Орталық коммуникациялар қызметінің Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы 2026 жылдың тамыз айында теріске шығарылған жалған ақпараттарға шолу дайындады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Тамыз айында Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы жалған және манипуляциялық ақпарат таратқан 13 кейсті өңдеді. Көп жағдайда толықтай ойдан шығарылған сюжеттер емес, нақты оқиғалар, шешімдер мен хабарламалар бұрмаланып ұсынылды. Жалған ақпаратты шынайы етіп көрсету үшін мемлекеттік органдардың атаулары, нормативтік құжаттар, танымал компаниялар және визуалды материалдар пайдаланылды. Азаматтардың күнделікті тұрмыс тіршілігіне тікелей қатысты тақырыптар белсенді түрде пайдаланылды. Олар: табыс пен салық, әлеуметтік төлемдер, білім беру, денсаулық сақтау, дербес деректердің қауіпсіздігі және мемлекеттік қызметтерді алу.
1. МЕМЛЕКЕТТІК ШЕШІМДЕРДІҢ «СЕНСАЦИЯҒА» АЙНАЛУЫ
Каспий құбыр консорциумы (КҚК) мұнай тасымалдауды толықтай тоқтатты.
Фейк: жекелеген операциялардың уақытша тоқтатылуы мұнай тасымалдаудың толық тоқтауы ретінде бұрмаланып көрсетілген.
Факт: мұнай қабылдау және резервуарларды толтыру жұмыстары жалғасып жатыр. КҚК-ның мұнай қабылдау қуаты тәулігіне 100 мың тоннаға дейін жетеді.
Күштік құрылымдардағы кадрлық ауыс-түйіске мораторий енгізілді.
Фейк: ақпаратқа шынайылық сипат беру үшін қолданыстағы нормативтік құқықтық акті пайдаланылып, онда шын мәнінде іс жүзінде жоқ норма таңылған.
Факт: ҚР 2026 жылғы 3 маусымдағы № 295-VIII Заңында әскери қызметшілерді, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерін жұмыстан босатуға, ауыстыруға, тағайындауға немесе өзге де кадрлық ауыс-түйістерге мораторий енгізу туралы нормалар қарастырылмаған.
Банк депозиттеріндегі сыйақыға 5% салық салынады.
Фейк: салық өзгерісі туралы нақты ақпаратқа , құжатқа немесе ресми дереккөзге сілтеме жасалмай таратылған.
Факт: жеке тұлғалардың банктегі салымдары бойынша төленетін сыйақыларына жеке табыс салығы салынбайды. Үкімет мұндай салық түрін енгізуді қарастырып жатқан жоқ.
Барлық оқушыларға тегін тамақ пен мектепке дайындық төлемі беріледі.
Фейк: мемлекеттік қолдаудың әртүрлі шаралары біріктіріліп, барлық мектеп оқушыларына қолжетімді және баршаға ортақ көмек ретінде ұсынылған.
Факт: тегін ыстық тамақ пен мектепке дайындыққа берілетін материалдық көмек - мемлекеттік қолдаудың екі бөлек шарасы. Тегін тамақ 1–4 сынып оқушыларының барлығына және 5–11 сыныптардағы жекелеген санаттағы балаларға беріледі, ал материалдық көмек атаулы сипатта көрсетіледі.
Жалпы тәсіл: күрделі немесе атаулы мемлекеттік шешімдер қысқа әрі эмоциялық тұрғыдан әсерлі тұжырымға дейін жеңілдетіліп, соның нәтижесінде бастапқы мағынасы едәуір өзгереді.
2. МЕМЛЕКЕТТІК ЖҮЙЕЛЕРГЕ ДЕГЕН СЕНІМГЕ НҰҚСАН КЕЛТІРУ
eGov жүйесі бұзылып, 15 млн қазақстандықтың дерегі тарады
Фейк: ауқымды деректер таралып кетті деген жалған ақпарат мемлекеттік цифрлық жүйелердің осалдығы туралы теріс пікір қалыптастыру үшін пайдаланылған.
Факт: техникалық тексеріс нәтижесінде eGov ақпараттық жүйелерінің бұзылғаны анықталған жоқ. Даркнетте орналастырылған материалдар eGov жүйесінен жүктелмеген және мемлекеттік деректер базасының құрылымына сәйкес келмейді.
Қазақстанның энергетика жүйесіндегі апат Өзбекстанда іркілістер тудырды
Фейк: Қазақстан мен көршілес елдердің энергетикалық жүйелерінің өзара байланысы Қазақстанның тәуелділігі мен әлсіздігі ретінде бұрмаланып көрсетілген.
Факт: таратылған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
Автомектептерді есепке алу және емтихан қабылдау жеке ұйымдарға беріледі
Фейк: жүргізуші куәлігін алу жүйесіндегі ойдан шығарылған өзгеріс қабылданып қойған шешім ретінде ұсынылған.
Факт: жүргізуші куәлігін алу үшін емтихандар қабылдау функциясын жеке ұйымдарға беру мәселесі қарастырылып жатқан жоқ.
Автомектептерді есепке алу және оқу топтарын тіркеу мемлекеттік функция болып қала береді.
Жалпы тәсіл: жекелеген факт, техникалық ерекшелік немесе нақты құқық қолдану тәжірибесі контекстен үзіп алынып, мемлекеттің сенімсіздігі немесе шамадан тыс араласуы туралы кеңірек қорытынды қалыптастыру үшін пайдаланылады.
3. СЕЗІМТАЛ ТАҚЫРЫПТАР ЭМОЦИЯЛЫҚ ФЕЙКТЕРГЕ ДАЙЫН НЕГІЗ БОЛАДЫ
Медицина қызметкерлеріне балаларға екпе салғаны үшін ақша төленеді
Фейк: ойдан шығарылған дәрігерлерді ынталандыру шарасы вакцинацияға және медицина қызметкерлеріне деген сенімсіздік қалыптастыру үшін пайдаланылған.
Факт: вакцинация жүргізу медицина қызметкерлерінің тікелей лауазымдық міндеті. Олардың жалақы мөлшері екпе алған балалардың санына байланысты емес, сондай-ақ бұл үшін бөлек төлемдер қарастырылмаған.
Психиатриялық аурухана пациенттеріне қатысы қатыгездік жасалған
Фейк: шамамен 18 жыл бұрын болған оқиғаларға қатысты эмоциялық түрде сезімтал оқиға ешқандай растаушы материалдарсыз, дәлелденген факт ретінде таратылған.
Факт: кешенді тексеріс барысында сырқат адамдарға физикалық шектеулер қолдану, әсер ету шарасы ретінде дәрі-дәрмек беру және олардың қадір-қасиетін қорлайтын өзге де әрекеттер жасалғаны туралы мәліметтер растамады.
Жалпы тәсіл: сезімтал тақырыпқа жағдайды қабылдауды түбегейлі өзгертетін және аудиторияның эмоционалды реакциясын күшейтетін расталмаған бөлшек қосылады.
4. ВИРУСТЫҚ МАЗМҰН ЭМОЦИЯҒА СҮЙЕНЕДІ
BI Group компаниясының 1 000 пәтер ұтысы
Фейк: белгілі бренд пен ірі ұтыс туралы уәде ойдан шығарылған шараға көпшіліктің назарын аудару үшін пайдаланылған.
Факт: компания мұндай ұтыс ойынын жариялаға да, өткізіп жатқан жоқ. Таратылған жарияланымдарға қатысу шарттары, өткізілетін күні мен орны шындыққа сәйкес келмейді.
«Іле-Балқаш» резерватындағы жолбарыс Балқаш маңында жүр.
Фейк: қолдан жасалған сурет шынайы оқиғаның визуалды «дәлелі» ретінде ұсынылған.
Факт: жарияланған сурет табиғатқа жіберілген жолбарысқа қатысты емес және онда ЖИ көмегімен жасалған белгілер бар. Жануардың орналасқан жері GPS/GSM-қарғыбауы арқылы үздіксіз бақыланып отырады.
Жалпы тәсіл: эмоциялық немесе визуальды элемент басты дәлелге айналады да, бастапқы түпнұсқаны тексеру қажеттілігі кейінгі орынға ығысады.
ТАМЫЗ АЙЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ НЕ КӨРСЕТТІ?
1. Фейктер шынайы ақпаратты бұрмалауға негізделуде
Жалған хабарлама жасау үшін оқиғаны толығымен ойдан шығару міндетті емес. Нақты шешімнің ауқымын, шарттарын немесе контекстін өзгерту жеткілікті.
2. Ықпал етудің басты нысанасы - азаматтардың күнделікті мүдделері
Салық, табыс, әлеуметтік көмек, білім беру, денсаулық сақтау, деректер қауіпсіздігі және мемлекеттік қызметтер ақпараттық манипуляцияларға ең осал тақырыптар болып қала береді.
3. Ойдан шығарылған мазмұнды заңдастыру үшін шынайы дереккөздің беделі пайдаланылады
Бірқатар жағдайларда сенімділікті арттыру үшін мемлекеттік органдардың атаулары, нормативтік құқықтық актілер және танымал компаниялар пайдаланылады.
4. Эмоция әлі де фактіден жылдам әсер етеді
Балалар, денсаулық, ақша, қауіпсіздік және болжамды әділетсіздік туралы оқиғалар аудиторияның эмоциялық реакциясы есебінен қосымша тарайды.
5. ЖИ ойдан шығарылған оқиғаларды визуалды растау құралына айналуда
Қолдан жасалған сурет жай ғана иллюстрация емес, жалған хабарламаны растайтын дербес дәлел ретінде пайдаланылуы мүмкін. Бұл визуальды контент пен оның дереккөзін тексеруге қойылатын талаптарды күшейтеді.
НЕГІЗГІ ҚОРЫТЫНДЫ
Тамыз айындағы кейстер жалған ақпараттың әрдайым анық ойдан шығарылған дүние еместігін көрсетті. Көбіне ол нақты фактіден басталып, оған ойдан шығарылған бөлшек қосылады, контекст өзгертіледі немесе бастапқы ақпаратта жоқ қорытынды жасалады. Дәл осындай мағыналық бұрмалау жалған ақпараттың шынайы көрінуіне және әлеуметтік желілерде жылдам таралуына мүмкіндік береді.