«Ақбілек» романына арналды

«Ақбілек» романына арналды

Ұлттық академиялық кітапханада «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» мекемесі мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана филиалы бірлесіп қолға алған «Ай кітабы» жобасы басталды.

Бұл жобаның басты мақсаты – оқырманның кітапқа деген қызығушылығын арттыру, көркем әдебиетті кеңінен насихаттау және оқылған шығарманы терең түсініп, бірге талқылау мәдениетін қалыптастыру. Атауына келсек, айына бір кітап талқыланады. Сондықтан «Ай кітабы» атанды. Жоба оқырман мен әдебиеттің арасын жақындатып, қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға тың серпін беруге бағытталған.

Қаламгерлер, ақын-жазушылар мен әдебиет жанашырлары, оқырмандар қатысқан жаңа жобаның алғашқы шығарылымы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Жүсіпбек Аймауытов­тың «Ақбілек» романына арналды. Жобаның тізгінін белгілі қаламгер Тоқтарәлі Таңжарық ұстады. Көрнек­ті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Рақымжан Тұрысбек «Ақбілектің» жазылу тарихы, Жүсіпбек Аймауытовтың ұрпақтары жөнінде құнды деректерді ортаға салды. Жазушы Айгүл Кемелбаева мен ақын Ықылас Ожай шығармаға жан-жақты тоқталып, романның идея­лық-көркемдік мазмұнын саралады. Кейіпкерлердің болмыс-бітімі мен образдарын ашып, туындының әдеби құндылығы, көтерген мәселелері мен бүгінгі қоғам үшін маңызы туралы ой қозғады.