отырған ән әлемінің аңызы Мейрамбек Бесбаев досыма ұзақ ғұмыр тілеймін!
Серікзат Дүйсенғазы, ақын,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері