Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 3 қыркүйекті «Қазақтың тазысы және төбет күні» деп бекіткен. Осы айтулы күнге орай жеті қазынамыздың бірі қазақтың тазысы туралы мақаланы оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Аңдардың, құстардың, басқа да жабайы жануарлардың және олардың мекендеу ортасының сақталуын қамтамасыз етуді көздейтін әлемдегі ең белгілі және беделді ұйымдардың қатарында «World Wildlife Fund (WWF)» «International Union for Conservation of Nature (IUCN)» сияқты ұйымдар мен қорлар бар. Сондай-ақ бүкіл мемлекет қол қойып, бірлесе жұмыс істеуге келісімдерін беретін « Convention on International Trade in Endangered Species of Wild Fauna and Flora (CITES)» қатарлы халықаралық шарт бар. Бұл ұйым жойылып бара жатқан түрлердің заңсыз саудасын тоқтату үшін жұмыс істейді. Міне осындай ұйымдардың мақұлдығын алып, қызыл кітапқа кірігізіп қорғауға тұрарлық жан иесінің бірі қазақтың тазысы.
Бәрімізге белгілі, 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев твиттеріне: «Республикалық «Ана тілі» газетінен «Қазақы тазы – қазынамыз» атты тазы туралы қызықты мақаланы оқып шықтым. Расымен, тазы халқымыздың жеті қазынасының бірі, сондықтан бұл асыл тұқымды итті жоғалтып алмауымыз керек. Үкімет пен қоғамдық ұйымдар бірлесіп, тиісті іс-шараларды қолдануы қажет» деп жазып, қазақы төбеттер мен тазы иттер тұқымын сақтау және көбейту жөнінде Үкімет пен тиісті министрлікке арнайы тапсырма берген болатын. Сол тапсырма бойынша тиісті министрліктер мен құзіретті органдар тарапынан арнайы жасақталған жұмыс тобы құрылып, қазақ тазысының қадірін арттыруға кірісіп кетті. Кейін Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің «Қазақы ит тұқымдарының стандарты» туралы» 2023 жылғы 20 наурыздағы №101 бұйрығы жарияланды. Онда қазақы иттердің, атап айтқанда оның ішінде тазы мен төбеттің кеудесі, бойы, өңі, жүні, бұлшық еттері, сүйегі, құлағы, көзі, мұрны, мойны, кеудесі, алдыңғы, артқы аяғы, табаны, құйрығы, қозғалысы, басы қандай екендігі нақты суреттеліп, айтылған. Шын мәнінде өз тазымызды өзіміз заңмен қорғамасақ, бізге біреу оны қорғау туралы заң жасап бермейтіні де анық. Әрі тазыны қастерлеуіміздің еш артықтығы жоқ. Мысалы, дүние жүзіндегі кейбір елдер 26-тамызда иттер күнін атап өтеді. Оның үстіне ит тұқымдастары жалпы адамзаттың досы ретінде пайдасын тигізбесе зиянын тигізбеген жануарлар қатарына жатады. Арыға бармай-ақ, Ұлы Отан соғысы кезінде қызыл әскерлердің қатарында 70 мың ит қызметте болғанын ескерсек, ықылым заманнан адамның серігі болып келгенін дәлелдеу қиын емес. Бұл туралы кейбір тарихи деректерге сүйенсек, ежелгі Қытайдың императорлары өзін қорғау мақсатында киімдерінің жеңіне кішкентай пекинес тұқымды итті салып жүретін көрінеді. Иесіне қандай да бір қауіп-қатер төнген жағдайда әлгі ит жеңінен қарғып түсіп, шәуілдеп қарсылық көрсетіп, шабуыл жасайтын болған.
Иттерге қойылған ескерткіштер бар, қазақ тазысына қашан?
Әлемде бірнеше елде иттерге арналған ескерткіштер бар. Мысал ретінде бірінші жапониядағы Хатико ескерткіш мүсінін айтуға болады. Осы бір Токио университетінде жұмыс істейтін профессор Хидэсабуро Уэноның иті иесі өлгеннен кейін әр күн сайын иесі қайтып келмесе де, кішкентай шіркеу маңындағы станцияда өз иесін күткен. Хатиконың бұл адалдығы жапон мәдениетінде үлкен құрметке ие. Ал оның ескерткіші 1934 жылы қойылды және Жапониядағы ең танымал ескерткіштердің бірі. Одан кейін Балтимордағы «Чарли» ескерткіші (АҚШ) бар. Чарли – Америкада 9 жыл бойы қоғамдық қауіпсіздік қызметінде жұмыс істеген, оның ішінде адамдарды апаттардан құтқару, іздестіру жұмыстарына белсенді қатысқан ит. Оған 2005 жылы Балтимор қаласында мүсін орнатылды. Жалпы мұндай ескерткіштер Германияда да, Швейцарияда да бар. Тіпті басқа халықтарды айтпағанда түрік тілдес халықтардың арасында Түркияның Стамбул қаласында көшеде серуендеп жүрген, бірақ ешкімнің иелігінде емес, еркін жүрген көшелік иттерге арнап ескерткіш қойылған. Бұл мүсін, қалада көше иттерінің тарихи маңызын көрсетеді, олар қала тұрғындарының жақсы көмекшісі болып саналған. Ал 2017 жылы Түркіменстан астанасы Ашғабадта Алабайға арналған ескерткіштің ашылуын да сөзімізге тұздық қылуға болады. Өйткені сол арқылы Алабай Түркімендердің ұлттық символы болып қалды. Сондықтан да тазыны өзіміздің ұлттық иелігімізге алып, тіпті алдағы уақытта қазақ тазысына арнап бір ескерткіш тұрғызсақ та әбестік болмас. Қайта ол керісінше жетістігіміз болар еді.
Тазының иттен айырмашылығы неде?
Қазақ тазыны ит тұқымдастарының ішіндегі ең жүйрігі деп бағалап, «Дала құйыны» деген ат берген. Десе дегендей, ғылымда иттің тұмсығы қаншалықты ұзын болса, қанды салқындату қызметі соншалықты жақсы жұмыс жасайтыны дәлелденген. Алайда қазақ тазысының жүйріктігін әлем әлі білген жоқ. Білсе де мойындаған жоқ. Сол себепті де қазірге дейін әлем халқы ең жылдам ит «Стар Тайтл» деп жүр. «Стар Тайтл» сағатына 67,32 шақырымды бағындырған.
Бірақ қалай болған күнде де халқымыздың ұғымындағы ит пен тазының айырмашылығы оның жүйріктігі мен тазалығында. Дегенмен бұл екеуі де ит тұқымдасына жататын болғанымен, оларды бір-бірінен айыратын бірнеше негізгі ерекшеліктер бар. Бұл айырмашылықтар физикалық қасиеттеріне, мінез-құлықына байланысты болады. Сайып келгенде тазы дегеніміз – нақты бір тұқым, ал «ит» жалпы атау, оған әртүрлі тұқымдар кіреді.
Тазы итала қаздың баласы ма?
Тазы туралы біреулер тазқара деген құс пен құмай құстың арасынан шыққан деп өз естіген-білгендерін алға тартса, енді бірі сарыала қаздың тұқымы деген тұжырымға сендіргісі келеді. Сарыала қаздың тұқымы деген аңызды тарқатып айтар болсақ, жыл құсы болып саналатын аталған құсты кейде «итала қаз» деп те атайды. Ол ұясын өте кең салатын көрінеді. Көргендер ұясының орны үйдің орнындай деп тамсана айтады. Сарыалақаз туралы ғалымдар да көп жазған. Тіпті «Қазақ халқының дәстүрлері мен әдетғұрыптары» атты кітапта Сәкен Сейфуллиннің: «Сарыалақаздың жұмыртқасынан кейде күшік туады екен. Сол құмай болады. Оны Тәңір берейін деген адамға кез қылады. Сарыала қаздың ай сайын әйелше айызы келеді» деп жазғанын келтіреді. Міне, осыдан кейін тазыны оның баласы деуге амалыңыз жоқ. Құстай ұшқыр тазыны құс баласы десек, артық та болмас. Тағы бірде тазының түп атасын арабтармен бірге қазақ даласына келген десе, енді бірде «тазы» сөзі парсыша «таза» деген сөзді білдіреді. Сондықтан бұл атау оның жеке басына қатысты берілген дейтіндер де табылады. Аңшылар шынымен де тазының өлген малдың етін және борсық, суырдың етін жемейтінін, оны баптағанда тары бөктіріп беріп баптайтынын айтады.
Сыны мен бабы қандай?
Еліміз үшін тазы мен жүйрік аттың бабы да, сыны да бірдей. Екеуін де аялап, мәпелейді. Мысалы тазыны талдағанда оның алды-артына шығып, дене пішімін байқап, оның аяқ алысы мен қозғалыстарына аса назар аударады. Нағыз алғыр, құмай тазының белгісі – артқы екі аяғы алшақ болады, ұртының еті салбырап тұрмайды, жинақы сызылған сызықтай болып тұрады. Сонымен қатар шоқтығы биік, сан еті толық, төсі мен шонданайы арасындағы өлшем ұқсас болып шығуы керек. Өйткені төсі кең болған сайын күші көп болады. Кеудесінің биік болуы алқынбай жүгіретінін білдіреді.
– Менің білетін тазыларыма келсек, ол екі түрлі. Бірі – жарғақ құлақ, екіншісі – шашақ құлақ. Жарғақ құлақтың құлағында жүн болмайды. Ал шашақ құлақтың құлағының жүні шашақ тәрізді ұзын болады. Бұдан бөлек тазының қазақ төбетімен будандасқаннан кейінгі пайда болған тұқымына келсек, оны «дүрегей» деп атайды. Дүрегейдің терісі қалың, денесі ірі болады. Міне, бұл тазыны нағыз қасқыр алатын тазы деуге болады. Өйткені оның азуы қасқырға түскенде аяғының тарамысын қиып түседі. Бұл біздің будан тазылардың қасиеті, – дейді ит бапкері Ғабит Ескендір.
Қазақ тазының ұшқырлығын құлағының ұзындығын езуіне өлшеп салыстыру арқылы да білетін болған. Ал жылқының сыны сияқты иектері бірінен-бірі озып тұратын болса кемиек деп бағалап, асырамаған. Өйткені ол тазы болып жарытпайды деп есептеген. Қыран тазының тағы бір белгісі – құйрығы ою сияқты иіріліп келеді. Ал құйрығының ұшы тірсегіне жетпесе немесе асып кетсе, жақсы тазы болып саналмаған. Ал құйрығы қамшы сияқты болып келген түрін «тайған» деп атаған. Бірақ оның құйрығы дөңгеленбейтін болған. Бір сөзбен айтқанда, қазақ нағыз тазыны «жыланбас, түлкі тұмсық, қасқыр шеке» деп бағалап, оның мақтауын «теріс азу», «жарғақ құлақ жалықпастың өзі екен» деген сияқты сөздермен әдіптеп, «жүнді аяқ, жұмыр табан» деп еркелетіп ат қойып, айдар тағып отырған.
– Негізі тазыда көп күш бола бермейді. Бірлесіп, қауымдасып жұмыс істейді. Сондай ақылды. Оларды біз қазір тұқымына қарай құмай тазы, қаны мен түгіне қарай құны тазы, будандасқан болса дүрегей тазы, қайын қаптал деп бөліп жүрміз. Алайда біздің тазыларға деген көңіл аударуымыз енді-енді ғана жанданып келеді. Соғыс кезінде бір тазы бір ауылды асыраған. Мейлі, қалай болмасын біз тазының таза қазақы түрін сақтап қалуымыз керек. Әрі оны бағу атадан қалған аманат ретінде әр қазақтың баласының санасында жаңғырса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді саятшы, тазы танушы Динара Серікбаева.
Ал, кинологтардың айтуынша, 1939 жылы қазақ даласында 7000 тазы болса, 1990 жылы – 3000, 2005 жылы – 700, 2012 жылы 300 тазы қалғанын айтады. Одан бері де азаймаса көбеймеген көрінеді. Дегенмен тазы асыраумен айналысатындар әр облыстан шығып жатыр. Біздің міндетіміз – ғасырлар бойы сенімді досымыз болып келген осы бір мақұлықтың тұқымын сақтап қалу. Жеті қазынамыздың бірін аман-есен алып қалсақ, онда біздің байлығымыздың еселенгені сол болар еді.
– Қазақ «Иесін сыйласаң итіне сүйек таста» деп бекер айтпайды. Қазақ баласының тазысының басынан сыйпағаның оның иесінің басынан сыйпағанмен бірдей. Тіпті аталарымыз тазыны қойынына алып жатқан екен. Тазының баптауы келіссе арлан қасқырға дейін алады. Әрине мұнда иесінің бабының мықтылығына баса назар аударған жөн. Сонымен қатар қасқыр алады десе тамағынан барып орып тастайды екен, болмаса бетпе-бет айқасады екен деп ойлаудың да жөні жоқ. Өйткені қасқырды қуған тазы оның тірсегінен бірде тістеп, бірде қояберіп әбден шаршатады. Ал қасқыр ол артынан қуып жеткен сайын артына жалтақтап қараумен болады. Міне сондай қашып бара жатқан қасқырдың бір уақытта мойыны қарысып қалады. Сол орайды күткен тазы оған шабуыл жасайды. Қарап тұрсаңыз мұның өзі де оның айлакерлігін, ақылдылығын, ептілігін көрсетсе керек. Әрі қасқырды тазыдан басқа иттердің алуы да мүмкін емес. Қазақ тазының сол мықтылығы мен қасиетін танығаннан болса керек оны айырықша мәпелеген. Тіпті тазы үшін бір қыздың қалың малын беретін болған. Бұл деген сөз оның құндылығының қаншалықты екенін білдіреді. Сондықтан біз бабадан келе жатқан бай қызынамыз болған тазыны қашанда құрметтеуіміз керек, – дейді тазы танушы Динара Серікбаева.
ЫРЫМДАР МЕН ТЫЙЫМДАР
Қазақтың наным-сенімінің негізіне құрылған ырымдар мен тыйымдар көп. Солардың ішінде итке де қатысты көптеген мағлұматтар бар. Мысалы қазақтың тілі толық шықпаған, сақау немесе сөйлей алмайтын балаға «итаяқтан» ас ішкізетін болған. Міне, бұл ғұрыпты иттің күшігіне де қолданған. Нақтырақ айтсақ, тазының немесе қасқырды жалғыз алған төбет иттердің тұқымын алғанда тура бала секілді ырымдап, күшігін де өткізіп алатын болған. Сонымен қатар көктемде мал төлдеп жатқанда төлбасы өліп қалса немесе төлдердің ілесуі нашарлаған жағдайда қойдың жүнін немесе құмалағын, жылқы болса жалынан алып, кейде көгеннің бір шетінен жіп алып иттің мойнына тағып қоятын болған. Ал өздері солай істесе төлдің шығыны тоқтайды деп сенген. Ал мешел болып ауруға шалдыққан сәбилердің төсіне сүт тамызып, оны итке жалатса, ауру иттің тілімен кетеді деп ырымдаған. Сонымен қатар қазақта «көз тиеді, көздің сұғы өтіпті» деген сөз бар. Ондайды қазақ «ит ауруы» деп атап, көз тиіп ауырған адамға иттің қылын өртеп иіскетіп, күйесін баланың бетіне жағып ырымдаған.
Иә, бүгінгі таңда қазақ тазысы елімізде және шетелде де белгілі. Ол Қызыл кітапқа енгізілген жоқ, бірақ тұқымның сақталуы мен танымалдығын арттыру бағытында әртүрлі шаралар жүргізіліп жатыр.
P.S:Қазіргі кезде қалада «ит өмірде» ит жетелеп өмір сүретін жандар аз емес. Соларға қарапайым ит баққаннан көрі қазақ тазысын асыраса қандай жарасымды болар еді. Бұл бір жағынан адам қабады деп күманданбайсыз, қауіпсіз. Екінші жағынан өте таза және ақылды. Үшіншіден қазақылықтың озық үлгісін көрсеткен болар едік...