Елордадағы ерекше концерт

Елордадағы ерекше концерт

Жуырда «Астана Опера» театрының Күләш Байсейітова атындағы Камералық залында қазақстандық жас музыканттар Камиля Исмагулова, Айша Раимхан және Ажар Раимханның «Флейта. Фортепиано. Саксофон» атты концерті өтті.

Осылайша, Вена музыка және орындаушылық өнер университетінде білім алып жүрген флейташы Камиля Исмагулова, П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының студенті пианист Айша Раимхан және Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясында білім алып жүрген саксофоншы Ажар Раимхан туған сахнада өздерінің халықаралық тәжірибесін ұсынды.

Концерт бағдарламасына Форе, Чайковский, Мендельсон, Рахманинов, Равель, Морриконе шығармаларымен қатар Энди Скоттың «Three Letter Word» туындысы мен басқа да премьералар енді. Әсіресе флейта, фортепиано және саксофонның үйлесімі көрерменге ерекше музыкалық әсер сыйлады.

Камиля Исмагулова орындаған Ян Кларктың «Zoom Tube» шығармасы флейтадағы битбокс, мультифоника, ширек тондар және басқа да заманауи орындаушылық техникаларымен ерекшеленді.

«Бұл туындыны жаттау маған оңай болған жоқ, дегенмен де оны орындаған өте қызықты. Қажетті дыбысқа қол жеткізу үшін туындының ырғағы мен қарқынын шынымен де сезіну керек», – деді Камиля Исмагулова.

Ал Ажар Раимхан саксофонның академиялық музыкадағы мүмкіндігін көрсетуге баса мән берілгенін атап өтті.

«Бұл концерт – біз үшін ерекше оқиға. Ол флейта, саксофон, фортепиано сынды тембрлері мүлде әртүрлі үш аспапты біріктіреді. Әрбіреуінің өзінің мінезі мен бояулар палитрасы бар, алайда дәл осындай үйлесімділікте таңғаларлықтай сан қырлы дыбыстау дүниеге келеді. Басқа аспаптармен салыстырғанда опера театрының сахнасында саксофонның үні өте сирек естіледі. Десе де ол академиялық музыкада әлдеқашан өзінің лайықты орнын алды, тыңдаушылардың көбі оны бұрынғыша джазбен байланыстырады. Сондықтан оның сахнада әркез пайда болуы көрермендердің айрықша қызығушылығын туғызады. Оның жағымды тембрі сондай терең әрі мәнерлі бола алады. Көрермендердің таңданысын бақылау маған әрдайым өте қызықты. Көбі саксофонды мұндай форматта алғаш рет тыңдап, оның қаншалықты сан қырлы дыбыстай алатынына шынайы тәнті болып жатады. Концерттерден кейін көрермендер өздері үшін аспапты мүлде жаңа қырынан ашқандарын айтып, жиі ағынан ақтарылады. Менің ойымша, дәл осындай жобалар таптаурын қағидаларды жоюға көмектеседі әрі академиялық музыка әлемінің қаншалықты бай екенін көрсетеді. Біз бағдарламаны академиялық музыка жанкүйерлері үшін де және онымен енді ғана таныса бастаған тыңдармандар үшін де қызықты болатындай етіп құруға тырыстық», – деп түсіндірді ол.

Музыканттың айтуынша, үш өнерпаз соңғы бес жылда шетелде білім алып, түрлі орындаушылық мектептердің тәжірибесін меңгерген.